Тоқаев Каспий маңы елдерінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуды ұсынды

Тоқаев Каспий маңы елдерінің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуды ұсынды

Қазақстан Каспийдің әрқашан достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық теңізі болып қалатынын қолдайды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алтыншы Каспий саммитінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Каспий маңы елдері ішінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігі бірнеше рет талқыланған еді. Осы бағытта нақты қадамдар жасайтын кез келді деп санаймыз. Бұл біздің халықтарымызды жақындастырып қана қоймай, Каспийді зерттеуде де өзара іс-қимылды едәуір жақсартуға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Каспий маңы елдері арасындағы көптеген халықаралық алаңдарда сараптамалық деңгейде тиімді ынтымақтастық жолға қойылған. Саммиттер мен кездесулер қарсаңында сараптамалық пікірталастар болады.

«Сонымен бірге «Каспий бестігі» талдамалық құрылымдарының консорциумын құру пайдалы болады деп ойлаймын. Оның үстіне, мұндай өзара іс-қимыл екіжақты деңгейде табысты жүргізіліп келеді. Қазақстан ата-бабаларымыздың ортақ игілігі мен мұрасы –Каспийдің әрқашан достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық теңізі болып қала беруін қолдайтынын ерекше атап өткім келеді. Ізгі ниет пен өзара талпыныс таныта отырып, халықтарымыз бен елдеріміздің өркендеуі мен ілгерілеуі үшін осы игі мақсатқа қол жеткізерімізге сенімдімін», - деді Қазақстан Президенті.