«Шенеуніктердің тыйым салуы тоқтатылсын» - Алматы кәсіпкерлері Перуашевке шағымдарын айтты
2020 ж. 11 тамыз
1386
0
«Ақ жол» Демократиялық партиясының депутаттары Азат Перуашев пен Ерлан Барлыбаевтың қатысуымен дүйсенбіде өткен бейнеконференцияда Алматы қаласының кәсіпкерлері мемлекеттік органдардың атына көптеген шағым айтты.
Мысалы, мейрамханалар қауымдастығының мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысын сағат 22.00-де тоқтату жөніндегі талаптар қандай негіздерге сүйенген деген сұраққа қаланың бас санитарлық дәрігері түнгі сағат 22.00-ден кейін келушілер әдетте әлеуметтік қашықтықты сақтауды бұза бастайтынын айтты.
Мұндай жауапқа Азат Перуашев «тыйым салу оңай» деп, бекітілген әлеуметтік қашықтықтар бойынша сұрақтарға ғылыми немесе статистикалық негіздерге сүйеніп жауап беруді сұрады.
«Қандай құжаттарда немесе зерттеулерде сағат 22.00-ден кейін келушілер қашықтықты бұзып, құшақтасып отырады делінгенін көрсетіңізші! Реттеу ережелеріне қатысты ол сіздің әріптестеріңіздің көзқарасы ғана. Ал негізінде кейбіреулердің ой қорытындысы бойынша экономиканы күйретуге және мыңдаған адамдардың күн көрісінен айыруға болмайды,-деді А.Перуашев. Дәлелдеңіз, мұндай шешімдердің ғылыми дәлелденген ресми стандарттарын мысалға келтіріңіз. Пандемиялық індеттің басталғанына алты ай болды, осы кезеңде ережелерді әзірлеуге болатын еді ғой. Олай болмаса, мұндай тыйым салу жұмыс істеп тұрған бизнесті құртуға бағытталған болып шығады.
Кәсіпкерлердің сағат 17.00-ден кейін азық-түлік дүкендерінің жұмысы неге тоқтатылады деген сұраққа берілген жауап та қанағаттандырмады.
«Сағат 17.00-де адамдар жұмыстан шығады, адамдар легі дүкендерге келе бастайды. Ал сіздер біздің жұмысымызды тоқтатасыздар. Не үшін және неге дүкендерді жабасыздар?- деп ашуланды кәсіпкерлер. Біздің дүкендерде ішімдік ішпейді, тамақ жемейді, билемейді, құшақтаспайды. Біз 22.00-ге дейін жұмыс істеуді сұрамаймыз, ең болмағанда сағат 20.00-ге дейін рұқсат етуге болады емес пе?»
«Біз көргендей, кейбір мемлекеттік органдарға жұмысты дұрыс ұйымдастырғаннан гөрі, бизнес жұмысын үйлестіріп, реттегеннен гөрі оларға тыйым салған оңай - деп атап өтті Азат Перуашев. Карантин - Төтенше жағдай емес, оның мақсаты тыйым салу емес, пандемия кезіндегі жұмысты реттеу. Олар жарты жыл болды қиын жағдайда өмір сүруде, оларды бақылаңыздар, қашықтық нормаларын талап етіңіз, бірақ жұмыс істеуге рұқсат етіңіздер. Базарларда, сауда орталықтарында қашықтық белгілерін енгізуді, осы қашықтықты сақтауды, маска және қолғаптар киюді, санитарлық қол жуғыштардың болуын, үнемі дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуді талап етіңіздер. Бірақ адамдарға жұмыс істеуге және отбасыларын асырауға мүмкіндік беріңіздер. Олар алпауыт олигархтар емес, олар біздің қарапайым ғана азаматтар.
Шенеуніктердің тыйым салуы тоқтатылсын. Жаңа жағдайларда жұмыс істейтін уақыт болды, тіпті карантин кезінде эпидемиологиялық шараларды сақтап, бірақ экономиканы қиратпай, бизнесті тоқтаптай жұмыс істеу керек. Бизнеске жұмыс істеуге тыйым салу – адамдарға ауа жұтуға тыйым салғанмен тең» - деді Азат Перуашев.
Осы жылдың 5 тамызында «Ақ жол» Демократиялық партиясы өңірлердегі кәсіпкерлердің қатысуымен республикалық бейнеконференция өткізді. Шара барысында осындай онлайн-кездесулерді барлық өңірлерде өткізуге шешім қабылданды.
Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП Алматы қалалық филиалы 10 тамызда кәсіпкерлердің, фракция депутаттары, мемлекеттік кіріс департаменті, санитарлық эпидемиологиялық станциясы, қала әкімдігі және «Даму» қоры өкілдерінің қатысуымен zoom-конференция өткізді.