Қазақ мектебі барлық диаспораның интеллектуалдық ортасына айналуы тиіс
2016 ж. 29 қаңтар
2912
0
Сәвет одағы кезінде отаршылдардың саясатымен ашылған орыс мектептері осы күнге дейін қазақтың болмысын бұзып келеді. Оны бітіргендердің үлкенді аса сыйламайтын, әке-шешесіне құрметі кемшіндеу болатын орыстың тәлпіш танауға тән бірбеткей мінезін де қоса жұқтыратынын уақыттың өзі дәлелдеді.
Ең өкініштісі, Тәуелсіздік алса да, Қазақстан ұлттық тәрбиеге мүлде қайшы келетін осы мектептерді жауып, оны біртіндеп қазақ мектептерімен алмастырып, мемлекеттік маңызы бар қазақыландыру саясатын жүргізуді бастаған жоқ. Билік алдағы уақытта бұларды қазаққа қауіпті деп тауып, дүбәралар тәрбиелеп шығаратын білім ошағын біртіндеп жаба бастауы тиіс.
Керісінше, бізге түрік лицейлерінің тәлім-тәрбиесіне ұқсайтын қазақ мектептерінің санын көбейту керек. Қазақ-түрік лицейінде оқығандар шетінен иманды, биязы болып келетінін байқап жүрген шығарсыздар?.. Түлектерінің патриоттығы тағы бар.. Ондағы діни негізді қоя тұрып, осы лицейлердің тәжірибесін ұлттық мектеп құруға пайдалану қажет.
Соңғы жиырма жылда ауылдан бірде-бір атақты академик пен ойшыл шыққан жоқ. Өткенде осындағы бір жазбадан кезінде үшке оқығандардың қазір ауылдағы мектептерде мұғалім болып отырғанын оқыған едім. Оқушыларға ұрсып сөйлеп жүргендер де осылар. Себебі мектепті қызылмен бітіріп, үздік оқығандардың барлығы қазір қалада жұмыс істеп, ақша табумен әлек болып жүр. Мұндай біліммен қалай ұшпаққа жетеміз? Қазақ мектебі елдегі барлық диаспораның қазақша ойлап, қазақша сөйлейтін интеллектуалдық ортасына айналуы тиіс..
Баяғыда нацистер Францияны басып алғанда, әлдебір данышпан былай деген екен: «Францияны Гитлер жеңген жоқ, неміс мұғалімі жеңді!». Мектеп - мемлекеттің болашағы! Ұлттық саясатты осы мектептен бастамасақ, Қазақстан шата шенеуніктердің өздері айтқандай, 2050 жылға дейін келімсектердің тілінде түсінісетін дүбәра қоғамды «дамыған» мемлекеттің деңгейіне жетеді.
Ертеңін ойлаған ел, ең алдымен, ұлттық саясатын түзеп, оқушыларын тәрбиелейді....
Жолымбет Мәкіш, Фейсбук жеке парақшасынан
qazaquni.kz