Қазақ боксшысының Лос-Анджелестегі үйі өртеніп кетті
2026 ж. 07 наурыз
62
0
Лос-Анджелесте қазақстандық боксшы Мадияр Ашкеевтің үйінде өрт шықты. Оқиға туралы Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі өзінің Instagram парақшасында айтып, оқиға орнынан видео жариялаған, деп хабарлайды Qazaquni.kz.
Кадрлардан өрттің ғимараттың бір бөлігін шарпығаны, ал өрт сөндірушілердің жалынды ауыздықтауға тырысып жатқаны көрінеді. Спортшының айтуынша, өрт күннің екінші жартысында, отбасы ифтарға шығуға жиналып жатқан кезде болған.
«Көріп тұрғандарыңыздай, біздің үй өртеніп кетті. Қасиетті Рамазан айында бұл – Алланың бізге жіберген кішкентай сынағы. Бұл үйде біз көптеген достарды, чемпиондар мен батырларды күтіп алатын едік. Шамамен күндізгі төрттер шамасы болатын. Біздің бауырымыз Ержан бізді ифтарға шақырған еді. Біз ифтарға шығуға жиналып жатқанда, үйден күйік иісін сездім. Балалардан және үйдегілерден: “Ештеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кеткен жоқ па?” деп сұрадым. Олар: “Жоқ, бәрі дұрыс”, – деді.
Бір кезде гаражды аштым — үйдің жартысы жанып жатыр, айналаны қара түтін басқан. Біз балаларды сыртқа шығарып үлгердік. Олардың арасында күтушіміз де болды, барлық балалар мен үйдегілерді далаға шығардық. Бір кезде біреуі жетіспей тұрғанын байқадым — қарасам, Алдияр жоқ. Ол екінші қабатта екен. Біз айқайлап, ақыры Алдиярды да сыртқа алып шықтық», – дейді спортшы.
Мадияр Ашкеев үйіндегі өрттен кейін көмек көрсеткен өрт сөндірушілер мен достарына алғыс айтты.
«Құдайға шүкір, бәріміз аманбыз, балалар да дін-аман, біз де жақсыбыз. Бірақ үйдің жартысы жанып кетті. Өрт сөндірушілерге, жедел жәрдем қызметіне рахмет — олар тез келіп, өртті сөндіріп, бәрін ретке келтірді. Бізге алаңдаған достарымызға да рақмет. Америкадағы достарымыз көмек ұсынып, үйлерін ұсынды. Қазір біз уақытша достарымыздың үйінде тұрып жатырмыз», – деді боксшы.
Спортшының айтуынша, өрт салдарынан үйдің бір бөлігі қатты зақымданғанымен, отбасы мүшелерінің ешқайсысы зардап шекпеген.