Азат Перуашев: Бір палаталы Парламентке көшу - демократиялық дамуға жол ашады

Азат Перуашев: Бір палаталы Парламентке көшу - демократиялық дамуға жол ашады

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған бастамалар қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Әсіресе әлеуметтік-экономикалық реформалар, цифрландыру және саяси жүйедегі өзгерістер ерекше назарда. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Egemen.kz-ке сұхбат беріп, Жолдаудың ерекшелігі, жасанды интеллект министрлігін құру идеясы және инвестицияларға қатысты ұсыныстар туралы өз пікірін білдірді.

- Біріншіден, расымен биылғы жолдаудың ерекшелігі – стратегиялық маңызы бар құжат екендігінде. Сол себептен қашанда біз бұл құжаттан көп жаңалық, көп өзгеріс күтеміз. Биылғы жылы да бірнеше өте маңызды, әсіресе әлеуметтік-экономикалық дамуға байланысты жаңалықтар айтылды. Оның ішінде, мысалы, Бас прокуратура туралы: бұл орган енді бизнесті қадағалап ғана қоймай, қызметін инвесторларды қорғауға бағыттамақ. Яғни, қазіргі кезде инвесторлар Бас прокуратурадан тікелей көмек таба алады.

Цифрландыру сияқты жаңа бағыттар тек экономика мен кәсіпкерлерге ғана емес, жалпы еліміздің өміріне, мемлекетіміздің дамуына әсер ететін тетік. Президент оны толыққанды енгізуге, қолдануға тапсырма беріп отыр. Бұл, расында да, барша үрдістерімізге, дамуымызға қатты серпін беруге тиіс бастамалар. Оның ішінде жасанды интеллект, цифрландыру, криптовалюталарды пайдалану, «цифрлық сити» құру сияқты тапсырмалар жария етілді.

Биылғы жолдаудың ерекшелігі – осындай мазмұнды бастамалардың көптігінде.

Негізінде бірнеше жыл бұрын, мысалы 2022–2023 жылдары да әділетті экономика құруда жеке меншік банктердің орны ерекше болуы керек деп тапсырма берілген. Банктердің экономиканы, бизнесті, кәсіпкерлерді, шағын және орта бизнесті қаржыландыруды белсендіруге арналған тапсырмалар бұрын да айтылды. Енді банктердің жұмысы туралы заңды дұрыстап қарастыру тапсырылды. Яғни, енді банктердің рөлі тек өз акционерлері үшін пайда табу ғана емес, сонымен қатар, заң талабы бойынша ел экономикасындағы рөлін күшейту болмақ.

Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын тиісті деңгейге шығару тапсырмасы өте орынды. Мұндай аймақтар әрбір облыста, әрбір қаланың жанында болса да, олардың экономикамызға ықпалы әлі жеткілікті дәрежеге шыққан жоқ.

Өнеркәсіп саясатын бір жүйеге келтіру туралы тапсырма да өте орынды. Сирек металдарды шығару мәселесі бұрыннан көтеріліп келеді. Бұрынғы кезде біздің ірі шикізат шығаратын «Қазақмыс», «Казцинк», ERG, KazMinerals секілді компаниялармыз негізінен дәстүрлі қара және түсті металдармен жұмыс істеп келген. Соңғы бірнеше жылда бүкіл әлемде сирек металдарға сұраныс күрт өсіп отыр. Себебі, бұл металдарды пайдалану арқылы жаңа технологиялар, оның ішінде IT технологиялар дамып келеді. Сол себептен Президент осы жолы сирек металлургияны дамытуға тапсырма берді. Кемінде үш жаңа ірі өнеркәсіп ашу міндеттелді.

Атом энергетикасына келер болсақ, тек қана Ресей компаниясымен емес, сонымен қатар, Қытай серіктестерімен де байланыста болып, тағы екі станция ашу туралы шешім қабылданды.

«Ақ жол» партиясы да биыл сирек металдар жайында Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Президент азық-түлік өндірісіндегі жағдайды қатты сынға алды. Бұл пікірді біз қолдаймыз. Себебі, кейбір дүкендерге кірсеңіз, өзіміздің отандық өнімнің үлесі мәз емес. Әсіресе, сүт пен ет өнімдерінің көбі Ресейден немесе Беларусьтен әкелінеді. Ал, негізінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында азық-түлік өндіретін кәсіпорындар бар. Бірнеше компанияны атап айтуға болады: мысалы, «Кублей» зауыты немесе Көкшетаудағы сүт зауыты және басқа да өндіріс орындары. Бірақ мемлекет тарапынан қолдау жеткіліксіз болғандықтан, қазір біз олардың өнімдерінің нарықта екінші қатарда тұрғанын көріп отырмыз. Бұл жағдайды міндетті түрде өзгертуіміз керек.

Президент кеден саласын реформалау туралы да айтты. Биылғы жазда «Ақ жол» партиясының депутаттары барша аймақтарды аралап, Семейде, Қорғаста болғанымда, кәсіпкерлер мен тасымалдаушылардың наразылықтарын жиі көрдім. Әсіресе, кеден бекеттерінің жұмысына байланысты көп шағым бар. Осыған байланысты біздің фракция депутаттары Абай облысындағы «Бақты» кеден бекетіне барып, кәсіпкерлердің өтініші бойынша жұмыстың жағдайымен танысып, мәселені талқылауды жоспарлады. Президенттің шағын және орта бизнестің дамуына ерекше назар аударғанын қолдаймыз. Оның ішінде Салық кодексінің әкімшілендіруін кәсіпкерлердің мүддесіне сай ету қажеттігін ерекше атап өткіміз келеді. Есіңізде болса, «Ақ жол» фракциясы нақты себептермен Салық кодексіне қарсы дауыс берген болатынбыз. Ал Президенттің жаңа Салық кодексін қолдану аясында салықтық әкімшілендіруді дұрыстау туралы, оны кәсіпкердің мүддесіне және Кәсіпкерлік кодексіне сай келтіру туралы тапсырмасын біз толық қолдаймыз және өзіміздің нақты ұсыныстарды бірден жарияладық. Жолдаудан бір күннен кейін мәжілістегі жалпы отырыста осы мәселе жөнінде арнайы депуттаттық сауал жолдадық. 

Президент даму институттарының жұмысын өзгертуге тоқталды. Бұрын бұл институттар көбіне өздеріне жақын кәсіпкерлерге қолдау көрсетсе, енді жалпы бүкіл шағын және орта бизнеске пайдалы болуға тиіс. Квазимемлекеттік компаниялардың экономикаға араласуын шектеу туралы тапсырмасы да өте орынды. Бұл бастамалардың барлығы әлеуметтік-экономикалық дамуға дұрыс ықпал етеді деп санаймыз.

Сонымен бірге, биылғы жолдаудың ерекшелігі – саяси жүйеге ұсынылған өзгерістер. Бір палаталы парламентке көшу, Сенатты қысқарту мәселесі және келешекте депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау ұсынылды. Президент Тоқаев ешқашан тағдыршешті өзгерістерді аяқ астынан ұсынбайды. Бұрынғы билік тұсында Конституцияға немесе басқа да аса маңызды мәселелерге қатысты өзгерістер дәл қабылданар алдында жарияланып, халық талқылап үлгерместен қабылданатын. Ал бұл жолы Президент мәселені халық назарына шығарып, бір жыл бойы талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл Тоқаевтың ашық саясат жүргізуге дайын екенін көрсетеді. Референдум 2027 жылға жоспарланып отыр.

«Ақ жол» партиясы 2017 жылы Назарбаевтың тұсында Конституцияға өзгерістер ұсынылғанда да Сенатты қысқарту және бір палаталы парламентке көшу туралы ресми ұсыныс жасады. Ол кезде бұл ұсынысқа билік қарсы болды. Бірақ біз өз пікірімізде қалдық және оны үнемі көтеріп келдік. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймыз.

Басты себептердің бірі: Сенат – федеративті мемлекеттерге тән жүйе. Ресей, Америка сияқты елдерде жергілікті федерация мүшелері өз заңдарын, өз тәртіптерін, азаматтарға көрсетілетін қызметтерді өздігінше реттеуге құқылы. Ал біз унитарлы мемлекет болғандықтан, заңдарымыз бірыңғай, тәртібіміз бірдей, азаматтарымыз Алтайдан Атырауға дейін қай өңірде тұрса да, құқықтары мен жағдайлары бірдей болуы тиіс. Сол себептен екі палаталы парламенттің қажеті жоқ. Бұрын Сенат көппартиялы Мәжіліс үстінен қадағалаушы орган ретінде жұмыс істеді. Мәжіліс қабылдаған заң жобаларында билікке ұнамайтын нормалар болған жағдайда, шенеуніктер Сенаттың құзыретін пайдаланып, сол нормаларды заңнан алып тастауға немесе тоқтатуға мүмкіндік алатын. Мұндай мүмкіндік болмауға тиіс, көппартиялы Парламент өз сайлаушыларының пікіріне сай қандай шешімдерге келсе, сол нормалар тікелей Президенттің қараластырылуына жетуі тиіс. Себебі, заң тек қана Президент қол қойғаннан кейін қабылданды деп есептеледі. 

Бір палаталы парламентке көшу – унитарлы мемлекет қағидасына сай келеді және көппартиялы парламенттің шешімдеріне тосқауыл қоймайды. Ал депутаттарды тек партиялық тізім арқылы сайлау – партиялардың рөлін күшейтіп, ықпалын арттырады. «Ақ жол» партиясы талай сайлаудан өткен тәжірибесінде көргеніміздей, бір мандатты сайлауда көбіне билік қолдаған кандидаттар жеңеді. Мысалы, 2023 жылғы сайлауда «Аманат» партиясы пропорционалды жүйе бойынша (партия тізімімен) 54% дауыс жинаса (69 орынның 40-ы), мажоритарлы (бір мандатты) жүйе бойынша бірден 76% орынға ие болды (29-дың 22-сі). Яғни, бірмандаттық округтерде билік партиясы 22% артық мандат алды. Және де бұл тек біздің ерекшелік емес, мысалы Ресейде де алдыңғы Мемлекеттік Дума сайлауында пропорционалды жүйе бойынша «Единая Россия» 49 пайыз жинап (тағы төрт партияны өткізді), ал бірмандаттық округтерде сол партия мандаттардың 90 пайызын иеленді. Яғни, бір мандатты жүйе биліктің пайдасына көбірек қызмет етеді.

Сонымен қатар бір мандаттық сайлауда жеңіске жету үшін үміткер 50 пайыздан астам дауыс алуы тиіс. Демек көпшілікпен келіспейтін өзіндік пікірі бар адамдар, қаншалықты білімді, тәжірибиелі, мықты болса да мажоритарлы (бірмандатты) жүйеде парламентке өте алмайды. Ал демократия – тек көпшіліктің таңдауы ғана емес, бұл, сонымен бірге, өзіндік пікірі бар азаматтарға мемлекет дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік беру. Мұндай мүмкіндікті тек пропорционалды, яғни, партиялық тізім бойынша сайлау жүйесі береді. 

Бұл тек біздің пікіріміз емес, Еуропа кеңесінің Венециялық комиссиясының «Демократиялық парламенттегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасында да, «пропорционалды жүйемен партиялық тізім арқылы өтетін жүйе қоғам мүддесін кеңірек қамтиды» деп көрсетілген.

Демек, партиялық тізім – демократияға көбірек мүмкіндік береді. Сондықтан, «Ақ жол» партиясы Президенттің ұсыныстарын қолдайды. Бұл мәселенің түпкілікті шешімін халық референдум арқылы қабылдауы тиіс. Партиямыз референдумға дейінгі кезеңде осы жүйенің артықшылықтарын көрсетуге бар күшін салады.

- ЖИ министрлігі құрылсын деген ұсыныс бар. Сіз бұл ұсынысты қалай бағалайсыз? Оның функциялары мен жауапкершіліктері қалай болуы керек деп ойлайсыз? 

- Бұл екінші мәселе, қазіргі кезде цифрлық даму министрлігі бар. Енді Президент оның құзыретін кеңейтейін деп жатыр. Себебі, мемлекеттік қызмет, мемлекет басқару, қоғамдық даму, экономиканың көтерілуі сияқты көптеген салаларда ЖИ мүмкіндіктерін толық пайдаланамыз деп жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл кезде мемлекет тарапынан бір үйлестіруші болу керек, бұл мәселені 3-4 рет парламентте көтерген болатынбыз. Цифрландыру үрдісінің барысында жергілікті органдар, үкіметтегі жеке-жеке ведомстволар әрқайсысы өзінің жүйесін қалыптастырып, оған миллиардтап ақша жұмсады, бірақ бұл жүйелер өзара бір жүйеге келтірілмегеннен кейін нәтижесіз болып шықты. Сол себепті біріңғай үйлестіруші болу керек, біз бұл идеяны қолдаймыз, бұл жұмысты бір платформаға тоғыстыру туралы ұсыныс та жасадық. Цифрландыру ЖИ-ті қолдану жұмыстарын қалыптастыру керек деп санаймыз. Бұл жерде министрлікке тиісті мүмкіндіктер беруіміз керек, әйтпесе, бізде әрбір министр, әрбір әкім цифрландыруға арналған бюджеттік милиардтарды өзінше қолданып, ақыр аяғында олардың платформалары жеке-жеке салаларға ғана пайдалы, яғни, ортақ жүйеге келтірілмеген. Сондықтан, ЖИ қолдану жүйесін бір тәртіпке, бір қалыпқа келтіруіз қажет. Меніңше, министрліктің жұмысы осы болу керек.

- Облыстар мен ауылдардағы цифрлық инфрақұрылым, байланыс қызметтері, интернет сапасы сияқты мәселелерді шешу үшін депутат ретінде қандай шешімдер ұсынасыз?

- Ауылдық жерлерде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу қаншалықты қолжетімді болады деген сұрақ орынды. Жақында оптикалық талшықты байланыс тарту туралы заң қабылданып, оған бюджет бөлінді. Бірақ шынын айтсақ, бұл мәселе бойынша өз пікірім бар. Себебі кейбір ауылдарымызды біз әлі ауыз сумен, жолмен, басқа да әлеуметтік инфрақұрылыммен тиісті деңгейде толық қамти алмай отырмыз. Жасанды интеллект пен цифрландыру мәселесіне дейін алдымен әлеуметтік инфрақұрылымды шешуіміз керек. Содан соң жасанды интеллект пен цифрландырудың кезегі келеді.

Жасанды интеллектке келсек, балаларды мектептен бастап осыған оқыту қажет. Түрлі пәндер енгізіп, жүйелі үйлестіру керек. ЖИ ауыл шаруашылығында да, өндірісте де, бизнесте де қолданыла алады. Бірақ бұл жұмысты жоспарлы, жүйелі түрде дамытуымыз қажет.

- Жолдауда «Инвестицияларға тапсырыс» моделі туралы айтылған. Бұл модельдің ашықтығы мен тиімділігін қалай қамтамасыз ету керек деп ойлайсыз?

- Инвестиция дегеніміз — адамның, яғни, инвесторлардың, компаниялардың шешімі. Олар қашан инвестиция құяды? Оларға ыңғайлы, табысты жағдай жасалғанда ғана. Бұл жерде салық саясаты да олар үшін пайдалы болуы қажет. Алдымен инфрақұрылыммен қамтуымыз керек. Мысалы, шалғай жерде орналасқан өңірде пайдалы ресурстар болып, оған жететін жол жоқ болса, қажетті электр қуаты тартылмаса, жұмыс істейтін адамдарға жағдай жасалмаса, әрине, ол жаққа инвестиция ешқашан салынбайды.

Сол үшін табиғи байлық туралы айтсақ, алдымен барлауды дұрыс жолға қоюымыз керек сияқты. Жеріміздің қай жерінде қандай мүмкіндіктер барын зерттеп, оны насихаттауымыз қажет. Бұл жерде мемлекетік органдарының рөлі бөлек, дұрыстап көрсетіп, инвесторларды шақыруымыз керек. Бірақ, шақырумен шектелмей, нақты жағдай жасауымыз қажет. Себебі, соңғы кезде біз түрлі презентациялар жасап, шақыруды үйреніп алдық, ал инвесторлар келіп, өзіміздің бюрократтармен көп уақыт жоғалтқаннан кейін бәрін тастап, не өзбектерге, не қырғыздарға, не Ресейге кетіп қалып жатыр.

Жолдауда айтылған «Инвестицияларға тапсырыс» моделі де маңызды. Бұл модельдің табысты болуы үшін ашықтық пен тиімділік қажет. Бірақ ең бастысы – ұлттық мүддені ұмытпау. Себебі, бұрын ірі мұнай-газ жобалары Қазақстанға пайдасы аз шарттармен жасалған. Мұндай қателікті қайталамауымыз қажет.

Яғни, бұл жолы инвесторларды шақырғанда, оларға барша тиісті жағдай жасап, бірақ Конституциямызға сай, жер мен ел қойнауының шын иесі — Қазақ халқы екенін естен шығармауымыз қажет. Экономикамызды дамыту үшін ең алдымен ұлттық мүддемізге сай қадам жасауымыз керек деп санаймыз.