Дәурен Абаев „Матаевтың ісіне„ қатысты пікір білдірді
2016 ж. 23 қараша
2218
2
Астанада өткен сарапшылар кездесуінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Матаевтың ісіне» қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, алдағы екі айдың ішінде ақпараттық саладағы мемлекеттік тапсырыс жүйесіне өзгерістер енгізіледі. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын бағалаудың жаңа рейтингінде мүлдем басқа көрсеткіштерге басымдық беріледі, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Матаев пен Ғабдуллин туралы анық-қанығын білеміз. Мемлекеттік тапсырыстың (авт. — істің) болғанын да жақсы білеміз. Сондықтан соттың шешімі шыққаннан кейін ол туралы ашық айтуға құқығымыз болатын шығар. Бұл жөнінде ашық айтатын боламыз», — деп атап көрсетті Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, келесі жылы қаңтар айының соңына дейін мемлекеттік тапсырыстың жаңа жүйесі таныстырылады.
«Біз бүкіл проблеманы білеміз — тариф қандай, кімнің қанша беретінін, неліктен беретінін. Қазір оны жан-жақты зерделеп жатырмыз. Екі айдан кейін мен жаңа жүйе туралы баяндап беремін. Оны бірден іске асыру қиын болатын шығар. Бірақ біз ашықтықты барынша қамтамасыз ететін боламыз», — дейді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын бағалайтын жаңа рейтингтік компанияны құру жұмыстары атқарылып жатыр. Оған сәйкес, мемлекеттік тапсырысты орындау басты көрсеткіш ретінде белгіленеді.