Заңгер Қаңтар қасіреті үшін Назарбаевты жауапқа тарту керектігін айтты
2026 ж. 08 маусым
40
0
Басымыздан өткен қайғылы 2022 жылғы «қаңтар қырғыны» мемлекеттік төңкеріс әрекеттері әлі де толық зерттеліп зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекетіне құқықтық сараптама жасалып, жауаптылығы анықталмады.
Назарбаевтың көлеңкесінде қалбалақтап өскен билікпен құқық қорғау органдары үнсіз жатқандықтан, болашақта Елімізді осындай қасырет пен опасыздықтан сақтау ниетімнен жаңа Ата Заңда бекітілген «Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып» - заңдылықты қорғау мақсатында Бас прокуратураға арыз жаздым...

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асылов Берік Ноғайұлына
Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекетінің заңдылығын тексеру жайлы арыз
Менің сіздерге арыздануымның себебі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2019 жылы 20 наурызда ресми түрде өз еркімен Қазақстан Президенті - мемлекеттiң басшысы, ең жоғары лауазымды тұлға қызметінен кеткенінен кейін «Елбасы» аталып, «Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық» етуіне заңдық негіз жоқ болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл заңсыз әрекеті үшін Қазақстан Конституциясының 3-бабында бекітілген: «Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады» - деген нормаға сәйкес жауап беруі керек.
Осының кесірінен мемлекеттік органдардың басшылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқаруын мойындамай елімізге де қиянат жасады.
Конституциялық заңдылықтың өрескел бұзылуы, орындалмауы 2022 жылғы «қаңтар қырғынына» мемлекеттік төңкеріс жағдайына жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеттігін заңсыз шектеулер қайғылы қаңтарда 232 адамның қазасына, 3 миллиард доллар шығынға әкелді.
(Егемен Қазақстан газеті 03.01.2024) Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар.
Өкінішке қарай, ішкі саяси дағдарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды.»
Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуінің заңсыздығын Нұрсұлтан Назарбаев 2022 жылғы 18 қаңтардағы мәлімдемесінде мойындап, «..мен 2019 жылы Президенттік өкілеттігімді Қасым-Жомарт Тоқаевқа бердім, сол уақыттан бері зейнеткермін..» - деді.
Құрметті Берік Ноғайұлы, сізден осы арызда аталған заң бұзушылықтарды тексеріп, әділ шешім қабылдайды деп сенемін.
А. Мухамадиев,
Қазақ үні