ӘКІМ БІТКЕН ХАЛҚЫНА ЖАҚЫН БА...

немесе «батысты» басқарған Жақыповтан Ноғаевқа дейін

Облыс басқару екінің біріне бұйыра бермейтіні анық. Себебі, бұл – зор жауапкершілікті қажет ететін аса жауапты қызмет. Және белгілі өлкенің үлкенді-кішілі мәдени, саяси-экономикалық өмірін жетік біліп, аймақты жан-жақты өрге сүйреу жолында шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығуға тура келеді. Жұртыңның үй-жайы, балалардың оқуы мәселесі, көпшіліктің рухани өмірінің деңгейі дейсіз бе... Қысқасы, елдің ішетін ас-суы мен жағатын көміріне дейін сенің мойныңда. Осыны күні-түні қузап, дамыл таппауға тиіссің. Басқарып отырған аумағыңның тыныс-тіршілігі бағытындағы атқарған, яки алдағы уақытта орындалатын міндеттер туралы ел мен Елбасына есеп бересіз, алыс-жақын шетелдік әріптестермен дидарласасыз, жоғары лауазымды тұлғалармен үзеңгі қағысасыз; мұның бәрі биік білік пен ұшан-теңіз тәжірибені қажет етеді.

Ал осынау бағытта сенім артқан ел көңілінен шығып, халық сүйіспеншілігіне бөлену оңай іс емес.

Бір сөзбен айтқанда, әкім болу – өте күрделі, ауыр жұмыс.  

Енді Батыс Қазақстан облысына басшылығы жолында еңбек еткен əкімдердің жұмыстарына аз-кем шолу жасайық.

photoҚабиболла Қабенұлы ЖАҚЫПОВ. БҚО, Казталовка ауданының тумасы. Еңбек жолын аудандық Байланыс торабының электромонтері ретінде бастап, облыс əкімі қызметіне дейін өскен. Аймақта 1993-2000 жылдары жетекшілік етті. Бұл кісі облысымызды ең ұзақ басқарған әкім. Қабиболла Қабенұлы өңірді басқарған кезде біз мектеп қабырғасындағы бала болатынбыз. Жəне ол КСРО ыдырап, етек-жеңімізді жинай алмай, дағдарыс қос бүйірден қысқан кезде əкім болды. Сондықтан да болар, асып-тасқан еңбегі де жұрт есінде көп қалмады. Ағамыз одан кейін де жоғары қызметтер атқарып, қазір тарап кеткен Мəжіліс төрінен орын тапты.

42Қырымбек Елеуұлы КӨШЕРБАЕВ.

Қызылорданың Қазалы елді-мекенінің тумасы. Ол аймақ басшылығына Қазақстан Республикасының Білім жəне ғылым министрі қызметінен ауысып келген болатын.

Көшербаев облысты басқару ісін жаңа ХХІ ғасырмен бірге бастады. 2000 жылы Батыс Қазақстан облысына әкім болып келген Қырымбек Елеуұлының қалай жұмыс істегенін мұндағы жұрт, тіпті, әлі күнге дейін сүйсіне дейін айтып отырады. Қызметі инфрақұрылымдарды дамыту, әлеуметтік жағдайды көтеру сияқты күрделі жұмыстармен тұспа-тұс келді. Оның ішінде идеологияны ұмыт қалдыруға болмайтын еді. Қырымбек келер-келместен облыс орталығындағы жолдарды жаңартуды қолға алды. Білім министрі болып тұрған кезінде еліміздің мектептеріне компьютерлендіру науқаны қызу жүргізілгені есімізде. Осы кезеңде Үкімет басшысы Нұрлан Балғымбаевпен тіресе жүріп, білім саласына қаржыны көбіре бөлуге қол жеткізгенін талай жан әлі айтып жүр. Оның осы табандылығы, жауапкершілігі әкім болғанда да аймақ тұрғындарының пайдасына шешілді. Он екі жыл ішінде БҚО орталығындағы Орал қаласы адам танымастай өзгеріп шыға келді. Осындайда ең маңызды стратегиялық қадам логистикадан, инфрақұрылымнан басталатыны еске түседі.

Дегенмен, Орал өңірінде Қырымбек Көшербаев тұсында кейбір мәслихат депутаттарының әкімге бой бергісі келмегені де айтылмай қалмайды. Қалай болғанда да, Қырымбек Елеуұлы Оралға ойып тұрып атын қалдырып кетті. Мұндағы Қазақ драма театры, Мұз айдыны, Орал қаласының жолдарын көргенде Қырекең еске түседі. Солай бола тұра, қаланы көркейткен Қырымбек ағамыздың еңбегі ауылдық жерлерде көрінбегені де жасырын емес. Мүмкін, бұл оның мұндағы әкімдік орынтақта аздау жайғасқандығынан да болған шығар. Ол осында үш жылдай ғана отырып, өзге қызметке ауысып кете барды.

N_AshimovНұрғали Садуəқасұлы ƏШІМОВ.

Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Облыс əкімдерінің ішінде көпшілік көңілінен шыға қоймаған осы Нұрғали ағамыз екен. Оның басты себебі, әкімнің ана тіліне шорқақтығында еді. Нұрғали Садуəқасұлы мұнда Қазақстанның даму биігіне жеткен кезінде келді. Ол іргетасын Қырымбек қалаған  мешітті бітіріп, азын-аулақ елді мекенге газ тартты. Айтпақшы, жоспар бойынша ақ мешіттің көлемі ауқымды еді, бірақ бұл әкім оны тым үлкен деп кішірейтіп тастаған деген гу-гу әңгіме бірталайға созылды. Нұрекең бұған қоса Бизнес орталығын ашып, Қазпошта ғимаратын салды. Кездесулердегі сөзін «Ассалаумағалейкүм» деп бастап, қалғанын орысша сайрайтын Нұрғали Садуəқасұлы жергілікті билік тұтқсын төрт жыл ұстады. Батыс жұрты оның кеткеніне қуанбаса, аса өкіне де қойған жоқ-ау. Іштей «Счастливого пути!» деп шығарып салды...

cafe5b2248a5859c0f3c2b4910478959Бақтықожа Салахатдинұлы ІЗМҰХАМЕДОВ.

Атырау өңірінің перзенті. Бақтықожа Салахатдинұлын өзіндік бір саяси тұлға десе артық емес. Бұл кісі 2007-ші жылы Батыс Қазақстан облысы əкімі қызметінен Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар министрі қызметінен келді. Бақтықожа Ізмұхамедовтың БҚО-дағы елді-мекендерді газдандыруға көп септігі тиді. Бұл әкімнің кезінде Теректі, Сырым, Орда және Қаратөбе аудандары елді-мекендерін газдандыру мәселесі шешімін тапты. Нақтырақ айтқанда, Батыс өңірінің 90 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Және бұл кісінің бір ерекшелігі – өңірдегі ауылдарға жіті көңіл бөлуді бастады. Тағы бір тоқтада кететін жәйт – Бақтықожа əкімнің кезеңі, көбінесе, батыс жұртының есінде топан сумен қалды. 2011 жылдың 11-ші сəуірінде Орал қаласының іргесінен ағып өтетін Деркөл өзені кенеттен долы мінез танытқанда, Тасқала ауданының орталығы мен осы ауданға қарасты біраз елді-мекен және Зеленов ауданына қарасты ауылдар су астында қалды. Тасқынның тереңдігі сонша, кейбір үйлердің тек төбесі ғана көрінген болатын. Топан су кесірінен қираған үйлердің саны әр ауылда елу-алпыстап саналды. Орасан мал-мүлкі де шығынға ұшыраған тұрғындар бір күнде зар иледі де қалды.

Облыс әкімі осы алапаттан зардап шеккендердің қасынан табылып, барынша жəрдем жасады. Орал қаласы жанынан 5-ші ықшам ауданы бой түзеп, үй-жайы суға кеткендерге баспана беруге ықпал етті.

RTEmagicC_42eec42249.JPGНұрлан Асқарұлы НОҒАЕВ.

Бақтықожа Ізмұхамедов 2012-ші жылы Мəжіліске дупутат боп кетті де, оның орнын бірінші орынбасары болған Нұрлан Ноғаев басты.

Нұрлан Асқарұлы – Ақтөбе облысының тумасы. Соңғы кезде халықтың, жеке журналистердің көп сынына ұшыраған Ноғаевтың да қазіргі уақытқа дейін облысты көркейту бағытында атқарған жұмыстары жеткілікті екен (бұған есептік кездесуде көзіміз жетті). Облыс орталығынан үлкен қалалық емхана, екі көпір, Шолохов, Сырым Датұлы, Сарайшық, Селекционный, Подстёпный көшелерінің тас жолдарымен қоса Əуежайдың қонатын жолын да ретке келтірді. Оған қоса орталықтан «Достық үйі» мен «Оқушылар үйін» салуға септігін тигізді. Қаламызға көрік беретін Қадыр Мырза Әли шығармашылық орталығы мен «Салтанат үйі» салынды. Зашаған кентінен зəулім-зəулім үйлер бой көтеріп, жас отбасыларға арналған шағын аудан ірге қалады. Облыстағы спортқа қосқан үлесін айта кетсек, өткен жылы Қаратөбе мен Жымпитыдан, және Зашаған кентінен спорт ойын-сауық кешендері салынып, облыс орталығынан үлкен әлемдік стандартқа сай «Теннис» залы да пайдалануға берілді.

Жол мақсаты жету демекші, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл тұрғындарының өзекті мәселесі де осынау жол азабы болатын. Кезінде орынбасарлық қызметте жүріп көңілге түйгендіктен бе екен, Ноғаев әкім ретінде іске кіріскенде қаланы «ұмытып», шалғайдағы елді-мекендерге жол салуды басты мақсат тұтқандай.

Оған дәлел – өз ауылымыз Жаңақала жолының жөнделуі. Әмбе бұл жол сонау КСРО кезінен, яғни, 1972 ші жылдан бері жөндеу көрмеген десек артық емес.

Сол секілді, Ноғаев басқарған төрт жылда өзге де бірқатар елді-мекен жол азабынан құтылғанына көзіміз жетті. Өткен жылы Чапай –Жаңақала, Орал – Шыңғырлау, Жымпиты – Қаратөбе жолдары толық бітіп, халықтың төбелері көкке жеткендей бір қуанды. Ал Чапай – Казталовка, Орал – Тасқала жолдарының біреуінде аз ғана бітпеген жұмыстар бар. Екіншісінде іс қызу басталып та кеткен.

Жол демекші, қазіргі кезде нағыз жол азабын тартып келе жатқандардың бірі – Казталовка (Жалпақталды алмағанда), Жәнібек пен Бөкей орда аудан жұртшылығы.

Жоғарыда аталған есебінде Ноғаев нақты кесіп тұрып:

– Биыл Ордадағы «Жамантау» («Полигон») кен орны алынып, жол төсеуге қажетті тас сол жерден, яғни жақын маңнан алынатын болады. Осы арқылы Өнеге – Бисен – Сайхын – Шонай (арғы жағы Астрахандағы «Молодость» елді мекені) салынса, мына жағынан Жәнібек – Өнеге –Казталовка жолын салу жоспарда, – деген болатын.

Ендеше, «Айтылған сөз – атылған оқ!» демекші, жергілікті тұрғындар осы уәденің орындалуын тағатсыздана күтетіні де анық. Түсінгеніміздей, Жәнібек – Өнеге – Казталовка тас жолы салынса, арғы тұстан Өнеге – Бисен Сайхын жолы қосылып, облысымыздағы он екі ауданның жолы толық түзеледі деген үміт бар. Ендеше, сонау сөзді айтқан әкімнің аузына май! Бөкей Орда жұртының «УАЗ» көлігін қойып, шетелдік жеңіл автомобильдермен зулайтын күндер алыс емес деп есептейміз.

Сөздің расы керек, негізі, бұл әкімнің қаламен қатар ауылға да жіті көңіл бөліп жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта қалада салынып жатқан мектеп, емхана, спорттық кешендер ауылдарымызда да көптеп салынуда. Расында да, ауыл мен қаланы бөле-жарудың қажеті жоқ. Себебі, әр қазақтың туған жері – ауыл. Ауыл көркейсе, еліміз де көркейері сөзсіз.

Нұрлан Асқарұлы қала орталығындағы жолдарды да толық жөндеуден өтетініне уәде берді.

Ел болғасын ділгірлік ешқашан біте де қоймас. Бұған қоса Орал көшелеріндегі дүкен, жеке ғимарат атаулары қазақ тілінде жазылса, сондай-ақ өткізілетін тендерлер тиісті міндеттеген жеріне толық жетсе деген ұсынысымыз бар. Биыл Қадыр Мырза Әли шығармашылық орталығы жанынан жаңа Қала алаңы ашылмақшы көрінеді. Міне, осы алаңға Исатай мен Махамбет ескерткіші қойылса қандай керемет болар еді!

Тағы бір мәселе, теміржол вокзалынан қалаға шыққанда қарсы алдыңыздан қылышын шошаңдатып, ат үстіндегі Чапай есімді казак қарсы алып тұрады. Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады екен. Ендеше Батыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің алдындағы баланы алып тастағандай, осы Чапайды да алып, орнына қазақ үшін қанын төккен, ұлтымыздың ұлы тұлғалы ата-бабаларымыздың ескерткішін неге қоймасқа?!.

                                                             * * *

Иә, облысымызды осы кезге дейін басқарған бес әкімнің де өз орны бар. Бәрімізде ет пен сүйектен жаралдық. Сондықтан, мін тағылмайтын пенде баласы болмас. Саясат бар жерде әрқашан сын бірге жүретіні тағы мәлім. Әлбетте, бұл менің өз ойым. Көпшілік замандастарым не ойлайды, оны өздері жеткізе жатар.

Айболат БУКЕНОВ. ОРАЛ қаласы.

qazaquni.kz