Гол салмаса да, қазынамызға қол салатын клубтар не үшін керек?

Динамо - Брест футбол командасынан Астана футбол клубы 6:3 есебімен күйрей жеңілді!.. Осылайша үстінен құс ұшырмай мақтап, баптап, батпан құйрыққа батырып отырған Қазақстан футбол клубы Чемпиондао лигасынан шығып қалды! Астана ФК бюджеті википедияда 360 млн евро деп жазулы тұр. Бір нөл қосылып кетті дегеннің өзінде 36 млн евро дегеніңнің өзі сұмдық ақша! Бюджеті 10 млн доллар Динамо-Брестен 5-6 есе көп. Былтырғы жұмсалған қаржысы 9 миллиард, 800 миллион десек те, 26 млн доллар шамасы болады, соның өзінде 2,6 есе көп. Ал екі есе оңбай, масқара боп жеңілді!!! Астана - ел астанасының клубы. Динамо -Брест облыс орталығы клубы. Екі күн бұрын Айсұлтан Назарбаевтың қазасына байланысты жазбамда марқұмның ел футболына араласпақшы болғанын айтып едім. Сонда "Гол салмаса да, миллиондарымызға қол салып келе жатқан, қол салғанда да мол салып келе жатқан легионерлерімен белгілі Қазақстанның футбол федерациясы қамалыныңң мықтылығы сонша, Президенттің сүйікті немересі де ала алмады… Бәлкім, футбол федерациясы тізгінін алғанда билікке ықпал етер мүмкіндігі зор жалынды жас біраз жақсы өзгерістер жасар ма еді… Қазақтың қаракөз балаларынан футбол командасын құрып, федерацияның бір тиынынсыз өз қаражаттарымен футбол ордаларының бірі Португалияға екі рет апарып, жетістіктерге жетіп жүрген «Арландар» футбол клубының президенті Фазылбек Әбсаттардың әңгімесін тыңдасаң, футбол федерациясына таластың түбі қайда жатқанын сезгендей боласың… Және жақын арада фуболдың көсегесі көгере қояды деген арманың адыра қалады" деп жазып едім. Міне, "Астана" клубының қазынамызды ойсыратып отырса да, ойсырай жеңіліп жатқаны куә болады бұған... Мұндай ұтыла беретін масыл футбол клубын ел қазынасынан миллиардтар шығындап, не үшін ұстап отырмыз?!. Еліміздегі футбол клубтары үшін бюджеттен миллиардтаған қаржы шығындауға Мәжіліс депутаты, «Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашев парламентте бірнеше рет қарсы шыққан болатын. Шынында да мұндай ұтыла беретін масыл футбол клубтарын ел қазынасынан миллиардтар шығындап, не үшін ұстап отырмыз?!.   Қазыбек ИСА,  Қазақ үні