Сыртқы істер министрі орыс депутаттарының мәлімдемелеріне жауап берді
2020 ж. 24 желтоқсан
1560
0
ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың Қазақстан территориялары туралы сыңаржақ мәлімдемесіне түсініктеме берді.
Оның айтуынша, депутат Никоновтың мәлімдемесінен кейін Ресей Федерациясы елшілігінің уақытша өкілі Сыртқы істер министрлігіне шақырылған, өйткені елші ол кезде Мәскеуде іссапармен жүрген. Осыдан кейін бұл мәлімдеме бойынша Ресейге нота жолданды.
Қолданыстағы тәжірибеге сәйкес, олар ресми түрде жауап бермейді, бірақ өздері қабылдаған шаралар туралы есеп береді. Олар (елшілік) Парламент пен Президент Әкімшілігіне хабарласып, мұндай сөздерді сынға алды. Әрине, бұл сөздер мені қазақ, Қазақстанның азаматы ретінде қатты намысыма тиді. Отанымыздың тарихын білетін адам ретінде бұған мен орыс тілінде былай деп жауап берер едім: "Это бред сивой кобылы" (тікелей аудармасы - Көк биенің сандырағы). Ең алдымен, тарихқа арқа сүйеу керек. Сыртқы істер министрі ретінде мұның Ресей Федерациясының ресми ұстанымына сәйкес келмейтіндігін айтқым келеді, - деді Мұхтар Тілеуберді Мәжілістің жалпы отырысында.
Сыртқы істер министрі заңнамалық деңгейде мемлекеттік шекара делимитацияланғанын, заңнамалық деңгейде Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты келісімге қол қойылғанын да баса айтты.
Қазір біз мемлекеттік шекараны белгілеп жатырмыз, пандемияға байланысты бұл процесс тоқтатылды, сондықтан біз үш жыл ішінде демаркацияны аяқтаймыз. Екі мемлекет арасында стратегиялық серіктестік қалыптасты. Бұл барлық екіжақты құжаттарда айқын көрініс тапқан, сондықтан біз Ресей Федерациясымен қатынастарымызды халықаралық құқық негізінде дамытатын боламыз, - деп сөзін қорытындылады министр.
12 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейге Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың "Қазақстан территориясы - Ресейдің тарту еткен керемет сыйы" деген мәлімдемесіне байланысты нота тапсырды.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездесу кезінде бұл мәлімдемеге таң қалысын білдірді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты жиі-жиі арандатушылық шабуылдары мемлекеттер арасындағы одақтастық қатынастарға үлкен зиян келтіріп отырғанын атап өтті.
Никоновтың өзі өзінің Telegram-каналында "Қазақстан Республикасының шекарасына айналған Қазақ КСР-нің шекараларын анықтағанда Қазақстанның мүдделері толығымен сақталды" деп жазды және ол "Большая игра" бағдарламасында тура осыны айтқысы келгенін жеткізді. Ол сондай-ақ "бауырлас Қазақстан халқына деген ықыласы ыстық екенін" білдірді.
Кейін Мемлекеттік Дума Ресей Қазақстанның егемендігін толығымен мойындайтынын, екі ел әртүрлі саладағы достық және серіктестік байланыстарды жақтайтындығын, сондықтан Мемлекеттік Думаның депутаты Вячеслав Никоновтың мәлімдемелеріне қатысты туындаған ыңғайсыз жағдай реттеледі деп мәлімдеді.