ОТЫЗ ЖЫЛ ҚОЙЫЛҒАН БҰНДАЙ СПЕКТАКЛЬДІ ТОҚТАТАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ! - Қазыбек Иса
2022 ж. 07 қыркүйек
2029
0
ПРЕЗИДЕНТ АЙТҚАН «ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ» ҚАЙДА?!.
- Конституция мен Парламент туралы заң баптарын бір ғана Үкімет регламентінің 100-ші тармағы жоққа шығарып тұр.
- Үкімет оң қорытынды бермесе, парламент ешқандай заң жобасы түгілі, бір бапты да қабылдай алмайды.
- Президенттің өзі Жолдауда айтып отырғанда, осындай ең басты кедергіден неге құтылмаймыз?
- Үкімет Президентті алдап отыр ма, парламентті алдап отыр ма, жоқ елді алдап отыр ма?
- Халық талабын жасауы тиіс парламент туралы заңды жасай алмасақ мұнда, парламентте неге отырмыз?
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 16 наурыздағы Жолдауы бойынша заңнамамызға өзгерістер енгізіліп жатқаны белгілі. Осыған байланысты 7 қыркүйекте Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Әділет министрі Қанат Мусин «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасы жөнінде баяндама жасады.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Мәжілістің өкілеттігін ұлғайту мәселесі бойынша сұрақты төтесінен қойды:
-Президенттің 16 наурыздағы Жолдауында Парламенттің, Мәжілістің рөлі күшейеді дегенде, біз қуана қолдадық. Өйткені, «Ақ жол» партиясы талайдан бері Парламент өкілеттігін күшейтуді көтеріп жүр, саяси бағдарламамызда да бар.
Осы Президент Жолдауындағы атап көрсетілген «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есепті Үкімет” үштұғырындағы «Ықпалды Парламент» дегеніміз қайда?
Ол мынау заң жобасында қай бапта бар?
Бізге, парламентке ең бірінші заң шығару жолында кедергілерді алып тастау керек. Ондай өзгерісті біз мынау заң жобасынан майшаммен қарасақ та, қай шаммен де қарасақ та таппадық…
Қолданыстағы заң бойынша Үкімет оң қорытындысы бермесе, парламент ешқандай заң жобасы түгілі, бір бапты да қабылдата алмайды. Бұны сіз өте жақсы білесіз, министр мырза, бұрын депутат болғасыз! Бұндай үкімет қорытындысын сұрау тек бюджетке әсер ететін заң жобаларына ғана қатысты деп, тайға таңба басылғандай атап көрсетілген Конституцияның 61 бабының 6 тармағы мен Парламент туралы заңның 15 бабының 4 тармағын бір ғана Үкімет регламентінің 100-ші тармағы тас-талқанын шығарған. Өйткені, мұнда үкімет қорытындысын сұрау тек бюджетке әсер ететін заң жобаларына ғана емес, барлық заң жобаларына қарастырылған. Кез келген заңның бюджеттік шығын талап ететінін, сондықтан үкімет қорытындысы депутаттар ұсынған барлық заң жобасына тосқауыл болатынын айтпағанда…
Яғни, барлық заң жобасы мен өзгерістер Үкімет қорытындысына тәуелді. Бұндай жағдай бірнеше рет біздің басымыздан өтті.
Мысалы, 2012 жылы «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыру үшін тіл туралы заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын жасағанда, үкімет, Әділет министрлігі қарсы болды да, заң жасаплмай қалды. Одан 10 жылдай уақыттан кейін, 2021 жылы күзде былтырғы «Көрнекі ақпарат туралы» заң жобасына тіл заңының орындалуын қадағалауға байланысты Кәсіпкерлік кодекске ұсынған бабымыз өтпей қалды. Өйткені, Үкімет қарсы болды тағы да, Экономика министрлігі қарсы болды, «Атамекен» палатасы қарсы болды, олар үкіметтен де күшті ғой деп қалдым. Одан кейін Үкімет басшысы А.Мамин қарсы қорытынды жасады да, ұсынған бабымыз өтпей қалды. Мен сол кезде “Қазақ тілінің обалы Қазақ үкіметінің мойнында” деп жаздым “Қазақ үні” ұлттық порталында.
Сондықтан, парламент ықпалды болуы үшін, яғни Президент айтқан өзгерістер орнауы үшін қолданыстағы аталмыш заңнама баптарын өзгерту керек немесе Үкімет регламентінің 100-ші тармағын алып тастау керек!
Енді біз Президенттің өзі айтып отырғанда, осындай ең басты кедергіден неге құтылмаймыз? Неге бұрынғы таз кепешімізді қайта киюге құмармыз?
Президент айтады, оны Үкімет неге орындамайды?
Бұл жерде үкімет Президентті алдап отыр ма, бізді, парламентті алдап отыр ма, жоқ елді алдап отыр ма? Отыз жыл қойылған бұндай спектакльді тоқтататын уақыт жетті! Ол кімге, не үшін керек? Әділетті, Жаңа Қазақстанымыз қайда?
Бұған біз неге көзімізді жұмып, көне беруіміз керек, депутат мырзалар? Бұл біз туралы, Мәжілістегі 107 депутаттың нәтижелі жұмысына жол ашуы тиіс заң жобасы ғой. Ең болмаса, өзіміз туралы заңды да, өзіміз жасай алмасақ, халық талабын жасауы тиіс парламент туралы заңды жасай алмасақ мұнда, парламентте неге отырмыз?
Осы басты сұраққа нақты жауап берсеңіз. Рақмет.
Министрдің жауабымен видеодан танысасыздар.
Қазақ үні