Тасмағамбетов саяси аренадан біржола кете ме?

Кеше, 9 желтоқсан күні Ресейдегі Қазақстан Елшісі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстандағы заңмен бекітілген зейнет жасына жетті. Осыған байланысты әлеуметтік желі құттықтауға толса, кешке қарай ақпараттық сайттарда «Тасмағамбетов белсенді саясаттан біржола кетті» деген қауесет тарады. Ақорда осы қауесеттің нақты нүктесін қоймай тұр. Елеңдеген ел «Елші енді қайда барады?» деп жатыр.

Бұрынғы уақыттарда Ақорда зейнет жасына жеткен, президент тағайындайтын жоғары лауазымды мемлекет қызметкері санатындағылар туралы оны жалғасты қызметінде қалдыру немесе лауазымынан босату туралы президент жарлығын жариялайтын. Әрине, бұл жарлықта Ақорда мен зейнет жасына жеткен тұлғаның екі жақты келісімімен белгіленген мерзім көрсетілетін. Кейбірі жыл соңына дейін ұзартылса, кейбіріне 5 жыл мерзім қосылатын.

Мысалы, туған күні 26 шілдедегі Әділбек Жақсыбековті 2017 жылы зейнет жасына толарда бір апта бұрын, 19 шілдеде президент 2022 жылы 26 шілде күнін қоса алғандағы мерзімге дейін өкілеттілігін ұзартты. Ол өз еркімен өткен жылы күзде қызметінен зейнетке шықты. Ал, 1952 жылы 22 қарашада туған Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың өкілеттілігі ұзартылғаны туралы ақпарат 2015 жылы туған күнінен 32 күн өткеннен кейін 24 желтоқсанда бірақ шықты. Амандық Ғаббасұлының өкілеттілігі келер, 2020 жылы туған күніне дейін.

Баталовтың құрдасы, 1952 жылы тамызда туған, Елбасы Кеңсесінің Басшысы, Назарбаев президенттік қызметтен кеткенге дейін 23 жыл бойы ҚР Президенті Кеңсесінің меңгерушісі қызметін атқарған Махмұд Қасымбековтың өкілеттілігі 2 рет ұзартылған. Бір қызығы, Махмұт Базарқұлұлының өкілеттілігі бірінші рет зейнет жасына толғаннан 3 ай өткенде 2015 жылы 24 желтоқсанда 2018 жылғы 31 желтоқсанына дейін ұзартылған. Былтыр, 27 желтоқсанда биылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Өкілеттілігі бітуіне үш апта қалған Қасымбеков үшінші рет мерзім создырып, мемлекеттік қызметте үшінші рет қала беретініне күмәнім жоқ.

Әкімдерден облысы әкімі кезінде қазіргі вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың өкілеті 2016 жылы 5 ақпанда 2020 жылғы 9 ақпанды қоса алғандағы мерзімге дейін созылған. Мемлекеттік хатшы Көшербаевтың да өкілеті былтыр Қызылорда әкімі кезінде 3 жыл ұзартылды. 5 жылдан астам ШҚО әкімі лауазымындағы Даниал Ахметовтың өкілеті тіптен 2022 жылы туған айы маусымға дейін.

Қазақстанда зейнеткерлік жасқа жетіп, атқарушы билікте салмақты қызмет атқарып отырған тұлғалар көп. Сол жағалаудағы Сенат, Жоғары сот, Үкімет, Мәжіліс дейсіз бе толып жатыр. Мысалы Мәжіліс депутаттары тізімі соңында тұрған Яковлева Татьяна ханым, танымал Қарағұсова ханымдар әлі шаршаған жоқ. Президент Тоқаев зейнет жасына Сенатта жүріп жетті. Бұрынғы президент Назарбаев зейнет жасына жеткен жылы туған балалар жеке куәлік алар жасқа толды.

Сонымен, Тасмағамбетов елшілік қызмет атқарғалы 2 жыл 9 ай болды. Оның алдындағы елші Марат Тәжин бұл лауазымда 3 жыл отырған. Назарбаевқа 12 жыл кеңесшілік еткен Ертісбаев зейнет жасына 3 ай қалғанда саяси қызметсіз қалды. Оны зейнетке жеткізбей қызметтен алған президент Тоқаев әлі ешкімнің өкілетін "зейнет жасына толуына байланысты" ұзартпады. Президент әкімшілігін 4 жыл басқарған Аслан Мусин болса 2 жыл бұрын зейнет жасына жеткеніне 2 күн өткенде-ақ қызметтен алынғаны тағы бар.

Яғни, Біз 3 ай жетпей де, 3 ай өтіп те қабылданған шешімдерге куәміз. Дегенмен, ҚР «Еңбек» кодексінің 52 бап, 24 тармағында былай делінген:

Тараптардың өзара келісімі бойынша еңбек шартының мерзімін жыл сайын ұзарту құқығы бар жұмыскер "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған жағдайларда бұзылуы мүмкін.

Яғни, қызметкер зейнет жасына толған күні тиісті құжат қабылдануы қажет.

Тасмағамбетов туралы жұрт аузындағы алқау мен мақтауды былай қойғанда, рас, Тасмағамбетов сыны бөлек саяси харизмаға ие. Жоғары билікке сонау 1991 жылы келген Елбасының сенімді серігі, мемлекет қайраткері Иманғали Нұрғалиұлы жоғарыда біз мысал еткен «зейнеткер-қайраткерлердің» біразынан жас және жалынды екені жасырын емес. Не десек те, «Тас» түскен жеріне ауыр. Тоқаевтың саясатында зейнет жасына жеткендердің «саяси өмірін ұзарту» практикасы бола ма? Ақырғы шешім Ақордада.

Нұрғали Нұртай, Фейсбук парақшасынан