Валюта бағамы USD: 319.42 | EUR: 339.08 | CNY: 46.59

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН  АЛАТЫН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ!

 

Елбасымыздың елді демократиялық жаңаруға бастауын, ұлттық жаңғыруға бастаған ұлттық ұран деп қабылдайық!

 

 

Елбасымыздың өкілеттіктерінің біразын Парламент пен Үкіметке беруіне байланысты демократиялық бағыттағы Конституциялық реформа жасау  мәлімдемесі елдің ұлттық санасын қалың ұйқыдан оятып жіберді десе де болады. Партиялар, қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, қоғам қайраткерлері  бұл ел тағдырындағы ең өзекті мәселеге жаппай үн қосуда.

Өткенде 30 қаңтарда алғашқылардың қатарында біз де өз пікірімізді білдірдік.

«Еліміздегі өзгерістер тек  аталмыш  өкілеттіктермен ғана шектеліп қалмауы керек.  Негізгі заңымыздағы бұл өзгерістер еліміздегі келешек кешенді  өзгерістерді тудырады деп сенеміз. Қазір қоғам барлық салада өзгерістерді күтуде. Өйткені өкілеттіктерді бөлісу барлық салада реформаларға жетелеп, қарапайым халық өмірін жақсартуға бастайды.  Президент ұсынып отырған Конституциялық өзгерістер – ел дамуының жаңа дәуірінің бастауы болуы керек. Билік қоғамның талабын ескеріп, жаңарып жатқан дүниемен бірге жаңа қадам жасады. Енді ол қадамның оңды болуына біз де, халық болып табанды талаптарымызбен өз үлесімізді қосуымыз керек емес пе? «Демократия кемшіліксіз емес, бірақ адамзат одан артық ешнәрсе ойлап тапқан жоқ»- демеп пе еді әлемге әйгілі саясаткер Уинстон Черчилль» -деп жазған едік. («Дүбірлі түзетулерді түбірлі өзгерістерге жалғастыруымыз керек») http://www.qazaquni.kz/2017/01/30/64116.html   Сонда Конституциялық өзгерістер арқасында Парламент сайлауында жеңген партия үкіметті жасақтайтын болса, ол үшін алдымен іргетас, негіз қалау керек – әділ сайлауды қамтамасыз ететін  заң да қабылдануы тиіс дегенбіз.

 

Ата Заңды өзгертпей, ТІЛДІ үйрену – СУҒА ТҮСПЕЙ  ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ…

15 ақпанда «Ақ жол» партиясы конституциялық реформаға байланысты өз ұсыныстарын Президент Әкімшілігі жанындағы комиссияға жолдады. Ұсынылған түзетулер партия Президиумы мүшелерінің,  оның парламенттік фракциясы мен облыстық филиалдары отырысының барысында талқыланды.  Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша комиссия талқылауына жіберілетін  қорытынды пакетте «Ақ жол» партиясының 18 нақты ұсынысы  беріліп отыр. Онымен http://www.qazaquni.kz/2017/02/15/64769.html сілтемесі арқылы танысуға болады.

Жалпы, жақсы, нақты  ұсыныстар жасалған. Әсіресе, қоғамда терең талқыға түскен  26-бапта инвестиция пайдасына өзгерістер енгізуді қолдай отырып, алайда Президенттің жер туралы Кодексіне заңнамалық өзгерістерді енгізуге мораторий жарияланғанына байланысты 3-ші тармақшасына: «Осы бап жер қатынастарына қатысты қолданылмайды. Жерге қатысты жеке меншік мәселелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабы 3-тармақшасымен реттеледі» дегенді  енгізу ұсынылып отыр.

Парламенттік өкілеттікті кеңейту мәселесін ең алғаш көтерген саяси партия ретінде «Ақ жол» бұл демократиялық жаңару тетіктерін де, парламенттік тергеу мәселесін де, әлеуметтік-экономикалық салада,  кәсіпкерлік, бұқаралық ақпарат құралдары қызметін заңмен қорғау, сыбайлас жемқорлыққа байланысты да нақты ұсыныстар жасаған.

Әсіресе, мемлекеттік құрылыстың негіздерін бекітетін 91-бапты Азат Перуашев келесі тармақшамен толықтыру қажет деп санайды: «Тәуелсіздіктен, Республиканың біртұтастығынан немесе аумақтық тұтастығынан бас тартуға жария түрде шақыру заңмен қудаланады».

Сонымен қатар елдің талай жылдан зарығып күтіп келе жатқан тағы бір аса маңызды мәселесі – мемлекеттік тіл мәртебесін анықтайтын  Конституцияның 7-бабы да көрініс тапты. «Ақ жол» партиясы  Конституцияның 7-бабына:  «Әркім мемлекеттік тілдік саясатты, Қазақстан халқының салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарын құрметтеуге міндетті» деген тармақ енгізуді ұсынады. Иә, түйткілі көп тіл мәселесінде бұл құптарлық ұсыныс.

Тәуелсіздік негіздері – Жер мен Тілді бөліп қарауға болмайды. Елдің көбі қазір 26-бапты талқылап кетіп, кезінде талай қоғамдық қозғалысқа арқау болған 7-бапқа жеткілікті назар аударылмай жатыр…

Сондықтан, кеңестік кезеңнен бері отыз жылға жуық теперіш көріп келе жатқан Мемлекеттік тіл мәртебесін Конституцияда айқын, жеке дара мемлекеттік статуспен шешіп алмасақ, болашақ ұрпақ алдында арымыз таза болмайды. Себебі, орнағанына 25 жылдан асып бара  жатқан Тәуелсіздігімізде  мұндай Конституцияны демократиялық даму аясында талқылау – тек біздің ұрпақтың маңдайына  бұйырып отыр!

Мен «Ақ жол» партиясы талқылауында денсаулығыма байланысты бола  алмай қалғаныма қатты өкініш білдіре отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін анықтайтын Конституцияның 7-бабынан 2-тармағын алып тастауды ұсынамын. Себебі  Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы  Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі, «Қазақ Советтік Социалистік Респуб­ли­касы» еді. Заңның аты да «Қазақ Советтік Социалистік Респуб­ли­касының Тіл туралы» Заңы болатын... Әрі осы  заңдағы «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі болып табылады»  деген бапты қабылдау кезінде  халықтың  пайыздық салмағы қатарлас еді.  Яғни қазақтар 1989 жылы 39,7 пайыз, орыстар 37,8 пайыз болатын.   Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін 1995 жылы Конституция қабылдарда  Қазақстан Республикасы осы «Қазақ Советтік Социалистік Респуб­ли­касының Тіл туралы» Заңына сүйеніп, осы кеңестік кезең талаптары шеңберінен  шыға алмай,  «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады»– деген 7-баптың 2-тармағын  қабылдап, орыс тілін тіпті, күшейтіп жіберді деуге болады… Кейін де, 1997 жылғы  «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы  кезіндегі талаппен кетті..

 Ал қазір Тәуелсіздікке ширек ғасырдан асқанда, қазақтардың саны кемінде 70 пайыздан асып кеткендіктен, бұл орыс тілі туралы талап демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр.

Бұл өзгерісті ұсыну   Тәуелсіздігіміздің 26 жылында, Азаттық үшін күрескен  Алаш қозғалысына 100 жыл толып отырған кезеңде, Елбасымыз демократиялық жаңаруды бастағанда,  демократиялық  партия «Ақ жол» үшін абырой болар еді.

Өйткені, 2012 жылы ақжолдықтар жасаған Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын Үкіметіміз өткізбей тастады. Бұл туралы кезінде баспасөзде сын мақала жазылды да. Ал 2011 жылғы мемлекеттік тілді қолдау туралы қоғамда резонанс тудырған, Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен әйгілі 138-дің хатына «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтан бастап, партияның Орталық Кеңесінің 23 мүшесі қол қойып, осы Үндеуді қолдаған Президиум Мәлімдемесін жасаған жалғыз партиямыз. Біздің партияның саяси бағдарламасында Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Қазақстан Конституциясы және ел тарихынан сынақ тапсыру талабы бар.

Елбасымыздың өзі де биылғы Жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді.»-деп мәлімдеді.  ҚР Президенті Жолдауындағы бұл сөздерді қарапайым, өмірлік қалыпқа түсірсек, «Қазақ тілінің басымдығы сақталады,  дамуына зор көңіл бөлінеді»-дегеніміз, ең  біріншіден, Конституциядан мемлекеттік тілдің дамуына басты кедергі болып отырған орыс тілі туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастау! Одан соң екіншіден, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау! Әйтпесе, 25 жыл Тәуелсіз мемлекетте мемлекеттік тілдің қалай дамығанын көрдік  қой,  ауыр халде екенін ешкім жасыра алмайды… Тек өзімізді өзіміз алдап, бір-бірімізді жұбатып қойып, «Күтумен өткен ғұмыр» болып, күн кешіп келе жатырмыз…

Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бадырайып жазылып тұрса да, екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек.

«15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» – деп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің ащы шындықты жайып салғанынан кейін де он жыл өтті?!.

 Конституциядан 7-баптың 2-ші тармағын алып тастауды талап еткен бұндай заман талабын енді бүгінде  билікке қатысы бар дейтін белгілі БАҚ-тардың өзі де  қолдауға көшуде.

Ал, 2011 жылы Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды көтерген «138-дің хаты» кезінде «Қазақ үні» газетінде бұл Үндеуді қолдағандардың саны қысқа мерзімнің өзінде 30 мыңға жуықтаған еді…

Бірақ, сол кезде билік Конституцияны өзгертуге болмайтынын айтып, халықтың талабына келіспей қойған болатын.

Енді, бүгін Елбасымыздың өзі Конституцияға реформа жасауға шақырып, демократиялық жаңаруды бастағанда,  зиялы қауымның үнсіз қалуы – болашақтың алдында кешірілмейтін қылмыс деуге болады.

Медициналық тілмен айтқанда, ауруды емдеу үшін диагнозды дәл қоюымыз керек. Біз жүрегі ауыратын адамға тұмаудың диагнозын қойып, солай емдеп келеміз.

Физикалық тілмен айтқанда, біз газды басқанмен, тежегішті жібермей келеміз.

Сол тежегіш – Конституцияның  7- бабынан орыс тілі туралы 2-ші тармағын алып тастауды ұсынамыз.

СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ  ЕШҚАШАН МҮМКІН ЕМЕС БОЛСА – АТА ЗАҢНАН  7- БАПТЫҢ 2-ТАРМАҒЫН АЛЫП ТАСТАМАЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ ДЕ ДӘЛ СОЛАЙ МҮМКІН ЕМЕС!

 

Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін   өзге ұлт өкілдері де түсінуде

2011 жылы    Конституциядан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды көтерген 138-дің хатын – заңды талапты  орыстілді өзге ұлттар да   қолдады. Сын сағаттарда парасатты кәріс қызы Клара Хан, Украин Мәдениет орталығының төрағасы Валентин Лымаренко және Николай Щербинин, Алла Платонова секілді орыс ұлтының озық ойлы өкілдері мемлекеттік тілді қолдап шықты. «Қазақ тіліне қарсылық – қазақ халқына қарсылық» деді Клара Хан ханым. «Қазақстанда қазақ тілі үстем болуы тиіс! Кез-келген мемлекет мемлекеттік тілсіз өмір сүре алмайды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің өмірі, мемлекеттің бейнесі. Бізде ол –Қазақ тілі. Бұл – Қазақстан Республикасы! Сондықтан мемлекеттік тілді бәрі білуі керек!» деп мәлімдеді Валентин Лымаренко. «20 жыл тіл үйренуге аз уақыт емес, орыстар ренжімеуі керек! Мемлекеттік тілді білмегендер, елді қалай басқарады?» деді орыс Николай Щербинин. Ал орыс қызы Алла Платонова 2011 жылы Көкшетауда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының V құрылтайында: «Қай мемлекетте тұрып өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге, құрметтеуге міндеттісің! Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау. Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып, бірақ тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!» деді. Бұны орыстың ойлы қызы Алла Платонова айтты…

Ал өскемендік белгілі ақын, «Золотое перо России» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Борис Петрович Аникин : «Я член союза писателей России. Автор нескольких поэтических сборников. Я упорно изучаю казахский язык. Считаю, что каждый человек, который проживает в Казахстане, должен знать государственный язык, чтить культуру и обычаи этой великой нации. Сам Лев Толстой и Достоевский, приклонялись перед тюрками. Анна Ахматова потомок последнего хана Золотой Орды Ахмата. Казахи великий и воинственный народ. Призываю всех изучать казахский язык!!!»-деп жазады. http://www.qazaquni.kz/?p=27285

Елдің басым пікірі мемлекеттік тілдің заңға сәйкес Конституциялық төріне шығуын қолдайтынын сол кезде қазақ тілінің дамуын қолдаушы бізге («138-дің хатын» қолдаушыларға) қарсы шыққан Гүлжан Ерғалиеваның орыс тілді Guljan.org сайтының сауалнамасы да жасыра алмады. “Как вы относитесь к инициативе исключения статуса русского языка как второго официального языка в Казахстане?” деген сауалға қатысушы бір күндегі 600-ге жуық адамның 497-сі, яғни, 90 пайыздайы “қолдаймын” деп жауап берген. Орыс тілді сайттың оқырмандары да орыстілді екенін ескерсек, бұл қоғамдағы зор нәтиже! Шамасы, сайт иелері сауалнаманы басқаша, керісінше  нәтиже күтіп жарияласа керек…

Өкінішке орай, мемлекеттік тілді қолдауға қарсы шыққандар өзгелер емес, тағы да өзіміздің қазақ зиялылары мен саясаткерлері болды. Олардың кімдер екенін мен сол 138-дің хаты жазылған кезде «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы 5 мыңдай адам жиналған, әлемге әйгілі қаламгер-қайраткер Мұхтар Шаханов ағамыз басқарған тіл туралы дәстүрлі митингіде де айттым. Бұл сөзім көптеген басылымдарда жарияланды. “АТА ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТПЕЙ, ТІЛДІ ҮЙРЕНУ – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕН ДЕГЕНМЕН БІРДЕЙ…” атты аталмыш мақаламда да бар. http://www.qazaquni.kz/?p=8911  Ал, 2004 жылы «Қазақ үні» газетіне қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттардың есімін жариялағанымызда  да, олардың 80 пайыздайы қазақтар болатын. http://www.qazaquni.kz/21922.html

Яғни, өзге ұлт өкілдері де Мемлекеттік тілді қолдау – ел бірлігін қолдау екенін сезініп, ынтымақтастық көрсетіп отыр. Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін   өзге ұлт өкілдері де түсінуде.

Тек өзіміздің қазақ тілін білмейтін қазақтар ғана қарсылық танытуы мүмкін… егер қазақтың қарғысынан әлі қорықпаса… Сондықтан, бұл жерде ұлтаралық қатынасқа сызат түседі деп босқа сезіктену негізсіз деп білемін.

Мемлекеттік тіл мәртебесін халық саны да қамтамасыз етеді

«Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында байқалды.

1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы   ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді, немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кеміген.»-дейді https://kk.wikipedia.org/wiki ашық энциклопедиясы.

Яғни,  1989 жылдан 1999 жылғы дейін он жылда халық санағында қазақтар 22,9 пайызға көбейіп, 53,4 пайыз болса, орыстар 26,1 пайызға кеміген.  Ал  2009 жылы қазақтар ресми дерек бойынша 63,1 пайызға жетті.

«2009 жылдан бері де он жылға жуықтап қалды. Шеттен келген оралмандар мен жергілікті демографияның өсімін және үлестік басымдылықты есепке алар болсақ, қазір Қазақстандағы халықтың 75%-і қазақтар деп еркін түрде топшылауға болады.

Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген. Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрап, бірақ орысша сөйлеп, іс қағаздарын орысша толтырсақ, ел ішінен ши шығып кетуі мүмкін».-деп жазады елге белгілі «Қамшы» порталы.

2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2%,  орыстар – 21,8%, өзбектер – 3%, украиндар – 1,8%, ұйғырлар – 1,4%, татарлар – 1,2% , немістер – 1,1%, корейлер – 0,6%, түріктер – 0,6% [2].

Бұндағы 2013 жылғы қазақтардың саны күмәнді.  Себебі,  2009 жылы халық санағында үкімет қазақтарды 65 пайыздан астам деп ресми жариялап алды да, кейін 63,1 пайызға кемітті.  Содан сол кездегі Статистика комитеті төрайымы қылмыстық жауапқа тартылып, елден қашып, ақыры сотталып тынды…

Ал 2017 жылғы халық санағы әлі жоқ. Әр  онжылдық санақта еліміздегі халық санына шаққанда, кемінде 10 пайызға өсіп отырғанымызды ескерсек, (1989 жылы мен 1999 жылы арасындағы он жылда   қазақтар 13,7 пайызға өсті)  қазақтың бүгінгі саны шамамен 75 пайыздай деген елдің болжамы тура келетін сияқты. Себебі, атамекенге көшіп келуші қандастарымыз да мол, керісінше тарихи отандарына көшіп кетуші орыс  ұлты өкілдері де көп. Ал «Сайлаудағы саясаткер мен статистикаға сенуге болмайды» деген қанатты сөз тағы бар. Сонда, қазақ халқы 75 пайыз деп алатын болсақ,  2013 жылғы орыстан өзге ұлттардың сандық пайызы (9,7)  осы қалыпта қалған күннің өзінде, (түркітілдес диаспораларының өсімі жоғары, олардың көбісі мемлекеттік тілді жақсы біледі), басқа халықтар (саны 1 пайыздан төмен диаспоралар) 2013 жылғы санақ бойынша 4,4 пайыз болса, онда орыс ұлтының өкілдері 10 пайызға жуық төмендейді  деп санауға болатын шығар….

Ендеше, 10-20 пайыз ғана, кезінде өзіміз отары болған ұлт диаспорасына  өзге ұлт өкілдерінен сансыз артықшылық-астамшылық  беріп, ширек ғасырдан астам әлі құлдық ұра беру – негізгі ұлт – қазақтарды тілдік кемсітушілік болып саналады.  Әрі бұл тілдік кемсітушілікті  Қазақ Елі билігінің өзінің қамтамасыз етіп келуін қалай түсінеміз! Бұл өзін сыйлайтын кез-келген мемлекетке сыйымсыз саясат.

Қазір Қазақстандағы орыс тілін білмейтін, шала білетін түпкілікті қазақтарға (көбінесе ауыл халқы)   ресми саны ғана миллионнан аса қосылған оралман ағайындарымыздың басым бөлігін  қоссаңыз, орыстілділердің санын он орап алады. Сонда Конституциядағы  орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағы  орыстардан екі-үш  есе көп халықты -негізгі ұлтты  ширек ғасырдан астам тілдік кемсітушілікке, яғни мемлекеттік тілдік кемсітушіліке  ұрындырып келеді.

 

Мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз

Ал мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне төраға болған кезде Әлихан Бәйменов мәлімдеген болатын… Сонда мемлекеттік  тілде нан сұрай алмайтындар мемлекет тағдырын шешетін мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік тілге – мемлекеттік мүддеге қарсы қызмет етіп  отыр…  Қорқынышты емес пе, сіздерге…

Ендеше, үйіңізде жата бермей, осыған жеткізген Конституцияның 7-бабы 2-тармағын тезірек алып тастау үшін Конституциялық  реформаға  үн қосыңыз!..

     Мысалы,  әкімдіктегі, министрліктегі, парламенттегі, ұлттық компаниядағы, т.б. мемлекеттік мекемедегі өзге ұлт өкілдерін  айтпағанда, өз ана тілі мен мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлер (парадокс емес пе),  тіл басқармасы қызметкерлері қазақ тілінде қағаз апарса, түсінбейді де, „орыс тіліне аударып әкел” дейді. Оған „бұл мемлекеттік тіл” ғой десең, „бізде бәрі екі тілде ғой” деп, заңымыздың бейшаралығын алдыңа тартады. „Онда өзің аударып ал!”-десең, „мен мемлекеттік тілді білмеймін?”- деп, топастығына ұялмай, қайта мақтанғандай түр көрсетеді… Оған табанының бүрі бар санаулы қызметкер ғана: „ Сенің өз ана тіліңді, қазақ тілін –мемлекеттік тілді білмеуге, өкінішке орай, құқың болса, менің де айдаладағы шетел тілін, Ресейдің тілін білмеуге құқым бар. Ал менің мемлекеттік тілді білгенім  үшін ғана маған неге артық азап, артық жұмыс – тегін аудармашылық жұмыс жүктелуі керек? Керек болса, ақша төлеп, өзің аудартып ал” деп айта алады… Ал 99 пайызы бір күрсініп алып, негізгі жұмысын жиып қойып, жыл бойы „аудармашылықпен” айналысады.

 Ал барлық мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында алдымен орыс тілінде дайындап, содан соң оны мемлекеттік тілге аудару үшін қаншама тонна қағаз, қаншама аудармашы үшін осындай дағдарысты кезеңде қандай алапат қаржы шығындалатынымыз, ең бастысы қаншама уақыт кететінін – бұның бәрі жұмыс сапасына кері әсерін тигізетінін айту тағы бір өзекті мәселенің жүгі болады.

 Президент әкімшілігінен бастап, Үкімет,  Парламент төрағаларынан бастап, министрлер, әкімдерден, барлық басшылардан бастап, мемлекеттік қызметкерлер тек мемлекеттік тілде сөйлеу үшін бізге ешқандай тіл үшін жұмсалып жатқан миллиардттардың керегі жоқ!  Тек қана   Конституцияның 7-бабы  2-тармағын талып тастау керек!

 Біріншіден, қыруар қаржы  жұмсалса да, маңдымай жатқан (себебі қажеттілік жоқ) мемлекеттік тіл дамиды. Екіншіден, мемлекеттік тілді білетін қаншама қазақстандыққа жұмыс табылады. „Орысшаға аударып әкел” деп, омалып отыратындар орын босатады…  Сонда Ресей тілінде сөйлеу, яғни Қазақ тілінде сөйлемеу деген сөз – қазақ тіліне, сол арқылы өз елінде қазаққа жұмыс бермеу деген сөз! Яғни, бұл ұлтқа жаулық емес пе? Сонда ұлтқа, яғни мемлекетке ең алдымен мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер, министрлер, әкімдер, депутаттар, ұлттық компания жетекшілері, барлық басшылар жау деген сөз емес пе бұл!  Көрнекті орыс жазушысы К.Паустовский : «Ана тілін білмеу – ұлтқа жасалған опасыздық» деп жазды сол кездің өзінде…  (МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ МИЫ ЖЕТПЕГЕНДЕР ҚАЛАЙ МИНИСТР БОЛАДЫ?..)  http://www.qazaquni.kz/2011/06/11/7602.html

Ұлт Көшбасшысы алдында Ұлттың Аманатын орындау тұр!

Тәуелсіздігіміздің 26 жылына қадам  басқанда демократиялық өзгерістерді талап еткен  Конституциялық реформа жасау тарихына тап болдық. Енді, осы жолы Елбасымыздың өзі демократиялық жаңаруды бастап жатқанда, демократиялық талап бойынша (азшылық көпшілікке бағынады) Мемлекетіміз Мемлекеттік тілін Конституцияға жеке дара статус беріп жазып алмаса, бұдан кейін қай заман, қандай кезеңге тап боламыз?!!

«Түркі халқы үшін Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым…» деген  Көк түрік қағандарындай Көк туымызды көкке өрлетіп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін бүгінгідей әлем таныған биік деңгейге жеткізген Тұңғыш Президентіміз –Ұлт көшбасшысы алдында тағы бір Ұлттық міндет, Ұлт аманаты  тұр! Ол Ұлттың арманын орындау – Мемлекеттік тіл мәртебесін әперу болып табылады! Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілі Тәуелсіздігін енді алатын кезі жетті! Өйткені, 28 жыл бойы Қазақ тілі –мемлекеттік тіл деген аты болса да, Конституцияның  орыс тілі туралы 7-бабының  2-тармағына Тәуелді болып келді.

Осы уақытқа дейін мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлемеген Елбасыға өзге ұлт өкілдері алғысын айтып, енді қазақ тілінің Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара иеленуіне өздері де қолдау жасауы тиіс! Бұл жолда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Парламентіміз, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы  қайрат көрсетуі керек!

«Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет»,-деген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі Мәңгілік дауға айналмай,  Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін, бұл Ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін  өзгеге қалдырмай, Өзі орындауы керек! Ел Елбасыдан осыны күтіп келеді!

Өйткені, Кеңес Одағының құрамынан шықпаған Бодан  кезімізде, қазақтардың саны республика халқының 39,7 пайызын құраған  1989 жылы қабылданған Тілдер туралы заң талабынан 28 жылдан соң, Бостан кезіміздің 26 жылында, 70-75 пайыз кезімізде  шыға алмасақ, ешуақытта да шыға алмаймыз?!!

ХХ ғасырдың басындағы Алаш көсемдері «Оян, Қазақ!»-деп жар салғаннан бері  бір ғасыр өтті. Биыл сол Алаштың 100 жылдығы! Тәуелсіздігімізге ширек ғасырдан асты! Енді Қашан Оянамыз? Елбасымыздың осы Демократиялық жаңаруға бастауын, Қазақтың ояна  бастауына -–ұлттық жаңғыруға шақыру деп, ұлт мүддесін ұлықтаған ұлттық ұран деп қабылдайық!

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні» газеті

 



79 пікір жазылған

Пікір жазу
  1. admin Author 16 Ақпан, 2017, 03:54

    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛАТЫН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ!
    Елбасымыздың елді демократиялық жаңаруға бастауын, ұлттық жаңғыруға бастаған ұлттық ұран деп қабылдайық!
    Ұлт Көшбасшысы алдында Ұлттың Аманатын орындау тұр!
    Ата Заңды өзгертпей, ТІЛДІ үйрену – СУҒА ТҮСПЕЙ ЖҮЗУДІ ҮЙРЕНУ…
    Мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру қажеттігін өзге ұлт өкілдері де түсінуде
    Мемлекеттік тіл мәртебесін халық саны да қамтамасыз етеді
    Мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз
    Ұлт Көшбасшысы алдында Ұлттың Аманатын орындау тұр!
    Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болуы үшін, бұл Ұлт алдындағы қасиетті парызы мен міндетін өзгеге қалдырмай, Өзі орындауы керек! Ел Елбасыдан осыны күтіп келеді!
    http://www.qazaquni.kz/2017/02/16/64823.html

    Жауап жазу
  2. Асқар 16 Ақпан, 2017, 07:04

    Өте керемет! Конституциялық реформаның түпқазығы- МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ мəртебесін көтеру деп білемін! Мақалада келтірілген дəйектердің бəрі- шындық!

    Жауап жазу
  3. Серік 16 Ақпан, 2017, 08:15

    Өте дұрыс көтерілген мәселе! Қазыбек мырза сізге Алла жар болсын!

    Жауап жазу
  4. Алтай Маукей 16 Ақпан, 2017, 13:10

    Керемет жаналык

    Жауап жазу
  5. Конакбай Кабулов 16 Ақпан, 2017, 13:24

    Жаймен болады дым жоқ еді біртіндеп деп, алдаусыратпас дейсіңба, басқа өзбектер, туркмендер әлде қашан өз тілдерін мемлекеттік тіл статусын 100% берді.

    Жауап жазу
  6. Мәди 16 Ақпан, 2017, 13:25

    Нақты дәлелдер! Бәрі шындық! Осында керітартып отырғандар, сендерге енді не керек? Әлде осы мақалаға, мемлекеттің тілдің тәуелсіздік алуына қарсысыңдар ма?

    Жауап жазу
  7. Керей 16 Ақпан, 2017, 13:28

    жаным жәй тауып қалды,керемет,алға қазақ,алға қазақстан, алға ақ жол, ел басы аман болсын.

    Жауап жазу
  8. Гаухар Калаубаева 16 Ақпан, 2017, 13:31

    Орысқұлдар қайтер екен енді , әсіресе продюсер ханым тықылдап аузын жаппайтын .

    Жауап жазу
  9. Шұғайып Сезімхан 16 Ақпан, 2017, 13:33

    Ақ жолға- ақ жол!!

    Жауап жазу
  10. Ерхан Жабагин 16 Ақпан, 2017, 13:38

    Қазыбек аға жақс жағалық. Бірақ 26 бап 1-тармақ жөнінді Ақжол неге пікірін ашық білдірмей отыр.

    Жауап жазу
  11. Дос 16 Ақпан, 2017, 13:40

    Керемет жазылыпты! 26 жылдан бері ел Елбасыдан осыны күтіп келеді! Ел болып қолдайық!

    Жауап жазу
  12. Толкын 16 Ақпан, 2017, 13:44

    Өте дұрыс! Қолдаймыз!

    Жауап жазу
  13. Baubek Kakenuly Tuleubayev 16 Ақпан, 2017, 13:46

    Тек, үстіндегілер, жоғарыдағылар соны əлі күнге дейін түсіне алмай келеді

    Жауап жазу
  14. Сәду 16 Ақпан, 2017, 13:47

    Жоғарыдағылар өздері қазақша білмегесін, түсінгісі келмейді

    Жауап жазу
  15. Батыргали Баймаков 16 Ақпан, 2017, 13:48

    Ана тілін біллмейтіндер толып тұр.қазақ тілін мемлекеттік тіл қылу қажет.25жыл уақыттары болды үйренуге.

    Жауап жазу
  16. Бақыт 16 Ақпан, 2017, 13:50

    Жоғарыдағылар, бұлай қазақтың намысына тие берсе, не боларын да білмей отыр! Уақыт жетті!

    Жауап жазу
  17. Рақымжан Тұрмағанбетұлы Ысмағұлтегі 16 Ақпан, 2017, 13:57

    Қазақ тілін мойындайтын өзге ұлт өкілдері көп қой. Кейбір аты ғана қазақ,заты қазақ емес дүбәрә жағымпаз жалтақтар . қазақша сөйлегісі келмейді, ана тілдің мәртебесін көтергісі келмейді ғой. Малдың өзі өз тілінде маңырайды!

    Жауап жазу
  18. Адилет 16 Ақпан, 2017, 13:58

    Осылай болу керек деп айқанымызға қанша болды?

    Жауап жазу
  19. Арман 16 Ақпан, 2017, 14:01

    Қазақ тілі –мемлекеттік тіл.(нүкте).
    ТІЛДІК САЯСАТ Конституциядағы 7 бап бойынша қалыптасады ,сондықтан 7 баптың 2-ші тармағын алып тастауды ҰСЫНАМЫН. Ешқандай тармақ қосылмауы тйіс.

    ШАТТАСТЫРЫП, АЛДАУСЫРАТУ БОЛМАУҒА ТЙІС.

    Жауап жазу
  20. Мария Нурсултанова 16 Ақпан, 2017, 14:01

    Керемет! Уақыт жетті! Осы баптың екінші тармағы өз міндетін атқарды.Болып жатқан реформаларды пайдаланып , бәрін түзетіп алу керек.Қазақ тілінің мемлекеттік барлық орындарында, тіпті, мекемелер мен қоғамның барлық салаларында дамымауына, сөйленбеуіне ресмилік кесел келтірді . Әрине, жас мемлекеттің даму бастамасында , сол кездегі жағдайларға байланысты барлық салаларда да кемшілік кетеді . Елге амандық берсін!

    Жауап жазу
  21. Болат Нуркадиров 16 Ақпан, 2017, 14:02

    Қазақ тілі мəңгілік тіл болу керек.Елбасыдан осыны сұраймыз.

    Жауап жазу
  22. Жанашыр 16 Ақпан, 2017, 14:07

    Уақыт жетті емес, баяғыда өтіп кетті! Бірақ ештен кеш жақсы!

    Жауап жазу
  23. Салтанат 16 Ақпан, 2017, 14:08

    Елбасы елдің зарын естісе, Ұлт Аманатын орындайды деп сенеміз

    Жауап жазу
  24. Арман 16 Ақпан, 2017, 14:34

    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ СОЛ ЕЛДІҢ ЕҢ МЫҚТЫ ИДЕОЛОГИЯСЫ.КЕЗ КЕЛГЕН МЫҚТЫ БАЙ ЕЛДЕРГЕ ҚАРАСАҚ СОЛ ЕЛДІҢ ХАЛҚЫ БІР ҰЛТТАЙ ОТАНЫНА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЖАСАЙДЫ.МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ИДЕОЛОГИЯ БОЛҒАНДЫҚТАН ЖЕТІСТІКТЕРГЕ ЖЕТКЕН.

    Жауап жазу
  25. Гүлмира Садық 16 Ақпан, 2017, 17:36

    «Қазақ үні» газеті пен порталының ашылғалы бері ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқаны көзі ашық, көкірегі ояу әрбір оқырманымызға аян. Әлеуметтік желі, ғаламтор қызметін тұтынатын барша оқырмандарымыз сайт арқылы әрбір мақаланы қалт жібермей отырса, газетіміз шалғайдағы елдімекендерге қандай да бір себептермен аз ғана уақыт кешеуілдеп жетіп жатса біздің оқырмандарымыз редакцияға хабарласып тыным бермейтінін жақсы білеміз. Өйткені біздің басылым халықтың көкейіндегі дүниені дер кезінде дөп басып айтып келеді. Әсіресе тіл мәселесі ең бір өзекті мәселе ретінде назарымыздан тыс қалып көрген емес… Әрбір оқырманымызды: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІМІЗ ТӘУЕЛСІЗДІГІН АЛАТЫН УАҚЫТЫ ЖЕТТІ! атты мақаланы зер салып оқуға шақырамын…

    Жауап жазу
  26. Нұрғали 16 Ақпан, 2017, 17:40

    Барынша таратып оқу керек. Нағыз Ел мен Елбасы жанашыры осындай Ер болсын! Рахмет Қазеке! Алла разы болсын!

    Жауап жазу
  27. Бектас 16 Ақпан, 2017, 17:59

    Жүз пайыз қолдауға тұратын талап!
    Биліктегілерден, депутаттардан сұрап сауалнама жүргізу керек, журналистерге. Қайсысы қолдайды, қайсысы қарсы екенін халық білуі керек.

    Жауап жазу
  28. Руза 16 Ақпан, 2017, 22:41

    Алла жар бола көр!

    Жауап жазу
  29. Әзімбай 16 Ақпан, 2017, 23:05

    Жүзеге асырайық

    Жауап жазу
  30. Мейрамбек 16 Ақпан, 2017, 23:13

    Ереуіл атқа ер салмай,
    Егеулі найза қолға алмай,
    Еңку-еңку жер шалмай,
    Қоңыр салқын төске алмай,
    Тебінгі терге шірімей,
    Терлігі майдай ерімей,
    Алты малта ас болмай,
    Өзіңнен туған жас бала
    Сақалы шығып жат болмай,
    Ат үстінде күн көрмей,
    Ашаршылық, шөл көрмей,
    Өзегі талып ет жемей,
    Ер төсектен безінбей,
    Ұлы түске ұрынбай,
    Түн қатып жүріп, түс қашпай,
    Тебінгі теріс тағынбай,
    Темір қазық жастанбай,
    Қу толағай бастанбай
    Ерлердің ісі бітер ме?

    Жауап жазу
  31. Бейсембай Жылубаев 16 Ақпан, 2017, 23:36

    Ұлт саны 63%-асса мемілекет моноұлтты мемілекет болып саналады.Яғный ҚАЗАҚ ЕЛІнің тілі ҚАЗАҚ ТІЛІ болу керек.

    Жауап жазу
  32. Даулет Мадиев 17 Ақпан, 2017, 00:39

    Бул бир керемет кун болайын деп тур қазақ тили тауелсиздигин алуы

    Жауап жазу
  33. Даулет Мадиев 17 Ақпан, 2017, 00:40

    Улт тауелсиздигин алып едик енди тил тауелсиздигин алсак кандай керемет болар еди.

    Жауап жазу
  34. Жексен Абдрахманов 17 Ақпан, 2017, 00:42

    ОЙПЫРМАЙ….. Біздің билік Қазақша сөйлеп кетеді дегенге сенуге қорқам, біреу өліп калғандай болып…

    Жауап жазу
  35. Нұрлан Сәдір 17 Ақпан, 2017, 00:44

    Ата Заңнан қазақ тілі мен орыс тіліне тең дәреже беретін баптарды алып тастау керек

    Жауап жазу
  36. Даулет Мадиев 17 Ақпан, 2017, 00:45

    Керемет айткандарыныз келсин. Аумин!

    Жауап жазу
  37. Гүлмира Садық 17 Ақпан, 2017, 00:47

    Дұрыс айтасыз, Махамбет. Мақала нақты дәлелді дәйектермен жазылған. Мұны жаны қазақ, қаны қазақ барша жан қолдайды деп ойлаймын….

    Жауап жазу
  38. Kamil Alimbaev 17 Ақпан, 2017, 00:50

    ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕМЛЕКЕТ ТІЛІ БОЛҒАНЫНА 28 ЖЫЛ БОЛДЫ ,ӘЛІ ӨЗ ДӘРЕЖЕСІН АЛАМАЙ ТУР ,КЕРЕК БОЛСА МИНИСТР БОЛҒАН ҚАЗАҚ АЗАМАТТАРЫ АНА ТІЛІН БІЛМЕЙДІ, ЗАНДЫ БУЗҒАН ДЕГЕН ОСЫ

    Жауап жазу
  39. Казбек Расул 17 Ақпан, 2017, 00:52

    Ел басынан ата заңның 7 бап 2тармағындағы орыс тіліне берілген мəртебелерді алып , тек қазақ тіліне мемелекеттік тіл мəртебесін толықтай иелендіріп , қазақ тіліне еркіндік беруді өтінеміз!

    Жауап жазу
  40. Алтын Уксикбай Бексеит 17 Ақпан, 2017, 00:55

    Баяғыда өткір тілді бабалар:»Е болайық,болмаса бордай тозайық,екеуінің бірін таңдайық» дейді екен шешімін таппай жатқан мəселеде.Болашақ немере шөбкреміздің тілі қазақшаға(психологиясы да) бейім шықсын. Осының жауабын мемлекет басшылары нақтылауға міндетті.

    Жауап жазу
  41. Сәду 17 Ақпан, 2017, 00:58

    «Жүз пайыз қолдауға тұратын талап!
    Биліктегілерден, депутаттардан сұрап сауалнама жүргізу керек, журналистерге. Қайсысы қолдайды, қайсысы қарсы екенін халық білуі керек.» Бекзат дұрыс айтады, сауалнама жүргізу керек журналистер.

    Жауап жазу
  42. Болатхан Өнерханұлы 17 Ақпан, 2017, 01:01

    Орыс тілін шетелге Росия барғагда немесе шетелдіктер орыстар келгендеғана қолдану керек, қазыргі кезде Қазақ елінің саны ең көп енді неге қарап отырмыз, биліктегі СССРдің қалдықтарын рахмет айтып орындарын босатыу кереу, қазақ тілді адамдарға ұстатсын билікті,сол кездеғана мемлекеттік тіл төрге шығады

    Жауап жазу
  43. Роза Алиева 17 Ақпан, 2017, 01:03

    Жыл сайын казынадан бәлендей млрд акша бөлініп жатыр, ешкандай нәтиже жоқ,сол баяғы бәз калпы.

    Жауап жазу
  44. Мирболат Дуйсенбеков 17 Ақпан, 2017, 01:04

    Алға, «Ақжол» партиясы!!!

    Жауап жазу
  45. Мирболат Дуйсенбеков 17 Ақпан, 2017, 01:05

    Жеткізіп айтқан екен. Түбіне дейін жеткіз!

    Жауап жазу
  46. Хайса Еженхан 17 Ақпан, 2017, 01:06

    Қазақ тілін ,төрге шығаратын уақыт, жетті деп ойлаймын. Бұлай түлкі бұлаң мен жалғаса берсе, білмеймін не боларын.

    Жауап жазу
  47. Ақылжан Андас 17 Ақпан, 2017, 01:06

    Айтылған жерде қалмаса болды

    Жауап жазу
  48. Айнагул Какен 17 Ақпан, 2017, 01:08

    ҚАЗАҚ елмізбе бәрі қазақша болукерек орысша шүлдірдегенді қоиаиық. орыстар қазақша үйренбесе еліне кетсін. орыстан башы қоимау керек. мутып қалдықпа орыстар қазақтарға не ,көрсетпеді желтоқсанда қаншама қазақтың обалына қалды

    Жауап жазу
  49. Назира Кекильбекова 17 Ақпан, 2017, 01:10

    Жолдауды қазақша талқылап жатқан адамды көрмедік.Ақылы түстен кейін кіретін қашанғы әдет.Астанада қазақшаңа пысқырмайды да.

    Жауап жазу
  50. Zhanabek Narov 17 Ақпан, 2017, 01:15

    Жалпы халық ұсыныс жасай алатындай электрондық нұсқасы жасалса.

    Жауап жазу
  51. Мұхтар Жанұзақ 17 Ақпан, 2017, 01:16

    25 жыл дегенде енді жетті ме? Мұншама шабан болар ма еді?

    Жауап жазу
  52. Толен Журтыбаев 17 Ақпан, 2017, 01:17

    Жүрегі ҚАЗАҚ деп соғатын презилент келмей, ана тіліміздің шын мәнінде мемлекеттік тіл болуы екіталай.

    Жауап жазу
  53. Абат Ордабайулы 17 Ақпан, 2017, 01:28

    Ozgeler tusingenmen ozimizdikiler tusinbei jatyr goi,qazaq qazaqqa oryswa soileidi.

    Жауап жазу
  54. Әзімбай Ғали 17 Ақпан, 2017, 01:30

    керемет

    Жауап жазу
  55. Жанкүйер Қазақ Елі 17 Ақпан, 2017, 01:32

    Бүгінгі мақала өте орынды, дәл уақытында шықты. Мемлекеттік тілімізді қорғамасақ, аяқ асты болатын түрі бар. Мемлекеттік тіл – ол да рәміз. Мысалы, туымызды аяқасты қылып жатса шу ете қалатын халық, тілге келгенде басқаша ұстайды өзін. Соңғы кездері әлеуметтік желіде байқағаным, жаңалықтар бірінші орыс тілде екінші мемлекеттік тілде жазылатын болыпты. Бұл үнсіз келісімге айналған сияқты («по умолчанию»). Осыны ашып беріп айқай салу керек, неге бұлай істеп жатыр, қаншалықты заңды?

    Жауап жазу
  56. Еркебұлан Дәулеткелдіұлы 17 Ақпан, 2017, 01:34

    Ондай маңызды тақырыпты басқа сайттармен бірлесе шығарған дұрыс.
    «Жалғыздың үні шықпас,
    Жаяудың шаңы шықпас».

    Осындай мәселелер болған кезде, өз ара бәсекелестікті қойып, бірлесіп жұмыс атқару керек. Басқа сайттар да өз кезегінде сіздердің еңбектеріңізді бағалап отыру керек.

    Жауап жазу
  57. Гулдана Габдешева 17 Ақпан, 2017, 01:35

    Оз тилимизди озимиз корлаган казак болдык-ау. Кайда бара жаткандарын билик басындагылары тусинбейди -ау. Намыс жок -ау жогарыдагылардын кеуделеринде.

    Жауап жазу
  58. Мади Зулпыкаров 17 Ақпан, 2017, 01:38

    Кешегі Əлихан,Мыржақып,Жүсіпбектердің басын тіккен ұлы арманы ғой,əрбір қазағымның арманы.
    Елбасымыз аман болсын,еліміз тыныш бастысы осы

    Жауап жазу
  59. Karzhaubai Reimbaiuly 17 Ақпан, 2017, 01:39

    «АҚЖОЛДЫҚТАР» ҰСЫНЫСЫН ТОЛЫҚ ҚОЛДАЙМЫН.

    Жауап жазу
  60. Толеген Оралбаев 17 Ақпан, 2017, 01:40

    Телеарналар 70пайыз орысша, окiметтегi жиындар орысша отедi. Бiз Казак халкы сойлеймiзгой орысша, неге баска улттар казакша сойлемеу керек.
    Дурыс макала косыламыз.
    Бала бакшаны кадагалау керек казак тiлiнде сойлетуге.

    Жауап жазу
  61. Жұмабай 17 Ақпан, 2017, 01:42

    Жарайсыңдар Ақжолдықтар! Біз сіздерді қолдаймыз! Рахмет Қазеке, мынадай керемет мақала үшін!

    Жауап жазу
  62. Айсулу Бекиш 17 Ақпан, 2017, 02:07

    Дұрыс айтасыз. Заңгерлер онсызда заңның жерге қатысы жоғын айтып жатыр. Қатысы жоқ екен, «жерге қатысы жоқ» деп анықтап өту керек сияқты.

    Жауап жазу
  63. Шоң бидің ұрпақтары 17 Ақпан, 2017, 09:56

    89 – жылдан осы уақытқа дейін күткеміз қашан сондай өзгеріс болады деп. Тəуелсіздік алғалы 26 жыл болды, 26 жылдан бері ормандағы қасқырдың өзі қазақша сөйлейтін заман ол.
    Əрине қолдаймыз. » Ақ жолдықтарға»-ақ жол тілейміз!
    Жалпы Кереку, Екібастұз, Қасиетті Баянауыл елінің атынан қолдаймыз!!!

    Жауап жазу
  64. Мейрамбек 17 Ақпан, 2017, 18:46

    Қолдаймыз, осындай ұлы іске ат салысуымыз үшін партияда жоқ азаматтар қандай іс-әрекеттер жасауымыз керек?

    Жауап жазу
  65. Нурбол 17 Ақпан, 2017, 19:46

    Өз тилин өлен төсегин ел басымыз аман болсын

    Жауап жазу
  66. Нурбол 17 Ақпан, 2017, 19:47

    Өз тилин өлен төсегин ел басы аман болсын

    Жауап жазу
  67. ҚАЗАҚ АНА ТІЛІ ДЕП ҚАНДАРЫ ҚАЙНАҒАН, ЖҮРЕКТЕРІ ҚАЗАҚ ДЕП ДҮРКІЛДЕГЕН ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ!!!! 17 Ақпан, 2017, 20:03

    ОЯН ҚАЗАҚ!!!!!!! Италиялық кәсіпкер-жиһан­кез Реналью Гаспирин«141 мемлекетті араладым. Өз мем­ле­к­етінде өзінің ана тілінде сөй­ле­мейтін бір бейшара халықты көр­дім. Ол – қазақ» деп жазған. ҚАЗАҚ АНА ТІЛІҢ ҚАНЫҢ БҰЛ, НАМЫСЫҢ БОЛЫП ТҰР ЖҮРЕГІҢДЕ!!!!! ҚАЗАҚ АНА ТІЛІҢ АРЫҢ БҰЛ ҰЯТЫҢ БОЛЫП ТҰР БЕТТЕ!!!!!! ҚАЗАҚ АНА ТІЛІҢДІ СІҢДІР ҚАНЫҢА, СІҢДІР ЖАС ҰРПАҚТЫҢ ҚАНЫНА!!! МІНДЕТІҢ БОЛЫП ТҰР ӘР ҚАЗАҚ!!!!!!!!
    ОЯН ҚАЗАҚ!!! ОЯН!!!!!!! КӨКІРЕГІҢДЕГІ НАМЫСЫҢДЫ ОЯТ!!!!!!!!!!! ҚАЗАҚ АТА – БАБАЛАРЫМЫЗҒА ПАРЫЗЫҢ, МІНДЕТІҢ СЕНІҢ ӘРБІР ҚАЗАҚ!!!!!!!!

    Жауап жазу
  68. ҚАЗАҚТАР 17 Ақпан, 2017, 20:13

    БҰРЫНҒЫ ӨТКЕН ЗАМАНДА ӨЛГЕН қызыл қанды империядан басшы болып қалған, қазақтардың қанын ішкен мына кәрі шал кетпей ме тез!!!!!!!!!
    НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ДЕП ҚАНЫ ҚАЙНАҒАН ҚАЗАҚТЫҢ ЕР БАТЫРЫ , ЖҮРЕГІНДЕ ҚАЗАҚ ДЕГЕН НАМЫСЫ БАР, АНА ҚАЗАҚ ТІЛІМІЗДІ МЕМЛЕКЕТ ТІЛІ ҚЫЛҒАН ҚАЗАҚ БАТЫРЫН САЙЛАЙМЫЗ ОРНЫНА!!!!!!!!
    25 ЖЫЛ МИЫМЫЗДЫ ШІРІТТІ: станымен, басқа мемлекеттің тілімен, қазақ ана тілімізді білмейтін жан жағына жалмауыздарды жинап алып нені тосып отыр тез кетсін орнын босатсын НАҒЫЗ ҚАЗАҚ БАТЫРЫНА!!!!!!!!!!!!!

    Жауап жазу
  69. Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ 17 Ақпан, 2017, 21:24

    Әй, іні-қарындастарым-ай! Өз ойыңды барынша ашық, батыл білдірудің орнына: «Құптаймыз!.. Керемет!..» деп даурығуға төселіп алдық-ау! Тәуелсіздіктің 20 жылдығында: «Қазақ тілінің «жыры» жиырма жылға созылып еді, бәтуәсіз бағдарлама жасалып, тағы он жылға созылатын болды… Егер 1991-жылы президенттікке сайланған Н:Назарбаев мырза 1993-жылы «Үкімет құзырында қызмет істеуші басқа ұлт өкілдері 2000-жылға дейін мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті! деп жарлық шығарса, біздегі орыс ағайындар көтеріліс жасамас еді, қазақ жерінде туып-өскен орыстың, басқа ұлт адамдарының Қазақстанды «Отаным!» дейтін саналысы көп. Қазақ тілін білетіндер, қазақ домбырасын тартып, қазақ әнін шырқап жүргендері қаншама!.. Ресей де алакөзімен қарамас еді…» деп мақала жаздым. Шындық сол болатын, мәселе шешімі президенттің қолында болатын. Амал не, сол «жыр» – бүгін де «жыр». «Қазақ тілінің басымдылығы сақталады», «Қазақ тілі мемлекеттік мәртебесін алатын уақыт жетті» деп бұлаңқұйрық жасау тиылмайынша, оң нәтиже болмайды. Қазақ тіліне қашан басымдылық беріліп еді? Өкімет те, үкімет те, парламент те әлі күнге орыс тілді. Олардың мөлшермен 30 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеген болады, осындай жағдайда «уақыт жетті» деге не сөз? Бұлай бола берсе, енді 5 жылдан, 10 жылдан соң тағыда «уақыт жетті» дей салуға болады. Етек-жеңі кең Ельциннің тұсында шықпаған жарлығымыз (жоғарыда айтқаным) енді Путиннің тұсында тіпті де шықпайды. Біздің жалтақ екенімізді баяғыдан білетін Путин жұмбақ жүрістер жасап, өз саясатын өткізе береді бізге. Ресеймен терезесі тең тәуелсіз мемлекетті – Украинаны бассалып, Қырымды тартып алғанға дауа бола қоймас. Собчак Ленинградтың мэрі болып тұрғанда халықаралық «Кербер қоры» кезекті мәжілісін сонда өткізді. Мәжілістің орта тұсында мінберге көпке бейтаныс жігіт шықты. Оның қала мэрінің орынбасары Владимир Путин екені хабарланды. Сол Путин бір кезде: «Ресей өз территориясына ие болуы керек… Қазақстанның Солтүстік облыстары Ресей жері еді, қайтарылмағаны өкінішті!» деп көйітті. Көпшілік таңдана дағдарды. Әлгі «шешеннің» теріс пікірін түсінбей қалысты. Алайда Ельциннің саясат жөніндегі кеңесшісі және шетелдік бір делегат шығып сөйлеп, Путиннің агрессорлық пиғылын қатты сынады. Ельциннің кеңесшісі: «Мұндай теріс ой іске аса қалса, СНГ-де ұлтаралық қақтығыс, соғыс болады!» деді. Ол оқиға туралы сол кезде Путин жайында «Ол о бастан қызылкөз еді» деп мақала шығардым (архивімде жатыр, бәрінің аты-жөндерімен). Одан кейінгі бір мақаламда Путиннің президент бола сала: «Жер шарының қай нүктесінде бір орыс жәбір көрсе, біз оны қорғайтын боламыз!» деген астамшылдығын да сынадым. Әне, сол пиғылы біздің билікті шошытты, орыс тілін біресе «ұлтаралық тіл», біресе «қарым-қатнас тілі», одан соң «ресми тіл» деп заңдастырып, мемлекеттік тіл дәрежесіне тақап қойдық. Сөйтеміз де: «Қазақ тілінің басымдылығы сақталады» дейміз. Президент былтыр ғана анау ассамблея дегенде сөйлеп, ешбір тілге басымдық берілмейтінін мәлімдеді. Бұл не? Бұл – Қазақстанның мемлекеттік тілін – қазақ тілін қақпақыл ету! Қақпақылдың қанша жылға созылары беймәлім. :oilanu:

    Жауап жазу
    • Есенғали, Антакиядан 19 Ақпан, 2017, 07:24

      ҒАБАҒА ! Шүкіржандар мен Тәубехандар һәм Сабырбайлардан : «Құптаймыз ! … Керемет !» деген даурықпандан басқа не күтесіз ?
      Әлгі көсеуші «кемеңгер» : «Осы күндеріңе шүкір етіңдер, тәубаларыңа келіңдер, сабыр етіңдер 2050 жылы мен сендерге коммунизм орнатып беремін, мен болмасам қырылып қаласыңдар !» деп 26 жылдан бері бұлардың миларын улап зомбиға айналдырған болса, не шара ?
      Президент кім ? Халық креслоға отырғызған шенеунік. Сол халықтың арқасында нанына уылдырық жағып жеп отырған шенеуніктен 26 жылдан бері талап ететін нәрсені жалынып сұрап отырған соң қапылып қалғаны емес пе ?
      Тіліңді салақтатып, қатқан наныңды суға жібітіп жеп отыра бер, қазағым.
      2050 жылы «Мәңгілік Ел» болып коммунизмде жасағаныңда тілің шығар. Оған дейін өзің мәңгілікке аттанып кетпесең, әрине ? !

      Жауап жазу
  70. Yeldos Aidarov 18 Ақпан, 2017, 21:54

    Қазақ тілін білмейтындерды, мемлекеттік жумыска алмай қойса шіркін. Қазақша сайрап шығады.

    Жауап жазу
  71. Жаныл Мусина 18 Ақпан, 2017, 23:42

    Қазақша сөйлеу қазаққа қол жетпейтін арман болды ғой. Аспандағы айға қол созғандай!!! Намыс, намыс тағы да намыс керек!!!

    Жауап жазу
  72. Cәуле 19 Ақпан, 2017, 01:43

    ұлтсызданған өзге тілде сөйлейтіндерді осы кеше ғана бір проғраммадан көріп қалдым.(жігіттер)тілі ғана емес жан дүние тəні де ұлтсыз болып кеткендіктері көрініп тұр көзге бақырайып,аянышты жəне жеркеніш)олардан үміт күтудің өзі қашпаған сиырдан уыз күту.олардан ұлт үшін қазақ үшін бір жақсылық жасар деудің өзі артық.зияннан басқа.

    Жауап жазу
  73. Медет 19 Ақпан, 2017, 01:44

    Соттағы жағдай . Арызданушы қалалық ТӘРТІП АҚ, өкілі– қазақ , жауапқа тартылушы — қазақ , сот – қазақ . Отырысқа аудармашы келіп отыр—қазақ . Сот орыс тілінде жүруде .
    Қайдан мемлекеттік тілді көріп жүрсіңдер ?.. Билікте қазақтың хас жаулары отыр

    Жауап жазу
  74. Адильбек Амиртаев 19 Ақпан, 2017, 02:25

    Мемлекеттiк тiл , мемлекет рамiздерiненде жогары болып саналады , ягни мемлектеттiк ту , ан уран, ел танба, онын барi тек кана мемлекеттiк тiл аркалы гана мартебесi бекiтiледi. Осы Казыбек Иса агама ризамын , шырылдап жан айкайын білдіреді де жүреді тiл ушiн.

    Жауап жазу
  75. Төре 19 Ақпан, 2017, 21:07

    Мен кейде НАМЫСТАН жарылып кете жаздаймын? Дүниеде біздің Мнмлекеттей, ел барма екен, Парламенті басқа мемлекеттің тілінде сөйлейтін. Бар болса айтыңыздаршы? Сорлы елдің, сорлы азаматтары!?

    Жауап жазу
  76. Айкен 20 Ақпан, 2017, 00:43

    Балық басынан шіриді. Өкімет қазақша сөйлемесе, ештеңе оңбайды. Мемлекеттік тіл деген тек атауы ғана. Баста заңды қабылдағанда дұрыс жасамады. Сол кезде тек қазақ тілінің құқығы толық болғанда бəрі дұрыс болар еді. Тура сол кезде заман аумалы-төкпелі еді, əркім өз қотырын өзі қасып жатқан кез болатын. Біздің қазақ жасқаншақ қой.

    Жауап жазу
  77. As Zhan 20 Ақпан, 2017, 18:57

    Аумин. Сəл болғанда тілімізден айырылатын едік Совет одағыдай

    Жауап жазу
  78. Мәди Сағиұлы 21 Ақпан, 2017, 00:43

    Қазақ тілі жалғыз Қазыбек Исаның ғана шаруасы емес, бәріміз де қолдайық. Қазекеңе рахмет, керемет етіп, дәлелді де, дәйекті мақала жазған.

    Жауап жазу

Пікір жазу

Сіз не дейсіз?
*

 aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa aaa Көңіл күй бейнелер авторы: IMKAZ.kz.