Бейжіңде де биіктен көрінді

Бейжіңде де биіктен көрінді

Қазақ елі командасының Бейжің Паралимпиадасындағы нәтижелері қорытындыланды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық паралимпиада комитеті Қазақстандық спортшылардың Бейжіңдегі ойындарға қатысуының қорытындысын шығарды.

– 4–13 наурыз аралығында Қытайда өткен XIII қысқы Паралимпиадада біздің команда бір қола медальға ие болып, 53 ел арасында командалық есепте 17-ші орынға тұрақтады. Паралимпиадада 700-ден астам спортшы спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын ойнады. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойынша жарысты. Паралимпиадада ел намысын 5 спортшы қорғады, – деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.

Бейжіңдегі Паралимпиаданың қорытындысы бойынша спортшылар мен жаттықтырушылар мемлекеттен 131 млн теңге алады және «Дене шынықтыру және спорт саласы туралы» Заңға сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Александр Герлицке бір бөлмелі пәтер береді.

Александр Герлиц парабиатлонда 10 шақырым қашықтықта көрсеткен нәтижесінің арқасында үшінші орын алды. 2022 жылғы Паралимпиада қорытындысы бойынша Александр Герлицке «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді.

Дос ОРЫНБЕКҰЛЫ, Олжас МҰРАТБЕКҰЛЫ.

qazaquni.kz