Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайды - СІМ

Қазақстан санкцияларды айналып өтуге мүмкіндік жасамайды - СІМ

Қазіргі кезде Қазақстандағы ешбір компанияға қайталама санкция салынған жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін аталған министрлікте өткен брифингіде тілшілер шетелдік БАҚ-та Ресей жағы санкцияларды айналып, тыйым салынған технологияларды алып жатқаны туралы мәліметтер жарияланғанын айтты. Осы орайда Қазақстанға санкция салу қаупі жайында сұрақ қойылды.

«Елімізде барлық келісімшарттарды алдын ала зерттейтін мамандар мен сарапшылар бар. Атап айтқанда, Қазақстан санкцияларды айналып өтуі үшін аталған елге тиісті мүмкіндік жасамайды. Қазіргі кезде Қазақстандағы ешбір компанияға қайталама санкция салынбады», - деді А. Смадияров.

Айта кетейік, жақында Bloomberg агенттігі Ресей санкцияларды айналып өту жолымен технологияларды алып жатқаны туралы ақпарат жариялады.