«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ОҚЫРМАНЫ – 2016» АНЫҚТАЛМАҚ

Елбасы ескерткендей, «Келешекте компьютердің тұтқасын ұстағандарды кітап оқығандар басқарады». Осы орайда, ең үздік оқырмандарға қатысты деректерді сөйлетсек, атақты жазушы Н.А.Рубакин бүкіл өмірінде 250 мыңдай кітап оқыған екен. Әйгілі жазушы Мұхтар Мағауин күніне 150 бет кітап оқыса, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаев та күніне бес жүз беттік туындыны оқып тауысатын болған.

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты онлайн-байқау жариялап отыр!

Байқаудың мақсаты – кітапхана мен кітаптың мәртебесін көтеру, еліміздің үздік оқырманын анықтау.

Байқау ережесіне сәйкес, кітапхана Facebook әлеуметтік желісі арқылы дауыс беруге үздік оқырман атағына үш үміткерді ұсынды. Facebook арқылы дауыс беру 12 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Ең көп дауыс жинаған оқырман жеңімпаз атанып, диплом және естелік сыйлықтармен марапатталады.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 15 желтоқсанда сағ. 17.00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтеді.

Байқауға еліміз бойынша 16 кітапхана қатысады.

Байқауды ұйымдастырушы – Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ОҚЫРМАНЫ – 2016» онлайн-байқауына Ұлттық академиялық кітапханана атынан қатысатын үміткерлер:

1. Бектенов Мухтасиф.

Оқырман билетінің нөмірі – 50874. Техникалық ғылымдардың докторы, профессор, халықаралық педагогикалық білім академиясының академигі. Қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті физика жəне химия кафедрасының профессоры.

Ұлттық академиялық кітапхананың «Абай» академиялық залының тұрақты оқырманы.

2. Қуатхан Жарылқасын.

Оқырман билетінің нөмірі – 64609. Астана университеті филология факультетінің ІІІ курс студенті. Кітапханада ұйымдастырылған іс-шараларға да белсенді қатысатын оқырмандардың бірі.

Ұлттық академиялық кітапхананың көпшілік оқу залының тұрақты оқырманы.

3. Нұрмағамбетов Арман.

Оқырман билетінің нөмірі – 73731. Техникалық ғылымдардың кандидаты. Сондай-ақ қазіргі уақытта Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті «Экономика» факультетінің І курс докторанты.

Ұлттық академиялық кітапхананың «Ғылыми» залының тұрақты оқырманы.