Тоқаев Еуропалық Кеңес және Еуропалық Комиссия Президенттерімен келіссөздер жүргізді
2026 ж. 23 маусым
44
0
Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен келіссөздер жүргізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЕО көшбасшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы байланыс екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары деңгейге жеткенін атап өтті.
– Өзара сенім мен құрметке негізделген біздің қарым-қатынасымыз шынайы стратегиялық сипатқа ие болды. Мен Брюссельге сан қырлы ынтымақтастығымызды ортақ мүддеміз бар барлық салада тереңдету мақсатында келдім. Жаңа ғана қол қойылған маңызды келісім мен меморандумдар ықпалдастықты одан әрі нығайтуға бейіл екеніміздің айқын дәлелі. Бүгінгі келіссөз қорытындылары Қазақстан-Еуропа қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ЕО арасында аса жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог жолға қойылғанын айтты. Сондай-ақ еліміздің аймақта бірінші болып ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойып, ратификациялағанын еске салды.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға айрықша назар аударды.
– Бүгінде ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Еуропалық компаниялар экономикамыздың түрлі саласына зор үлес қосып келеді. Олардың табысы еуропалық бизнестің Қазақстанға деген сенімін байқатады. Біз Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы сенімді серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ еуропалық инвесторлар үшін тұрақты әрі тартымды инвестициялық климат жасауға ұмтыламыз, – деді Президент.
Еуропалық Комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің айтуынша, Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаннан бергі он жыл ішінде өзара сауда көлемі екі еседен асқан.
– Мұның өзі көп жайтты аңғартады. Сонымен қатар түрлі саладағы әлеуетіміз әлі де мол. Біз сауда қатынастарын, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға мүдделіміз. Бұдан бөлек, өзара тауар айналымы мен инвестицияға тың серпін беру мақсатында сауда-саттықтағы кедергілерді еңсеру мәселелерін бірлесіп талқылауымыз қажет. Тағы бір мәселе. Визалық режимді жеңілдету және реадмиссиялау жөніндегі келісімдер бойынша белсенді жұмыс қолға алынған. Бұған қатысты келіссөздер аяқталып келеді, – деді Урсула фон дер Ляйен.