Таукентте тартысты доп додасы өтті.

«Достық» кубогі

«Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген. Таукент поселкесінің  үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүрген құрметті азаматтары, спортқа жанашыр ағаларымыздың демеушілігімен жүлде тігіліп, аудан көлемінде үлкен тартысты доп додасы өтті. Жарыстың ұйытқысы, жастарға үлгі болып жүрген  спорт ардагері - Алиев Шахмар, спорт жанашыры - Сейдалиев Мұхит, Оралбеков Нағашбек, поселкеміздің құрметті азаматтары Әметжанов Бәйкен, Абдукаримов Аман. Бұл ағаларымыздың жастарға жасаған жақсылықтары мен ақыл кеңестерін айтар болсақ, сөз жетпес. Ия, ағаларымыз, сөз жоқ, бірінен бірі өтетін «Сен тұр- мен атайын»! Елді ері танытады деген осы болар. Ер азаматтарымыз спортшыларды тау баурайына, Таукент елді мекеніне жинады.  Міне, осы тартысты доп додасына ауданымыздың теңбіл доп шеберлері жиналды. Жарысқа «Ақдала», «Инкай», «Жуантөбе», «Созақ»,  «Таукент», «Қуаныш», «Жастар», «Жыныс ата», «Абай», «Шолаққорған», «Достар» командалары қатысты. Командалар әдеттегідей 4 топқа бөлініп, қарсыласып күш сынасты. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 12 команда ішінен 4 команда жартылай финал ойындарына суырылып шықты. Шынығуда шыңдалған жүйріктер болып мына командалар белгіленді: «Ақдала», «Қыземшек», «Инкай», «Таукент». Жарыс болған  жерде жеңіс бар. Асығы алшысынан түсіп, ақтық финал ойындарына жолдама алған қос команда  «Инкай», «Таукент» командалары еді. Таукент командасы жанкүйерлер көңілінен шығып, сенімдерін ақтап, аудан көлемінде ең мықты команда екенін тағы да бір дәлелдеді. Жарыстың кубогі мен алтын медалін «Таукент» командасы тақса, «Инкай» командасы күміс медальді қанағат тұтты. «Үштің өзі - күш» деп, «Қыземшек» командасы қола медальді иеленді. Демеушілер атынан жеңімпаз командаларға кубок, медальдардан бөлек ақшалай сыйлықтар беріліп, барлық командаларға дастарқан жайылып қонақжайлылық көрсетілді. Бұл іс шарадан «Демеу-Таукент» филиалы да тыс қалған жоқ. Жарыста «үздік қақпашы», «үздік қорғаушы», «үздік шабуылшы» атанған ойыншыларға бағалы сыйлықтарын табыс етті. Келген қонақтар мен қатысқан командалар ұйымдастырушы ағаларымызға рахметтерін айтып, ризашылықтарын білдірді. Таукент жастары да өз кезегінде ағаларымыздың  қашанда  ортамызда ойнап жүре берулеріне тілектес екенін білдірді.

Бауыржан Бекзатов

МСК спорт бөлімінің нұсқаушысы