Қазыбек Иса. ҚАН ІШКЕНДЕР ҚҰТЫЛЫП, ҚАРАП ЖҮРГЕНДЕР ТҰТЫЛМАУЫ ТИІС!

Қазыбек Иса. ҚАН ІШКЕНДЕР ҚҰТЫЛЫП, ҚАРАП ЖҮРГЕНДЕР ТҰТЫЛМАУЫ ТИІС!

ТУ ҰСТАП ШЫҚҚАН ЖІГІТТІ ЛАҢКЕС ЖАСАУ НЕ МАСҚАРА!


Қасиетті тарихымызға қара таңба салған Қаңтардың қанды қасіреті қайталанбауы үшін оны жасағандар түгел жауапқа тартылуы тиіс.

Мемлекеттік төңкеріс жасау шындығын бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керек.

Таразда бар болғаны бейбіт шеруде Көк ту көтеріп жүрген Мақсат Бегалиевті үйінен алып кетіп, енді 255-ші бап лаңкестікпен айыптап жатыр… 

Алматыда да оқ пен оттың ішінен, қалың түтін арасынан Көк туымызды құлатпай алып шыққан Берік Әбішевтің (суретте) басынан ауыр жараланып, жансақтау бөлімінде жатқаны желіде жүр…

“Ақ жол” фракциясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық сауалында айтылғандай, бұндай жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптау нағыз арандату, мемлекетке қарсы қасақана жасалып жатқан қастандық.

Тіпті, олардың ішінде митингіге қатыспай-ақ, ауруханада өз жарақатымен жатқандарды тұтқындап алып кетіп, түрмеде азаптау қандай заңға, қандай адамдыққа жатады? 

Ауылдан қалаға нан сұрап шыққан ұлдары жазықсыз қансырап жатқанда жалғыз сиырын сатып, адвокат іздеп сарылып жүрген әке-шешелердің зарын кім ұғады?!.

Қан ішкендер құтылып, қарап жүргендер тұтылмауы тиіс! Тек қылмыс жасағандар ғана жазаларын алуы қажет! 

Қаза тапқан бейбіт шерушілер мен ел тыныштығын қорғаушылардың бәрінің аты-жөні Тәуелсіздікті сақтап қалған Қаңтар қасіретінің құрбандары ретінде жариялануы тиіс!

Осындай ойлардың біразын “Atameken Business” телеарнасының “BASTY TAQYRYP” хабарында айттық.