Дәурен Абаев ҚР Президенттігіне кандидаттар туралы ойын білдірді
2019 ж. 03 мамыр
3791
0
Осы жылдың 9 маусымында өтетін президент сайлауы алдында халық кандидаттардан адал әрі ымырасыз, конструктивті күрес күтіп отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің сөздерім үгіт-насихат ретінде қабылданбас үшін кандидаттарға қандай да бір баға бермей-ақ қояйын. Бірақ, жалпы айтар болсам, ұсынылған тұлғалар әртүрлі топтар мен мүдделердің өкілі. Жастары да әртүрлі. Әйел кандидат бірінші рет ұсынылып отыр. Олардың жариялаған мәлімдемелеріне құлақ ассақ, елдің дамуына қатысты көзқарастарының да әртүрлі екенін аңғаруға болады. Менің ойымша, жақынарада үгіт-насихат кампаниялары белсенді сипатқа ие болады. Көппен бірге мен де әрбір саясаткердің қандай күн тәртібімен шығатынын қызыға күтіп отырмын», - деді Дәурен Абаев.
Министр өз сөзінде барша халық кандидаттардан сайлау алдында адал әрі конструктивті, ымырасыз күрес күтетінін атап өтті.
«Мемлекеттік органдар, жалпы билік - алдағы сайлаудың ашықтығы мен легитимдігіне мүдделі болып отыр», - деді ол.