РФ композиторы Игорь Крутой Ержан Максимді өз академиясына оқуға шақырды

Ресейдің халық әртісі, композитор әрі продюсер Игорь Крутой қазақстандық жас әнші Ержан Максимге өзінің музыкалық академиясына оқуға түсіп, білімін шыңдауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайлы жас әнші Instagram-дағы өз парақшасында жазды.

«Достар, Мәскеуге жасаған сапарым сәтті болды. Неге дейсіз ғой. Мен ең алдымен, еліміздің аптал азаматы Иманғали Нұрғалиұлымен кездестім. Сол кездесуіміздің нәтижесі ретінде көптен бері армандап жүрген атақты композитор, продюсер Игорь Крутоймен таныстым. Студияда тыңдаған маэстро мені ұнатып, өзінің музыкалық академиясына шақырды. Мен қуана келістім. Енді, достар, күзден бастап сол жерде вокал бағыты бойынша өнерімді шыңдайтын боламын. Әрине, мұның барлығы Иманғали ағамыздың арқасы деп білемін. Осындай азаматтардың арқасында шығармашылығым жалғасып, жемісін беретініне сенімім мол», - деп жазды Ержан.

Еске сала кетсек, кеше Мәскеуде Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов жас  әнші Ержан Максиммен кездескен болатын. Дипломатиялық өкілдіктен хабарлағандай, Ресейдегі Қазақстан елшілігінде өткен кездесу барысында қазақстандық жас әншінің шығармашылық жоспары талқыланды.

Ержан «Голос. Дети» жобасына қатысқаннан кейін өмірінде қандай өзгеріс болғанын және алдағы уақытта немен айналысуды жоспарлап жүргенін айтты. Еске сала кетсек, өткен айда Ресейдің бірінші арнасындағы «Голос. Дети» конкурсында Ержан Максим екінші орын иеленген болатын. Әншінің анасы Гүлмира Әлібек оның елордада білім алғысы келетінін айтқан еді.

«Министр қабылдау кезінде Ержанға «Шабыт» өнер академиясы жанынан грант бөлінетіндігін жеткізді. Енді 8 мамырда Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның қабылдауында болып, мәселені одан әрі талқылаймыз», - деген еді Гүлмира Әлібек.