Мораторий - 5 жыл, ал Жеріміз Мәңгілік болуы тиіс! - Қазыбек Иса
2021 ж. 01 маусым
5333
1
Ел екі сиырын жая алатын жер таппаса, жеріміздің кеңдігінен не пайда?
ЖЕР БОЛМАСА - ЕЛ БОЛМАЙДЫ!
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның Мәжілістің жалпы отырысындағы сөзі:
Бағзы заманнан батыр бабаларымыз қаны мен терін төгіп, жанымен қорғаған қазақтың қасиетті байтақ Жері - қай кезде де, барлық ұғымдардан жоғары!
Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген Ғұн империясының қағаны Мөде бабамыздан көршілес жатқан мемлекеттің патшасы ең жүйрік тұлпарын сұраса да, үйіндегі асыл жарын, іңкәрін сұраса да “ел соғысып, қан төгілмей-ақ қойсын” деп беріп жіберіпті. Бар асылын сұрағанда үндемей келіскен қаған
дәндеген жау Жерін сұрап келгенде, “Ал енді біз соғысамыз, тұрысатын жеріңді айт!”-деп, атқа қонып, елге ұран тастапты!
Біз сол ғұндардың ұрпағымыз!
Бұдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан да “Жер дегенде дірілдемей болмайды” деп елге үндеу тастап еді.
Ал 2016 жылы елімізде жер дауы көтерілген кезде «Ақ жол» партиясы өзінің нақты ресми ұстанымын білдіріп, жерді шетелдіктерге сатпау ғана емес, жалға да бермеу туралы ұсыныс жасап, дабыл қақты. Бұл ұстаным партиямыздың Саяси Бағдарламасында да жазулы.
Ал биылғы 2021 жылдың 20 қаңтарында Мәжілістің VII шақырылған жаңа құрамының бірінші өткен жалпы отырысында бірінші болып «Ақ жол» партиясы Үкіметке Жер кодексіне тиісті өзгерістер енгізіп, елді алаңдатқан жер дауының шешілуіне нүкте қою керектігі туралы депутаттық сауал жасады. Содан соң биылғы Ұлттық кеңестің бесінші отырысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге беруге тыйым салу туралы тапсырмасы шықты.
Бүгінгі бұл заң жобасы Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау мақсатында және Жер реформасы жөніндегі комиссия қызметінің қорытындысы.
-Жер заңына қосылған бұл өзгерістерден кейін жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау күшейеді
-қазір барлық жерде дауға айналған мал жаюға қажетті жайылымдардың тапшылығын шешу үшін, тек қана жергілікті халықтың мұқтажы үшін пайдаланылатын жайылым аумақтары айқындалады.
Ел есігінің алдындағы екі сиыры мен бес қойын жая алатын жер таппаса, байтақ жеріміздің кеңдігінен не пайда?
Қорыта айтқанда, заң жобасы жер заңнамасын одан әрі жетілдіруге, жер қатынастарындағы барлық проблемаларды шешуге арналуы тиіс.
“Ақ жол” Жер дауына нүкте қоюға шақырса да, жердің даулы баптары бойынша Жер комиссиясы тағы да мораторий жариялады.
Мораторий - 5 жыл, ал Жеріміз бен Еліміз Мәңгілік болуы тиіс екенін ешқашан ұмытуға болмайды!
Өйткені, Жер болмаса - Ел болмайды!
Халықтың баға жетпес асыл қазынасы - қасиетті Қазақ Жерінің қадіріне жете білейік!
“Ақ жол” партиясы халық талабымен жасалған заң жобасын қолдайды!
Құрметпен, “Ақ жол” партиясы фракциясы мүшелері