Ересек адам ертегіге сене ме?
2013 ж. 16 қараша
2208
0
Қашып жүрген атыраулық экс-шенеунік Берік ЖАНКЕЕВ сұқбат беріпті...

Мүсілім Оңдағанов Берік Жанкеев
Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен бірге оның қызметтес бірнеше шенеуніктері бой жасырып қалып, іздеу жарияланды... Солардың бірі, Атырау облыстық денешынықтыру, туризм және спорт басқармасының бұрынғы бастығы Берік ЖАНКЕЕВ кенеттен пайда болып, баспасөзге орыс тілінде сұқбат беріпті... Берік былай дейді: “Менің атам соғыс ардагері, демалыстағы офицер, коммунист әрі сыйлы адам болды. Ол мені адалдыққа тәрбиелеп, қатаң тәлімге үйретті. Мен мектеп қабырғасында белсенді оқушы болдым, спортпен шұғылдандым, бокстан спорт шеберлігіне кандидаттық қорғадым. Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевпен 90-шы жылдардан таныспын. Сол кезде-ақ ол бірнеше ірі компаниялары бар ауқатты адам еді. Ол жұмыс істеген Алматы мен Ақтөбе қалаларында беделді кәсіпкер болатын. Бергей көптеген атыраулық жігіттерді де қасына жұмысқа шақырды. Оның дербес қауіпсіздік қызметі болды, бірақ, мен ешқашан Бергейдің жүргізушісі немесе оққағары болған емеспін. Тек құрал-жабдықтар жеткізетін компаниясында қызмет жасадым... Аманжан Рысқалиды маған қосақтаудың қажеті жоқ. Мен оны жылына бір-екі рет қана көретінмін. Аманжанның нашар отбасыларына ылғи көмектесіп тұратынын жұрттың бәрі біледі. Ол, әсіресе, Атырау облысындағы спорттың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Аманжан облыстық дзюдо, бокс, таэквондо федерацияларын басқарып, қаржылай қыруар жәрдем көрсетті. Мен облыс спортын басқарған кезімде жүздеген спорт ғимараттары салынды. ...Бергей Рысқалиев сияқты ондаған жылдар бойы жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарған адамның кенеттен қылмыстық топтың басшысы болып шыға келуі мүмкін емес. Әдетте, облыстың барлық бюджеттік мекемелерінде жыл сайын жоспарлы тексерулер жүргізіледі, ал, екі жыл сайын Қаржы министрлігі егжей-тегжейлі есеп-қисап жасайды. Сонда осынау мемлекеттік қызметтегі мекемелер қайда қараған? Республикада барлық көрсеткіштер бойынша бірінші орындағы Атырау облысы қалайша бір сәтте түкке жарамсыз болып қалды?.. Жаңа аймақ әкімі келгеннен кейін мен оның өз жақтастарын өзімен бірге ерте келетінін түсініп, өз еркіммен қызметтен кеттім. Ол-ол ма, енді кешегі шенеуніктерді шетінен қамай бастағанын көргенде, көзге түскім келмеді. Кінә тағылып, қапасқа түскендер облыс халқына аса сыйлы, ұзақ жылдық тәжірибелері бар өз ісінің майталмандары еді. Олар өздерінің заңға қайшы келетін ештеңе жасамағандықтарын біліп, ешкімнен жасырынбады, әділдікке сенді... Мен кінәлі болғандығымнан емес, заңсыз сотталып кететінімді білгендіктен жасырынып жүрмін. Мен ақыры әділдіктің жеңіп, біздің жазықсыз әріптестеріміздің толық ақталып шығатындығына, қылмыстық істердің тоқтатылып, біздерді аңдудың доғарылатындығына сенемін. Біз 21 ғасырда, құқықты мемлекетте өмір сүріп отырмыз...” *** ...Қайдам, қашып жүрген адамның қиялы жүйрік бола ма, жүрегі жұмбақ бола ма, түсінбедім... Бірақ, ересек адамның ертегіге сенгені ғажап құбылыс қой?!. “Ертегі” демекші, Берік Жанкеевтің біздің облыстағы әріптесі, кеше ғана Батыс Қазақстан облыстық денешынықтыру, туризм және спорт басқармасының бұрынғы бастығы кезінде талай Әлем мен Олимпиада чемпиондарын дайындап, өмірі ертегідей болып жүрген Мүсілім ОҢДАҒАНОВтың бүгінгі тағдыры да бұлыңғыр тартты. Батыс өңірі спорт батырларының ұлағатты ұстазы, адуынды ақылшысы, мерейлі мақтанышы Мүсілім Оңдағанов та қазір азар да безер ақталуға тырысып, қалайда қорғануға мәжбүр болып отыр. Бір замандағы Орал қаласы әкімінің орынбасары Мүсілім Оңдағановтың жастардың жігерін жанып, намысына от жаққанын қалайша мүлдем ұмыт қалдырдық?!. Сол жалынды жастар Жайықтың намысын қорғап, беделін биіктетпеп пе еді?.. Намыстының ғұмыры құрдымға кетсе, серкенің тағдыры сергелдеңге түссе – елдің ертеңі не болмақ?!.Қажымұқан ҒАБДОЛЛА