Қазақстанның жаңа Сыртқы істер министрі тағайындалды

Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев еліміздің Сыртқы істер министрлігі ұжымына ведомствоның жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымды қызметке Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов ҚР Сыртқы істер министрі болып тағайындалсын», - делінген Әсет Исекешев жария еткен Елбасының Жарлығында.

Осыдан кейін сөз алған Қайрат Әбдірахманов ҚР Сыртқы істер министрлігіне ұдайы қамқорлық көрсетіп келе жатқан Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

«Елбасының арқасында осы күндері біздің мемлекетіміз тарихи өлшемде және тарихи тұрғыдан алғанда өте қысқа мерзімде халықаралық аренада да елеулі нәтижеге жетіп отыр», - деп атап өткен ол орнына келген Бейбіт Бәкірұлына алдағы жұмыстарына табыс тіледі.