Біз Алтын Ордадан кейін империя болған жоқпыз - Әлихан Баймен
2022 ж. 07 сәуір
26406
0
1953 жылы "...тарихи және өмірбаяндық шығармаларындағы жоғары шеберлігі..." үшін әдебиеттегі Нобель сыйлығын алған ұлы қайраткер Уинстон Черчиллдің " Екінші дүниежүзілік соғыс " атты алтытомдығы қазақшаға аударылса, ұлтымыздың тарихи санасын ағартуда маңызды еңбек болар еді.
Сонымен қатар бұл шығарма тарих пәнінің мұғалімдерін дайындағанда оқылуға міндетті болуы тиіс.
Кезінде поэзиядан Нобель лауреаты орыс ақыны Иосиф Бродский "Кеңес және орыс әдебиетінде Ұлы отан соғысы дұрыс ашылмаған" деп жазғанын оқығанда таң қалған едім. Себебі ол тақырыпқа мыңдаған шығарма жазылғанын білеміз ғой. Бірақ Бродский ол шығармалардың басым көпшілігі соғысты тек қаһармандық (мүмкін героиканы қаһарманшылдық деген дәлдеу болар?) пен шытырман оқиға тұрғысынан суреттегенін айтса керек. Кейін соғыста бір аяғын беріп келген Мұхаметжан көкемнің ,соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан Мүслім, Төлеген нағашыларымның , басқа ардагерлердің әңгімелерін жаңағы шығармалармен және бала күнімізде көрген фильмдермен салыстырғанда Бродскийдің сөзі дұрыс екенін білдім. Соғыс бірінші кезекте қарсылас елдер үшін де , жалпы адамзат үшін де трагедия екенін ол шығармалардың көпшілігінде ашылмағанын мен 2019 жылы Беларустың Лиозно қаласы маңында 21 жасында 1943 жылы қаза тапқан Ахметжан нағашы көкемнің көппен бірге жерленген жеріне барып тағзым еткенде бұрынғыдан да терең сезінген едім.
1931 жылы Нобель сыйлығына ұсынылған "Батыс майданында өзгеріссіз" атты романында өзі де соғысқа қатысқан Эрих Мария Ремарк соғыста жүрген бір кейіпкерінің ойын былай жеткізеді " ...соғыс жарияланса халық көрермен болып , шешім қабылдаған басшылар мен генералдар дамбалшаң сахнаға шығып шоқпармен шайқасса. Тірі қалғаны өз елін жеңімпаз деп жарияласын. Бұл қазіргідей олардың орнына басқа адамдар соғысып жүргеннен оңай да әділетті болар еді...".
Империялар ыдырағанда орталық пен шеттегі елдерде әрұдай сезім болатыны түсінікті. Постимпериялық дамудың адам мүддесіне бұрылуы метрополиядағы жетекшілер қоғамдық санадан империялық сезімді, ал бұратана елдегілер құлдық сананы қалай емдеуіне де байланысты. Мұны тарих дәлелдеп отыр. Бұрынғы орталық та, оған бағынышты болған қазіргі дербес мемлекеттер де соғыс, күш көрсету арқылы емес, білім мен ғылым, өнер мен әдебиет, денсаулық сақтау жүйесі мен өмір деңгейі, жаңа технологиялар мен халыққа қызмет көрсету сапасы арқылы өз елдерін тартымды да қуатты қылуға ұмтылса, одан осы елдер де, барша адамзат та ұтады.
Мұны қазір жазып отырғаным, соңғы жылдары соғыста қаза тапқандар мен отан қорғағандарды еске алу секілді кастерлі сезімді де империяны көксеушілер өздерінің құралына айналдыруға тырысуда. Бұл бірінші кезекте "Бессмертный полк "пен "Георгий лентасына" қатысты. Бұл екеуін де ардагерлер қан төккен бейбіт өмір үшін емес, милитарлық сана қалыптастыру, ардагерлердің ұрпақтарын бөлу бағытында пайдалану басымдық алуда.
Біз Алтын Ордадан кейін империя болған жоқпыз. Біз империяны көксемейміз. Біз бейбіт саясат жүргізетін елміз. Бірақ біз қасиетті Тәуелсіздігімізді қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында осы қарапайым ақиқаттар жәйлі көбірек айтсақ дұрыс болар еді. Ал ағарту, оқу, ақпарат пен мәдениет саласына жауаптылар бұл жұмысты тек осы кезде емес , өне бойы жүргізгені абзал.