Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ, Олимпиада чемпионы: ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ШЫҒАР ШЫҢЫ АЛДА
2017 ж. 25 қараша
9476
2
Алматы қаласының әйгілі тұрғыны Жақсылық Үшкемпіровты білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Жуырда Елбасы жарлығымен Қазақстанның "Еңбек Ері" атанған атақты палуан өзінің қоғам, спорт туралы пікірімен "Қазақ үні" тілшісімен бөлісті.
– Жақсылық Әмірәліұлы, Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасынан өзіңіз қандай ой түйдіңіз? Осынау тарихи құжаттың орындалуына ел азаматы ретінде қандай үлес қосып келесіз?
– Біз заманның түрлі ағымын көргендіктен, өткенімізді саралай отырып бүгінгі күннің бедерін бағамдап отырамыз. Ел Егемендігіне қол жеткізген 26 жыл ішінде біздің жас мемлекетіміздің жеткен жетістіктері мен биікке бастаған әрбір қадамы біздің көңілімізге үлкен қуаныш сыйлайды. Біздің Қазақстанымыз дәл қазіргі таңда әлем елдерімен иық тірестіріп тұратындай дәрежеге жетті. Еліміздің барлық саласы қарқынды дамып, кемелденген шаққа қол жеткіздік. Бұл әрбір отандасымыз үшін зор қуаныш деп есептеймін.
Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.
Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек» – деп атап көрсеткені баршамызға мәлім.
Осы бағыттағы жұмыстарды өзім біраз жыл бұрын-ақ бастап кеткенімді жұрт жақсы біледі. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мыңбаев ауылынан 400 шаршы метр аумақты қамтитын бала-бақша ашуға мұрындық болдым. Аталмыш бақша 100-ге жуық бүлдіршінді қабылдай алады. Сонымен қатар, осы ауылдан жас отбасылар мен жағдайы төмен ауыл тұрғындарына арналған жатақхана тұрғызып, қажет еткен отбасыларға пәтер кілті табысталған-ды.
Сонымен қатар, спорт саласының маманы ретінде ауылды жерде де спорттың дамуына тамшыдай болса да, үлесімді қосайын деген оймен Мыңбаев елді мекенінде Жақсылық Үшкемпіров атындағы көпсалалы спорт кешенін ашуға ұйытқы болдым. Мұнда жасөспірімдер мен жастар қазіргі таңда 6 спорт түрі бойынша жаттығуда. Бұл жерде бір мезгілде бокс, ауыр ателтика және күрестің 5 түрі бойынша жеткіншектер өз шеберлігін шыңдай алады. Әрбір ауылда осындай спорт кешендері бой көтерсе, салауатты өмір салтын серік еткендер қатары көбейетіндігі даусыз. Сонымен қатар әйелдерге арналған тегін фитнес-клуб та жұмыс істейді.
– Өзіңіздің соңғы уақытта еліміздің ауылшаруашылығы саласының дамуына да зор үлес қосып жүргеніңізді жақсы білеміз. Осы бағыттағы жұмыстарыңыздың қарқыны қалай?
– Қазіргі таңда заман талабына сай бір саламен шектеліп қалу жеткіліксіз. Бір адам сан түрлі саланы дамытуға үлес қосқанда ғана еліміз көркейе түсері сөзсіз. Оның үстіне алдыңғы толқын аға ретінде жастарға үлгі болуымыз керек. Сондықтан,он жылдан бері отандық ауылшарушылығы саласын дамыту жолында жұмыс істеп жатқан жайым бар. Алматы және Жамбыл облыстарында осы саланы одан әрі ілгерілету бағытында қазақтың төрт-түлігін өсірудеміз. Бұл біржағынан атакәсіпті одан әрі жаңғырту.
Қазіргі таңда өзімнің бастамаммен ашылған асыл тұқымды мал бордақылайтын кешен мен қасапхана қаншама ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, қарқынды жұмыс істеп келеді. Аталмыш мал шаруашылығы қожалығын екінші ұлым Елдос басқарады.
Қазіргі таңда Алматы қаласына ай сайын 25 тоннадай ет өткіземіз. Өз елімізбен шектеліп қалмай, Ресейге жыл сайын 200 тонна, Қырғыстанға 200-300 тоннадай ет экспорттаймыз.
– Бүгінгі спорт саласының дамуы қандай деңгейде? Спортшы ретінде өз пікіріңізді ортаға салсаңыз...
– Қазақстанның спорт саласы өте жоғары деңгейде дамып келеді деуге толық негіз бар. Елбасымыздың тікелей бастамасымен қазіргі таңда еліміздің әрбір аймағынан жаңа спорт нысандары бой көтеріп, олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Бұл жастардың спотқа көптеп тартылуына жол ашуда. Қазір көшеде арақ ішіп жүретін жастар ілуде бір ғана кездеседі. Басым бөлігі өз кәсіптерін дөңгелетіп, спортты айнымас серік етіп жүрген жандар. Мұндай жастарды көргенде қалай ғана қуанбайсың?! Сондықтан да мен қазақ спортының болашағынан үлкен үміт күтемін. Әрі шығар шыңының биік екеніне кәміл сенемін! Сол үшін бір-бірімізге дем беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуіміз керек.
– Жақсылық Әмірәліұлы, жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін өзіңіздің атыңыздағы турнир туралы айта отырсаңыз...
– Иә, Жақсылық Үшкемпіров атындағы турнир дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Басында біршама қиындықтар болды. Дегенмен, қазіргі таңда бір жолға қойылды. Бүгінде еліміздің әрбір облысы аталмыш турнирді өткізуге өздері мұрындық болуда. Турнир бұған дейін еліміздің өзге де облыстарында өткізілсе, 2017 жылдың мамыр айында Алматы төрінде өтті. «Халық Арена» мұз айдынында 1997-1999 жылдары туылған жеткіншектер арасында грек-рим күресінен Қазақ КСР Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған ашық хылықаралық турнирде Армения, Грузия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінен 280-нен астам палуан бақ сынады. Шетелден келген спортшыларға біз өз елімізді жақсы қырынан көрсетіп келеміз.
Ал келесі жылы Ақтау қаласында өткізіліп, әлемнің 25 елінен спортшылар қатысады деп жоспарлануда. Жыл сайын өз жалғасын тауып келе жатқан бұл шараның өскелең ұрпаққа берері мол деп ойлаймын. Әрі спорт саласының дамуына да өз үлесін қосып келе жатыр. Мені осылайша алақанына салып аялап келе жатқан Еліме, осындай иігі істерге қашан да қолдау білдіруден танбайтын Елбасымызға айтар алғысым шексіз!
– Сіздің арманыңыз?
– Менің арманым – Тәуелсіз Қазақстанымыз әлемнің маңдайалды мемлекеттерінің бірі болса екен деп тілеймін. Еліміздің өсіп өркендеуіне әрбір қазақстандық өзінің шама-шарқынша үлес қосса екен деймін. Ауылдан түлеп шыққан елім дейтін азаматтар, Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасының жүзеге асуына өз үлестерін қосса нұр үстіне нұр болары анық. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» демекші, атпал азаматтарымыздың әрбірі өз ауылының ажарлана түсуіне ұйытқы болса, онда біздің еліміздің еңсесі әрқашан да биік болары анық. Бізден асып түсетін азаматтар көп болса екен деп тілеймін. Өзімізді өзіміз қамшылап, дамудың даңғыл жолымен жүрмесек, бізді алыстан ешкім келіп жарылқамайды.
Сұхбаттасқан
Ақтолқын ТӘЖІКОВА
qazaquni.kz