Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру – Мемлекет басшысы

Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру – Мемлекет басшысы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанның The News International газетіне сұхбат берді.

Сұхбат барысында журналист қазіргі Қазақстанның стратегиялық даму векторы жөнінде сұрады.

"Қазақ үні" президент жауабын ұсынады.

***

Мақсатымыз – Әділ, Қауіпсіз, Таза және Озық Қазақстан құру. Бұл ретте біз «Заң және тәртіп» қағидатын бәрінен жоғары қоямыз. Ал халқымыздың ынтымағы қастерлі құндылық ретінде қарастырылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел саналады. Былтыр жоғары экономикалық өсім тіркелді. Ал ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі тарихи межеге жетті.

Инвестициялық саясатымыз тұрақты, ашық әрі түсінікті іскерлік орта қалыптастыруға бағдарланған. Сонымен қатар біз таяу жылдары Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыруды көздейтін стратегиялық міндетті орындауды қолға алдық. Жасанды интеллект пен басқа да озық технологиялар белсенді енгізіліп жатыр.

Қазақстанды Еуразиядағы басты транзит хабына айналдырғымыз келеді.

Бұдан бөлек, еліміздің энергетика саласын жаппай жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда шетелдік инвесторлармен бірлесіп ірі жобаларды іске асыра бастадық.

Бұл қадамның бәрі таңдаған жолымыздың қандай екенін көрсетеді. Мақсатымыз – әртараптандырылған, технологиялық тұрғыдан озық әрі әлемдік деңгейдегі бәсеке төтеп бере алатын экономика құру, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту.

Қ. Тоқаев, 

The News International сұхбатынан үзінді