ҰЛЫ АБАЙ ҰЛАҒАТЫН ҰҒЫНА БІЛЕЙІК

ҰЛЫ АБАЙ ҰЛАҒАТЫН ҰҒЫНА БІЛЕЙІК

Биылғы жайнаған жаздың тамаша айы тамыз Ұлы Абайдың тойын тойлаумен басталды. Данышпан ақын, дана хакім, ұлы ойшыл, қазақ әдебиетінің реформаторы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы ресми түрде елімізде 1 тамыздан бастап өтіп жатыр. Он күнге созылып, Абайдың туған күні 10 тамызда Жидебайда қорытындыланады. 

Иә, биыл еліміз үшін ерекше жыл - Ұлы Абайдың 180 жылдығы!

Абай десе - қазақ деп, қазақ десе - Абай деп біледі ел қазір.

"Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасын тереңнен теріп, жыр маржанын шаша білген дананың дара тұлғасын асқақтату жолындағы шаралар жыл басынан бері басталып кеткені анық.

Осыдан алты жыл бұрын Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ұлы ақын жырларын оқуға Президенттен бастап, оқушыларға дейін атсалысты. Яғни, бір жыл бойы ұлы Абай жырлары мен қарасөздерін қайта бір салмақтап, саралап, бүгінгі күні де маңызы арта түскеніне көз жеткізді.

Сол кезде ғаламды шарпыған пандемияның қысымы мен қиындығына қарамастан ұлы Абайға арналған басты шаралар мемлекет басшысының арнайы қатысуымен өткен еді. Өйткені, Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев атап айтқандай:

“Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер.

Ол – қазақтың жан-дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға.

Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы.

Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды.

Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді.

Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы.

Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.”

Иә, Абай тойы - Алаш тойы!

Биыл да Абай тойын - Ұлы ақын ұлағатын ұлттық тұрғыдан ұға білудің жарқын рухани дүниесіне айналдыра білуге ұмтылып жатырмыз.

 “Біз ұлы ойшыл Абай тойын той тойлау үшін ғана емес, ой ойлау үшін де өткізіп жатырмыз” деген Абай облысы әкімі Берік Уәли бастаған Абайлықтар Ұлы Абай тойын ақын атына лайықты тағылымды да, тартымды өтуі жолында бар күшін салып жатқаны байқалады. Бүкіл еліміз бойынша қазір Абай жырлары мен әндері ауылдағы балабақшадан Астанадағы саябақтарға дейін оқылып, шырқалуда. Өйткені, мемлекет басшысы айтқандай, Ұлы Абай аманатына адалдық - бәріміздің асыл парызымыз!

Иә, бәрі де алып абызымыздың аманатына адалдықтан шығады.  

ӘЛЕМДЕГІ АБАЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

Қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хакімжан Наурызбаев салған Алматыдағы асқақтап тұрған Абай ескерткішін елдің бәрі біледі.

Жылда Абай күні ол жерде Алматыдағы ақындар жыр оқиды.

Абай ескерткіштері мен көшелері тек елімізде ғана емес, әлемнің көп мемлекеттерінде, жиырма шақты елде бар. Бізге мәлім болғандай 11 елде Абай ескерткіші мен бюсті орнатылған. Атап айтқанда, Түркия, Германия, Франция, Швеицария, Үндістан, Қытай, Мысыр, Оңтүстік Корея, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және тб елдерде бар. Биыл жыл аяғына дейін Италияда, Римде де Абай ескерткіші ашылады екен.

Мен Ташкентке барған сайын Абай ескерткішіне сәлем бермей кетпеймін. Ал Мәскеуде болғанда, Абай ескерткішіне арнайы іздеп бардым.

ШЕТЕЛ ОППОЗИЦИЯШЫЛАРЫ АБАЙҒА ЖҮГІНДІ 

2014 жылы "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастап іссапармен Мәскеуге барғанымызда бірден Абай ескерткішіне соқтық. Ресейдегі Қазақстан елшілігі алдындағы «Чистопрудный бульвар» деген жерде екен. Онша үлкен болмаса да, ақын кескіні айшықты жасалғанын аңғарғанбыз. 

Ұлы Абайдың ескерткішіне гүл қойдық. 2006 жылы 4 сәуірде Қазақстанның тартуы ретінде қоладан жасалған ескерткіш. Авторлары – белгілі мүсінші Марат Әйнеков, сәулетшілер Валерий Романенко мен Тимур Сүлейменов. Ескерткіш құны – 162 миллион теңге. Сол кездегі бағаммен 1 миллион 250 мың доллар. Ақылман Абай терең ой үстінде отыр. Ұлы даланың ұлы ақыны асыл жыры, асып туған ақыл-ойымен әлемге танылды. Қараша ауылда туған қазақтың қара шалы бір кезде кешегі Кеңес империясының астанасы – Мәскеуде де еңселі ескерткіш болып тұратынын ойлады ма екен деймін қиялға беріліп… Бір әттеген-айы ескерткішке «Абай Кунанбаев» деп тек орыс тілінде ғана жазылыпты. Ақыр Қазақстанның өзі жасаған екен, неге Абайдың өз тілінде де: «Абай Құнанбайұлы» деп жазылмағанына қынжыласың… Мысалы, кавказ елдері немесе өзбектер осындай мүмкіндікті өмірі жібермес еді, міндетті түрде өз тілдерінде де жазар еді… 

Бізге жол бастап жүрген мәскеуліктерге 2012 жылы Ресей астанасында блогер Алексей Навальный бастап, В.Путинге қарсы митингке шыққан оппозицияның «Оккупай Абай» қозғалысы осы алаңға жиналып, қазақ ақыны Абайға келіп мұң шаққандарын айтып едім, хабарлары бар екен, қостай жөнелді. Иә, соның бірі 2012 жылы 13 мамырда ресейлік белгілі жазушылар Борис Акунин, Дмитрий Быков, Виктор Шендерович, Юлия Латыниналар бастаған он мыңдай оппозицияшылар Абай ескерткішіне кезекті марш ұйымдасырған болатын… Ресей оппозициясы Абай ескерткішіне осы кезден бастап, көңіл аударып, Абай өлеңдерінің аудармасын тауып алып, көптеп шығарып таратып, ескерткіш басында оқып жүрді… Қай кезде де әділдік іздеген халық алдымен ұлтына қарамай-ақ халық мұңын жырлаған ақынға жүгінеді екен ғой деп ойлайсың. Бар халыққа ортақ болып отырған данышпан Абайдың ұлылығына бас иесің. 

Шынында да заманынан оқ бойы озып туған ақын Абайдың құдыретіне таңғаласың. 15 миллиондай халқы бар Мәскеуде ақиқатты аңсаған халық әлемдік руханияттың алыптары, ағылшын Шекспирге емес, тіпті өз ұлтының ұлы ақыны орыс Пушкинге емес, данышпан қазақ ақыны ұлы Абайға келіп, шерін шертеді...

Ескерткіш орналасқан алаң шетінде Қазақстанның Ресейдегі елшілігі бар екен. 

Елшілік үйі төбесіндегі Көк туымызды көріп, көңіліміз өсіп қалды. Алдына суретке түстік.

2019 жылы Ташкентке барғанда өзбектің жас ақыны Фахриддин Хайит Абай ескерткішіне алып барып көрсетті. Қазақ елшілігі орналасқан ғимарат алдына салынған еңселі ескерткіш екен, ішім жылып қалды! Өзбектерде монументальды мүсін өнері жақсы дамыған. Әдебиетшілер алаңындағы Шығыстың ұлы ақыны Әлішер Науайыдан бастаған қаламгерлерге орнатылған ескерткіштерді көрсең, әуесің кетіп, басың айналады...

2023 жылы барғанда да тура Абай күніне тура келіп, Абай ескерткішіне бардым. Абайға арналған жырымды оқыдым.

АЛТАЙҒА ҰЛЫ АБАЙМЕН ҰЛТТЫҚ РУХ ТА КЕЛДІ

Өзіміздің Өскемендегі Абай ескерткішінің қалай салынғанынан да хабарым бар. Ол ескерткіштің тұрғызылуына сол кездегі Шығыс Қазақстан облысы әкімі, белгілі мемлекет қайраткері, еліміздегі бес облысты басқарған жалғыз әкім, марқұм Бердібек Сапарбаев пен сол кездегі Өскемен қаласының әкімі, руханиятқп қамқор рухы биік қайраткер Ислам Әбішев тікелей бастамашы болды.

Абай ескерткішінің тұрғызылуында әсіресе, қала басшысы Ислам Әбішевтің қарымдылығы мен батылдығы үлкен рөл атқарды. Өйткені ол Абай ескерткішінің орнында бұрын коммунистер көсемі Лениннің ескерткіші тұрған болатын. "Красный Восток" аталған, Кремльге қарап сағатын түзейтін Өскемен қаласында пролетариат көсемінің ескерткішінің орнына ұлы Абайдың ескерткішін орнату бұрын ешкімнің ойына да, түсіне де кірмеген еді… Сондықтан үлкен кедергілерге кездескені, жергілікті кертартпа күштердің қатты қарсылығына тап болғаны белгілі.

“Мұнда Абайдың не керегі бар, орыс офицері Майковтың ескерткішін қояйық” деген өзге ұлт өкілдеріне, тіпті өзіміздің кейбір мәңгүрттер де қосылғанда, олардың қалам ұстаған біреуін қала әкімі Ислам Әбішев шақырып алып: “Абайға қарсы тұрғандарды қарғыс атады. Ол қарғыс сенің үрім-бұтағына кетеді” – деуге дейін барды. Бұл Абай ескеркішінің тұрғызылуына облыс пен қала басшыларының қаншалықты қажыр-қайрат жұмсағанының шет-жағасын көр­сетсе керек.

Сондықтан Тәуелсіздік алғанына жиырма жылға жуықтаса да, Кеңестің елесінен арылмаған елде наразылық күшейіп кетпеу үшін ескерткіш барынша тез, қысқа уақытта дайын болды. Әрі қалыптасқан қасаң саясатқа сай бұнымен қатар орыстың ұлы ақыны Пушкиннің де бюсті тұрғызылды…

Сөйтіп, қысқа уақытта ұлы Абайдың алып ескерткіші асқар Алтай аясында асқақтап шыға келді. Бұрынғы Ленин ескерткішінен де (қай жерде де күн көсемнің ескерткіштері үлкен болатыны белгілі) анағұрлым биік болып жасалды. Асқар Алтайда асқақтаған Абай­дың алып ескерткішінің биіктігі 14 метр, салмағы 5 тонна. Оған облыс бюджетінен 60 миллион теңге бөлінді. 

Облыс әкімдігінің алдындағы бұрын Ленин тұрған бас алаңда енді Тәуелсіз Қазақ елінің бас ақыны Ұлы Абайдың тұлғасы тұр.

Абай ескерткішінің авторы, белгілі мүсінші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ескен Сіргебаев.

Алтайда Абай ескерткішінің ашылғаны – Алашта ақ түйенің қарны жарылғаны еді!..

  Республикалық «Шығыс шынары» жыр мүшәйрасы алғаш өтіп, Алтай баурайы жырға бөленгенде, қазақ әдебиетінің классигі Қабдеш Жұмәділов бастаған тарландардың: «Өскеменге Абай келді. Одан соң Абайдың інілері келді»-деп қуанғаны бұл зор рухани шараның Тәуелсіз Қазақстанымыз бен ұлтымыз үшін қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек!

Абай ескеркішін ашылуына көршілес елдерден де біраз қаламгер арнайы келген еді. Тәжіктің саңлақ ақыны Сафар Абдулло, қазаққа елшілігімен де белгілі қырғыз шайыры Ақбар Рысқұлов, орыс ақыны Александр Радионов Ұлы Абай жырының әлемдік мән-маңызын әңгімеледі.

Қазақтың аузы дуалы абыздарының бірі, тарлан сыншымыз Тұрсынбек Кәкіш: 

"Бұл Абайға ғана қойылып жатқан ескерткіш емес, еліміздің тәуелсіздігінің белгісі. Оның үстіне ескерткіштің мынау Қытайға қарай, Ресейге қарай өр Алтайдың төрінде тұруының өзі – қуанышты жағдай. Және бұл Өскеменге қазақ рухының, қазақ ұлтының намысы жеткендігінің үлкен белгісі деп білемін” – деп, әдеттегідей турасын айтты.

Асқар Алтайда асқақтап тұрған Абай ескерткішін көрген сайын сол бір керемет рухты кезең еске түседі.

Иә, биыл Абайдың 180 жылдығы болғандықтан, көп жерлерде Абай ескерткіші мен бюстері ашылуда. Суретшілер ұлы ақын портреттерін салуда. Бұл жолда бірізділік болғаны дұрыс.

АБАҚТЫДА ОҚЫЛҒАН АБАЙ ЖЫРЫ 

2019 жылы мемлекеттік Су ресурстарын дамыту бағдарламасынан триллион теңге үнемдегені үшін Ислам Әбіштің жазықсыз жала жабылып, түрмеге түсуі қоғамда зор резонанс тудырды. Оған "Қазақ үні" сайтындағы Ислам Әбішке араша сұрап, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа жазған Ашық хатты қолдап, ұлт зиялылары бастаған 200 мыңнан астам адам қол қойғаны да дәлел бола алады.

Барлық сот отырыстарында да елдің белгілі зиялылары мен тілектестері толып отыратын Ислам Әбіштің әр соты Қазақ тілін қорғау және Қазақ жырын қолдау алаңына айналып кетіп жүрді.

Сотты жүргізген судья Қ.Мекемтасты өзі шығарған қаулысы екі бет қағаздан Қазақ тілінен 76 қате жібергені үшін екі рет, оған араша түсуші сот Шаяхметованы да қазақша сөйлей алмағаны үшін бір рет, жалпы үш рет сотқа сенімсіздік білдірілді. Бұл Қазақ соты тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға!

Сот залындағы осындай үзілістерде жыр мүшәйрасын Ислам көкеміздің өзі бастап жібереді. Ұлы Абайдан бастап, Дағыстанның ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың жырымен қостап, қазақтың белгілі ақындарының біразының құлағын шулатады. Содан соң қоршау терезенің ар жағынан:

“Ал ақын Қазыбек Иса не дейтінін тыңдаңдар” деп:

“Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,

Кетіп қалдым бір күнде…

Немкеттілеу ағайын,

Неге кеттім, білдің бе»-

деп, менің белгілі өлеңімді де нәшіне келтіріп тұрып, шабыттанып оқып береді. Содан соң залда отырған ақындардан өлең сұрайды. Мен өз кезегімде Исекеңнің өзіне арналған 

«ЕРДІҢ ҚҰНЫ – ТРИЛЛИОН!» атты жырымды оқып беремін.

Мұны естіген қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Исекең туралы арнайы мақала, айшықты жыр жазған Темірхан Медетбек: «Сот залын мүшәйраға айналдырып жібергенсіңдер ме? Жыр оқылған жерде жақсылық болады. Жақсылықтан басқа жасағаны жоқ Ислам ініміз жайлы жақсы хабар күтеміз»-деп хабарласып жатады...

Мен бұл сот залындағы жыр оқылуын неге еске салып отырмын?!.

2018 жылы ақын Серік Сейтманның бастамасымен Алпамыс батыр жырын бүкіл еліміз оқып шығып еді. 2019 жылы ұлы Абайдың 2020 жылғы 175 жылдығына байланысты өлеңдерін оқуды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бастап, оны елдің бәрі жалғастырып әкетті. Белгілі саясаткер Әлихан Баймен Абай өлеңін нақышына келтіріп оқып, эстафетаны маған да жолдаған еді. Әлекеңнің эстафетаны жолдаған төрт адамының ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасы Алик Шпекбаев та бар екен... Менің де ұлы ақынымыздың төрт өлеңін оқып, жолдаған төрт адамымның бірі - халық қазынасынан триллион үнемдегені үшін түрмеге түскен, Шпекбаев басқаратын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі тергеушілері ешқандай дәлел таппаса да, екі рет инфаркт алса да, үйқамаққа да шығармай қамауда ұстап отырған, әкімдердің ақыны атанған, абақтыда намазын ұмытпай, Абай жырларын суытпай оқып жатқан Ислам Әбіш болды. Абай жырын оқу эстафетасын түрмеде қарсы алған Исекең адвокаты Абзал Құспанға Абай жырын жатқа оқып береді. Абай түгілі құдайда да шаруасы жоқ тастүрмедегі тастай күзетшілер оны видеоға жазып алатын телефон құралын пайдалануға рұқсат бермей қояды. Абай атамыздың: «Қайран сөзім қор болды-ау!..»- деген шумағын еріксіз айтуға мәжбүр болған Исекең Абзалға өзі оқыған жырды елге жеткізуді тапсырады.

Абзал Құспан аманатты орындап, Абай жырын оқып, бейнебаянға түсірді. Ол "Қазақ үні" ұлттық порталында жарияланды. 

Сонымен Ислам Әбіш абақтыда жатса да Абай жырын оқыды. Ал Алик Шпекбаев өзіне жолдаған Абай жырын оқыды ма, оқымады ма, ол жағы беймәлім... 

МАХАББАТ, ҚЫЗЫҚ МОЛ ЖЫЛДАР…

Абай аты аталғанда әдебиетімізге байланысты Қазақ поэзиясының тұңғыш реформаторының атына “тұңғыш” деген сөз жиі айтылады.

Абай атына тағы бір тұңғыш деген сөзді қосудың реті келіп тұрған секілді. 

“Құдай-ау, қайда сол жылдар?

Махаббат қызық мол жылдар…

Ақырын, ақырын шегініп,

Алыстап кетті-ау құрғырлар”- деп толғаған маржан жырында Абай қазақ әдебиетінде “Махаббат” деген сөзді тұңғыш рет қолданушы деп ойлаймын. Өйткені Абайға дейінгі ақындардан “Махаббат” деген сөзді көзім шалмапты… Мүмкін, мен қателесермін…

“Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма? 

Махаббат, ғадауат пен майдандасқан, 

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?..

Жүрегіңнің түбіне терең бойла, 

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла. 

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, 

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!-

деп, күңіреніп өткен Ұлы Абайдың жүрегін ұғу, жанын, жұмбағын түсіну кез келген адамға бұйыра бермес тереңдік екені рас.

БЕС ДҰШПАН ІСТЕН БЕТЕР ІС…

Қазір "қорқыт дегенде, осылай қорқыт дедім бе?" дегендей, кейбір әсіре белсенділеріміздің Абайдың "Орыс тілін білу керек" деген сөзіне жармасатындары көбейді. Ұлы Абай егер қазақтар болашақта, тіпті Тәуелсіздік алғанына 30 жылдан асса да, өз тілін ұмытып қалатынын білгенде, халқын ілім-білімге шақыру үшін пайдаланған бұл сөзін айтпас еді деп ойлаймын. Қазақты еліктеу, солықтаудан, соның ішінде кесір-кесепат, кедергі, келеңсіздіктен тыйып, "Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ” -

Бес дұшпан істен сақтандырып, негізгі "Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой” – Бес асыл іске шақырып келген ұлы ақын һәм хакім ең басты мерездіктен - “бес дұшпан істен” де бетер іс - ұлтты өз тілін ұмытып қалудан сақтандырар еді... Ол заманда Еуропалық дамуға шығар жолда жатқан ең үлкен іргелес ірі елдің үстінен аттап немесе ұшып өтіп кете алмайтының қандай анық болса, саяси бодандығың тағы бар, "орыс тілін" орағытып өте алмайтынымыз бесенеден белгілі жәйт болатын. Әйтпесе, Орта Азиядағы ең бірінші заманауи нағыз партия бола білген, саяси бағдарламасының ең басты бағыттары Ұлтшылдық - Жер мен Тілдің мүддесін қорғау болған Алаш көсемдері Абайды "Қазақтың бас ақыны" (Ахмет Байтұрсынұлы) деп бағалап, өздеріне ұстаз тұтар ма еді... "Бала қай тілде оқыса, сол ұлтқа қызмет етеді" (Жүсіпбек Аймауытұлы) деп ашынған Алаш арыстары ұлт болашағына ең үлкен қатердің қайдан келе жатқанын да жақсы ұғынып, саяси көрегендікпен сақтандыра білді.

Қазақтардың өз тілін ұмытып қалғанын өз көзімен көріп кеткен, "Абай екеуміздің арамызда бала жоқ" дейтін Қазақтың Қадырының да:

“Өзге тілдің бәрін біл, 

Өз тіліңді құрметте!”-

деген елге әйгілі егіз жолының орындарын ауыстырып:

“Өз тіліңді бәрің біл-

Өзге тілді құрметте!"-

деп жазу да ойында кеткен болар деп ойлаймыз.

АБАЙ МҰРАСЫ ДАЙЫН БАҒДАРЛАМА

Иә, Абай насихаттаған “Бес асыл іс” қазіргі мемлекетіміз ұстанып отырған жас ұрпақ санасына адал еңбек ету құндылығын сіңіру, еңбек адамын құрметтеу бағытымен сай келеді. “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей” деген Абайдың 180 жылдығы биылғы “Жұмысшы мамандығы жылына” тура келгені де сәулелі сәйкестік!

Иә, Абайдың “Қара сөзі” мен насихаттық жырлары дайын бағдарлама!

“Біріңді қазақ бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос” деген ұлағатты жырдан ұғарымыз көп. Ұғып қана қоймай, сол ұстанымды берік ұстану керектігі жетпей тұр қазір… Ал “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп” деген өсиетін ұстану үшін үлкен жүректі, игі тілекті жан болу керек.

АБАЙ ОБЛЫСЫ АТАНУЫНА ДА ҮЛЕС ҚОСТЫҚ

2020 жылы 16 қазанда “Қазақ үні” газетінде:

Ұлттың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы ең алғаш "Қазақтың Бас ақыны" деп бағалап, Алаш ұстаз тұтқан Абайдың 175 жылдығында Семейдей өз қаласына немесе облысты қайта ашып, ұлы ақынның атын берсек жарасады. “Ақ жол” басшысы Азат Перуашев парламентте көтеріп келе жатқандай, Семейге республикалық статус беру немесе облысты қайта ашуға ешкімнің дауы жоқ шығар дейміз.

Елімізде Жамбыл облысы, Сәтбаев қаласы бар, енді ұлы Абайдың жылында Абай облысы болып жатса, жақсы жалғасу болар еді...”-деп жазған екенбіз. 

Сол 2020 жылғы 16 қазаннан 16 ай өткенде, 2022 жылы 16 наурызда, тура “Ақ жол” партиясының 20 жылдығы күні ҚР Парламенті палаталары біріккен отырысындағы Президент Жолдауында мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұрынғы Семей облысының қайта ашылатынын, облысқа Абайдың аты да берілетінін жариялады.

Біз жиыннан шыға сала қоршап алған журналистер ортасында тікелей эфирде Абай облысының және Ұлытау, Жетісу облыстарының, үш облыстың ашылғаны туралы халықтан сүйінші сұрап, жарияладық.

Бес күннен кейін басталған Наурыз мейрамында Абай облысының зиялы қауымы Азат Перуашев екеумізді Семейге құрметтеп шақырып, қалалық телеарнада сұқбат бердік.

Бүгінде 180 жылдығын лайықты тойлап жатқан Ұлы Абайдың атындағы облысқа Ақ жол! Алла жар болсын!  

Абай тойы - Алаш тойы!

Абай тойын - Ұлы ақын ұлағатын ұлттық тұрғыдан ұға білудің жарқын рухани дүниесіне айналдыра білуіміз керек. Бұған бәріміз де атсалысу ізгі парызымыз!

Сөзімнің соңын 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығында, осыдан 30 жыл бұрын жазылған жырмен қорытайын. Сол кезде еліміз бойынша мүшәйра болып, таңдаулы жырлардың барлығы “Егемен Қазақстан” газетінде әр нөмір сайын жарияланып отырды.

АБАЙҒА

Түзелмесе ел – түзелген сөздi ұғар кiм?

Түңiлген соң ұмытып кездi жарқын,

Жатып апты жақ ашпай жан адамға

Қайран Абай алдында көз жұмардың.

Сұм дүниенiң сырт берген сұрқын көрiп,

Ылажсыздан алды ма ырқын берiп...

Үнсiз қалған жұмбақ жан сездi ме екен,

Үн қатарын әлемге бiр күн келiп...

Сыбырластың сырластан сыйы бөтен,

Сынық көңiл сияр ма үйiне кең...

Оразбайдың қамшысы күйiк емес,

Оянбай ел жатқаны қиын екен...

Сiрi қалып, сiреспе, сiлкiнбеген,

Ұлағатты ұқпаса ұлтың керең...

Мұхит жырдың түбiне бойладық па,

Бетi тұнық, тереңi бүлкiлдеген...

Тiл қатпадың, тiл алмай тiлмар халқың,                                                                                    

Айыра алар асылдың кiм бар парқын...

Мұң-қайғыға уланып мұнар тарттың,

Мұқым елiң өзгертпей мұндар қалпын...

Тұйықталды тым-тырыс тылсым кеуде,

Кемеңгердiң қай сырын бiлсiн пенде...

Жалын көмiп кетiптi Шыңғыстауды,

Жарлы емес, зарлы ақын күрсiнгенде...

Ендi бүгiн елiңнiң ең керегi –

Сақал бояр саудасы дөңгеледi,

Пұлды болсаң құндыға теңгередi,

Дарындыны қарынды кем көредi.

Өзгеше ыстық қарайтын өркенiң көп,

Өзiңе емес...бейнеңе теңгедегi...

Қалмау үшiн қалғумен жолда құлап,

Тiрiлген жүр тiрлiгiн зорға құрап...

Есек артын жууда естi бiткен,

Оңайлықпен табылмас ол да бiрақ...

Күйiнумен көңiлiң қуыс керней,

Демеу берер демiксең туыс нендей?..

Уылжыр дәм уыста ерiп кетiп,

Уылады таңдайың у iшкендей...

Демi азайып жатса да күнде мейлi,

Дерттiзар ғып буса да жыр көмейдi,

Үгiтiнен үмiтi үзiлдi ме,

Үндемейдi ұлы ақын, үндемейдi...

Сендей дана тудырған ұлы елiмдi,

Түгел танып дүние біле білді.

Айтпай кеткен алайда соңғы сөзің

Бүгін менің қинап жүр жүрегімді.

Қазыбек Иса, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты