«Ақ жол» Президенттің конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдады

«Ақ жол» Президенттің конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасын қолдады

Бүгін өткен «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің кеңейтілген пленумы Президенттің конституциялық реформа бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастамасын қолдады. Пленум жұмысына Ұлттық кеңес мүшелерінен бөлек, «Ақ жол» партиясы атынан сайланған Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың 238 депутаты бейнеконференция режимінде қатысты. 

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында референдум өткізу бастамасын көтерген еді. Президент атап өткендей, Конституцияға енгізілетін өзгерістер негізді сипатқа ие және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертеді. 

Пленум аясында партия төрағасы Азат Перуашев Президенттің бірқатар бастамалары «Ақ жол» ҚДП-ның саяси бағдарламасында көрсетілген ұстанымдарына сай екендігіне әріптестерінің назарын аударды, оның ішінде, мемлекет басшыларына партияға мүше болуға тыйым салу, Сенат пен ҚХА атынан сайланатын депутаттар мәртебесін қайта қарау және т.б. Оған қоса, Қ. Тоқаевтың конституциялық реформасы Конституцияның 33 бабына 55 түзету енгізу бойынша әлдеқайда ауқымды мәселелерді қамтиды. 

«Бұл бастамалардың барлығы өзге заңдарда да жалғасын табатынына сенімдімін - деп атап өтті А. Перуашев, - мысалы, Президент Жолдауда әкімдердің де билік партиясының филиалдарын басқаруына тыйым салу туралы айтқан болатын, алайда, конституциялық өзгерістерде мұндай түзетулер жоқ. Дегенмен, Президентке партияда болуға тыйым салынса - Президенттің өңірлердегі өкілдері болып табылатын әкімдерге қатысты да мұндай тыйым қолданылатыны түсінікті. Яғни, әкімдерге қатысты норма келесі кезеңде, мемлекеттік жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару туралы заңда жүзеге асырылады». 

«Ақ жол» лидері жалпыхалықтық референдум өткізу ұсынысы конституциялық реформа туралы Жолдауда айтылғасын-ақ ел ішінде талқылана бастағанын тілге тиек етті. Одан бөлек, Конституцияның үшінші бабына сәйкес, «Мемлекеттік биліктің қайнар көзі халық болып табылады», демек, мемлекеттік органдарға билік құзіретін беретін де халық. Сондықтан, референдум өткізу - тура демократияның формасы, мұндай әдіспен қабылданатын шешімдер де жоғары құқықтық күш пен беделге ие. 

Пленум қатысушылары ұсынылған реформаның бірқатар ережесін талқылап, өткір мәселелер бойынша өз пікірлерін білдірді. 

Осы орайда, А. Перуашев мәселенің түп-төркінін еске салып, партияның саяси бағдарламасында (2020 жылы қабылданған) саяси өзгерістердің қажет екендігі, бұрынғы саяси жүйе өз ресурстарын сарқып біткендігі, парламентаризм институттарын нығайту туралы айтылғандығына тоқталды. Ал, бұл бағыттар конституциялық реформада толық қамтылған. 

Ол, сонымен қатар, Президент туыстарына мемлекеттік не квазимемлекеттік құрылымдарды басқаруға тыйым салу секілді Мемлекет басшысының өкілеттігін шектейтін нормаларға назар аударды. 

Талқылауға депутат Берік Дүйсембинов, Қарағанды маслихатының депутаты Бейбіт Оспанұлы, Ақмола облысы Ерейментау аудандық маслихатының депутаты Нұртас Мандаев және тағы басқалар қатысты. 

Талқылау қорытындысы бойынша, Пленум Президенттің жалпыхалықтық референдум өткізу бастамасы мен оның конституциялық реформа бойынша ұсыныстарын қолдады. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ұсынған Конституцияға өзгерістерді қоғамның түрлі саладағы өкілдеріне, соның ішінде, «Ақ жол» демпартиясының дәстүрлі электораты - шағын, орта және ірі бизнес өкілдеріне, зиялы қауымға түсіндіруге ат салысуға шешім қабылданды. 

Пленум кейбір ұйымдастырушылық мәселелерді де қарастырды. Мәселен, Ақмола облыстық филиалының жетекшісі қызметіне өңірдегі белгілі кәсіпкер Саят Сыздықовты тағайындау туралы шешім бекітілді.