ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ГЕОСАЯСИ МАҢЫЗЫ АРТЫП ОТЫР

ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ГЕОСАЯСИ МАҢЫЗЫ АРТЫП ОТЫР

Халықаралық қатынастар ушығып тұр. Танымал сарапшылардың аузынан «Жаңа Әлемдік тәртіп» мәселелері де қарастырыла бастады. Осы ретте, Орталық Азия аймағының геосаяси маңызы артып, жетекші ойыншылардың барлығы өз ықпалдарын аталған аймақта арттыру мәселесімен шұғыл кіріскенге ұқсайды. Біз тұратын аймақтың әлем назарына ілініп, қарым-қатынастардың жаңа көкжиегі көңіл қуантса, екінші жағынан «жетекші ойыншылардың қақтығыс алаңына айналып кетпей ме? ¬– деген қорқыныш та жоқ емес. Орталық Азияға кіммен, қандай байланыста болған дұрыс?...

Әлқиссасын айталық...

                           Орталық Азия + Ауғанстан

      Бір жыл бұрын Орталық Азия аймағына көрші болып табылатын Ауғанстанда ресми билікті Халықаралық деңгейде террористік ұйым болып танылатын Тәліптер басып алды. Аймақ территориясын тарихтың әртүрлі кезеңінде бақылауында ұстаған Ұлыбритания, Ресей және АҚШ, ауған мемлекеті үшін де, оның көршілері үшін де «ендігі жерде мәселелеріңді өздерің шешіп алыңдар» деген кейіпте қалдырып кете барды. Орталық Азия өзінің дәл іргесінде орналасқан осы бір тұрақсыз аймақпен қалай да қатынас орнатуға мәжбүр.

Орталық Азия + Ресей

          Украина мен Ресей Федерациясы арасында болып жатқан әскери қақтығыстар Орталық Азияның жалпы қауіпсіздік мәселесіне тікелей әсер етіп отыр. Біріншіден, соғыс ұзаққа созылып, жаңа деңгейге көтерілген жағдайда аймақ мемлекеттерінің тікелей немесе жанама соғысқа араласу қауіпі бар. Екінші жағынан, Орталық Азия мемлекеттерінің транспорттық-логистикалық маңызының артуы. Мәселен, Қазақстанның сыртқы шығарылатын энергоресурстарының 70 пайызы Еуропа елдеріне жеткізіледі екен. Бірақ, осы 70 пайыз, Еуропалық елдердің тұтынушылық сұраныстарының тек 6 пайызын ғана қанағаттандырады. Үшіншіден, Ресей Федерациясының қарсыластары Мәскеуді әлсірету мақсатында айналасында (периферия) тұрақсыздық орнатуды да көздеуі мүмкін. Мәселен, Әзірбайжан-Армян, Қырғыз-Тәжік қақтығыстары.

Орталық Азия + Қытай

          2022 жылдың қазан айының 16-22 жұлдыздары аралығанда Қытай Халық Республикасында Қытай коммунистік партиясының тарихи 20 съезді өтті. Қорытындысы бойынша, қытай жоғарғы билігінде сақталған билік алмасу ережесін өзгертіп қазіргі төраға Си Цзиньпинь мырза үшінші кезеңге аяқ басты және ең бастысы өмірінің соңына дейін билік құру жүйесін құрып алды. Әлемнің екінші экономикасы және әлемнің ең үлкен тұтынушысы болып табылаты ҚХР-дағы саяси өзгерістер Орталық Азия үшін ғана емес, әлем үшін маңызды. Әлемнің барлық Бұқаралық ақпарат құралдары 20 съездің толықтай қадағалып отырды. Қытайдың Орталық Азияға қатысты қарым-қатынасы аймақ үшін аса маңызды бағыттың бірі. Қытай Халық Республикасы үшін Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау өте маңызды. Аймақтағы тұрақтылықты сақтау тек экономикалық мүдде тұрғысынан ғана емес, мемлекеттің ішкі тыныштығын бұзбау үшін де қажет. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында мұсылман халықтарының болуы, оның ішінде орталық билікке қарсы оппозияцияның болуы, оның ықпал ету аймағына тым жақын Ауғанстан Ислам мемлекетінің құрылуы, сонымен қатар олардың тарихи, этникалық және ең бастысы, діни бірлігі Қытай үшін маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қытай басшылары Орталық Азия аймағын діни экстремизм мен радикалды ағымдардың өз аумағына енуіне жол бермеу үшін қалқан «буфер» ретінде пайдаланбақ.

Орталық Азия + Түркия

          Реджеп Тайып Эрдоған басқарып отырған Түркия Республикасы да тарихи тамырдың ортақтығын, этникалық туыстықты және ең бастысы Тұран идеясын алдыға тартып, Орталық Азия аймағын ғана емес түтас Түркі әлімін тұтастандырғысы келеді. Ол үшін де Орталық Азия маңызды аймақ болып отыр. Тұран идеясы бүгін-ертең іске аса қоймасы түсінікті, тіпті мәңгі идея қалпында қалар. Дегенмен, Орталық Азия аймағындағы күштер теңдігін сақтау мәселесінде Түркия салмағы маңызды.

Орталық Азия + Еуропалық Одақ

         Орталық Азияның шынымен геосаяси маңызы арты ма, әлде энергоресурс алдағы қыстан толық шығуға жетпейтіндіктен бе, Еуропалық Одақ кеңесінің басшысы Шарль Мишель келді Елордаға. Орталық Азия + Еуропалық Одақ форматында жаңа бір платформа пайда болып, тараптар қарым-қатынастың мүмкіндіктерін талқылады. Еуропалық Одақтың бұл қадамынан бірнеше себеп көргендей болдық: біріншіден (ең басты себеп), шынымен энергетикалық мұқтаждық. Еуропаның жер-жерлерінде қымбатшылыққа қарсы шерулер белең алуда. Еуропа осы қыстан аман шығу үшін тіпті ЖОО-ын ішінара онлайн режимге көшіруді қарастыруда деген ақпараттар бар. Мейрамханалар мен асханалар тамақ даярлауда электр қуатын емес қарапайым оттың шоғын пайдалануға көшіп те кетті; екіншіден, Ресейдің Орталық Азия аймағындағы ықпалы азайған уақытта, аймақ мемлекеттерімен екі жақты және көп жақты форматтарда қарым-қатынас деңгейін жаңа сатыға көтеру; үшіншіден, РФ-ын айналып өтетін транспорттық-логистикалық жаңа жолдардың әлеуетін арттыру.

Орталық Азия + АҚШ

          Орталық Азия және АҚШ қатынастарын жеке қарастыратындай деңгейде емес. Дегенмен, аймақтағы сарапшылар күштер теңдігін сақтауда жаһанның көшбасшы ойыншысын да бұл ойынға араластырудың маңызды екендігін айтуда. Біздің ойымызға бірден Американдық ғалым, Джон Хопкинс Университетінің Орталық Азия және Кавказ институтының профессоры Фредерик Старрдың «Үлкен Орталық Азия» идеясы оралады. Әрине, бұл сол кездегі негізгі мақсаты АҚШ-тың жаңа аймаққа кіру үшін жасалған теориялық қадамдары болатын. Бірақ, «Үлкен Орталық Азия» жобасы сәтсіз болды деп айтсақ болады. АҚШ-тың жаңарған сыртқы саясатында Орталық Азия аймағының маңызы нақты көрсетілмеген, бірақ бұл АҚШ үшін Орталық Азия маңызды емес дегенді білдірмейді. Ал Орталық Азия үшін аймақтағы күштер теңдігі мәселесінде АҚШ салмағы маңызды.

«Орталық Азия +» формуласын тарқатып жаза беруге болады. Себебі, мүдделі ойыншылар көп. Мәселен, Индия, Иран, БРИКС, АСЕАН және т.б. Негізгі сұрақ тараптардың бәрін тізіп шығу емес, Орталық Азияның өзіне қайтпек керек? Орталық Азия ішінде интеграция бар ма?

Орталық Азия = Алты Алаш

           Алты Алаш идеясы. Жаһандану заманындағы халықаралық қатынастарда күштердің ара-салмағын реттеу, экономикалық өзара тәуелділік, ұжымдық қорғану немесе қиыншылықтар мен қақтығыстардың алдын алу мәселелерінде интеграциялық үдеріс аса маңызды. Еуропалық Одақ интеграцияның ең жетілдірілген үлгісін көрсетіп отыр. Әрине, Еуропалық Одақтың интеграциялық үдерісінде қайшылықтар мен кемшіліктер бар, дегенмен, ұжымдық басқару, қорғану мәселелерінде Орталық Азия үшін бізге нақты ұтымды мысал бола алары даусыз.

          Еуропалық елдер халықаралық қатынастар сахнасындағы күштер ара салмағында Еуропалық Одақ аясында интеграцияға түсу керек екендігін екінші дүние жүзілік соғыс аяқталғаннан кейін қолға алды. Осыған ұқсас Еуразия құрлығында екі күшті империя арасында орналасқан Орталық Азиялық мемлекеттер үшін, күштер арасындағы теңдікті сақтау үшін шұғыл интеграция жасау керектігі қазіргі осы мемлекеттердің ғалымдарының да басшыларының да ресми мәлімдемелерінен айтылып жүр. Ал осы интеграциялық үдерістің тарихи бастауы Қазақ хандары, Хақназар, Тәуекел хандардан басталған, Абылай хан сыртқы саясатының негізгі басымдықтарына айналған «Алты Алаш» идеясынан басталады. Қазақ хандары халықаралық геосаяси ойындардың барысын нақты болжай алған және алдын-ала ұтқыр шешімдер қабылдаған. «Алты Алаш» құрамына Орталық Азиядағы бес мемлекетті құраушы ұлттарды және бір жерлерде Қарақалпақ ұлтын, екінші бір жерлерде Ноғай ұлтын қосып отырады. Қалай болғанда да Орталық Азия мемлекеттері үшін бағзы заманнан қазіргі уақытқа дейін, аймақтағы ұжымдық шешімдер, ұжымдық қорғану, өзара қайшылықтарды аймақ ішінде өзара тәуелділік қағидаттары арқылы реттеу мақсаттары күн тәртібінен алынған емес.

          ХХІ ғасырдағы Орталық Азия аймағының маңыздылығының артуы, аймақтың табиғи ресурстарға бай қоры, аймақтың транзиттік әлеуеті, сонымен қатар, геосаяси тұжырымдар бойынша болжанып отырған жарқын болашағы, халықаралық қатынастардың жаңа тәртіптері мен ережелері қалыптасып жатқан уақытта Қазақ хандарының «Алты Алаш» идеясын тарихи негіз етіп ала отырып, Орталық Азия мемлекеттер арасындағы интеграциялық үдерісті жылдамдату керек.

        «Алты Алаш» идеясын көтерген Қазақ хандары тұсында Қазақ хандығының өркендеу және даму кезеңін бастан кешіргенін көреміз. Қазақ хандығы тарихындағы халықаралық дәрежеде мойындалған, аймақтық дәрежеде беделі сақталған, ішкі саясатта тұрақтылық пен тыныштық қамтамасыз етілген кез-келген хронологиялық кезеңдерді алып қарасаңыз Қазақ хандарының сыртқы саясатында теорияға негізделген ұтымды тұжырымдар болған. Орталық Азия аймағы «Алты Алаш» идеясынан бас тартып, әр мемлекет сыртқы саясатын жеке жүргізе бастаған уақыттан бастап, отарлау және тәуелсіздіктен айырылу кезеңдері басталды. Патша үкіметіне қарсы әр жердегі көтерілістер, ұжымдық деңгейге көтеріле алмады және нәтижесінде Орталық Азия тұтастай отар елдер қатарына қосылды.

         «Алты Алаш» идеясы патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнайтын аралықта Алаш қайраткерлерімен қайта көтерілді. Дегенмен, Алашордашылардың геосаяси қадамдары мен тұжырымдары басқа мақала мен терең зерттеуді талап етеді. Тек біз «Алты Алаш» идеясының ХХ ғасырда да өлмегенін, тарихи сабақтастық сақталғандығына тағы бір назар аудартқымыз келеді.

ҚР жоғары оқу орындарында «геосаясат негіздері», «халықаралық қатынастар теориясы» пәндері оқытылған кезде, міндетті түрде Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан және Абылай хан мысалындағы қазақ көшбасшыларының геосаяси тұжырымдары мен шешімдері оқытылуы керек. Ал академиялық ғылыми орта үшін, Қазақ көшбасшыларының сыртқы саясатына халықаралық қатынастар теориялары мен тұжырымдары тұрғысынан қайта баға беру міндеті тұр.

        Орталық Азия үшін ең маңызды дүние – ішкі бірлік. Олай болмаған жағдайда, жоғарыда көрсетілген сыртқы ойыншылардың қай-қайсысыда өз мүддесін аймақта еркін ойнатып кете алады. Алты құрлыққа атымыз шықсын десек Алты Алаштың бірлігі үшін күресу қажет.

                                                                                                       Думан Жекенов,

                                       Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің

                                                        Халықаралық қатынастар факультетінің деканы,

                                                                               PhD, қауымдастырылған профессор