«Тозақтың шеңбері» көрермен назарында

    Жексенбі күні облыстық қазақ драма театрында ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, танымал жазушы-драматург Сәбит Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасының премьерасы өтті. Премьераға облыс әкімі Алтай Көлгінов, пьеса авторы Сәбит Досанов, жұбайы, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым Құралай Аққошқарова, інісі, белгілі кәсіпкер Ғабит Досанов, ақын, танымал публицист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбаев, ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, «Қазақ үні» газетінің  президенті, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары  Қазыбек Иса қатысты. Қазақ халқының басынан өткен сол бір сұрапыл күндерді бейнелейтін қойылым Қайрат Рысқұлбеков пен Фатима атты арудың арасындағы нәзік сезімге толы сәттерді суреттеумен басталады. Мамыражай бейбіт күн. Шынайы сезім. Сыршыл өлең. Әдемі әзіл. Олар бақытты еді. Қайрат сәулетші, Фатима биші болып үлкен асуларды бағындырсақ деп армандайды. Өзіндей ақкөңіл достарының қасында Фатимаға деген ғашықтығын өлеңмен жеткізген Қайрат санаулы сағаттардан соң аппақ армандарының енді орындалмай, тек арман болып қалатынын білмейтін. «Медеу» мұз айдынында алаңсыз коньки теуіп жүрген жастардың көңілін нілдей бұзған «Қазақ елін басқаруға Г. Колбин тағайындалды» деген радиодан естіген жаңалық болатын. «Қазақтың жерін қазақ қана басқаруы тиіс» деп ұрандатқан бір топ жастар «Менің елім» әнін шырқап, алаңға шығады. Қойылымның ширыға түсетін осы сәтінде басты рөлде Қайраттың бейнесін сомдаған Жасқайрат Валиуллиев пен Щерба (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі) болып ойнаған Талиғат Жігеровтің образ сомдаудағы шынайы шеберліктері айшықтала түседі. Әсіресе, Щербаның шовинистік көзқарасы, қазақтың сұлу қызына іштей тамсанған нәпсіқұмарлығы, қанша түлкі бұлаңға салғанымен қазақтың қайсар қызы Фатима мен талай тепкіні көрсе де, өз сөзінен қайтпай қасарысып тұрып алған өр мінез Қайраттың алдында шарасыз кейіпке еніп, шаршаған сәті шынайы шықты. Кез келген адам байқай бермейтін сахна декорациясының өзі нәзік иірімге толы. Сахна ортасында қып-қызыл болып жанған отқа топырлап түсіп жатқан өрімдей жастар, қоршалған қара мата – тозақ шеңберінен шыға алмай бұлқынған, бірақ өз өмірінен гөрі тұтастай бір елдің тағдырын ойлаған жас өмір… Қайрат түсінде анасымен сырласады, сол сәтте сахнадағы ақ мата да үзіледі. Бұл анасының ұлынан үміт үзуі, енді оны ешқашан көре алмайтындығы еді… Тарихи сәтті бейнелеген қойылымда жастардың рухын көтеретін, патриоттық сезімін оятатын сәттер жетерлік. Оның ішінде ел қамын ойлап, халықтың атынан сөйлеген ақын да, ұлының қалін ойлап, зар еңіреген ананың зары да бар. Қазақтың қайсарлығы мен рухының биіктігін, сабырлы, шыдамды бола жүріп, әділетсіздікке төтеп беріп, соның жолында темірдей төзіммен, өз дегеніне жете алатын халық екендігін бейнелейтін қойылым көрермен көңілінен шықты. Жастардың ширыққан отты жанары, рөлдерін шынайы бере алуы зал толы жастарға әсер еткені анық. Қойылымда Қайратты тұнық сезімге бөлеген ару Фатиманың рөлінде Ақжан Орынбасарова, Қайраттың анасы Дәметкенді Эльмира Мақашева, Колбинды Дулат Хамитов сомдады. Қойылымның қоюшы режиссері – Самал Әбуов, суретшісі – Мұрат Мәмбетов. Премьера соңында сахнаға көтерілген драмалық шығарманың авторы Сәбит Досанов театр ұжымына ризашылығын білдірді. – Желтоқсан көтерілісі бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Мен де ауырдым. Осы пьеса менің жылап отырып жазған туындым еді. Бұл – халықтың үлкен трагедиясы. Бүгінгі қойылымға ризамын. Әсіресе Щербаның рөлін ойнаған актер керемет, жақсы сомдады. Қаламгер ретінде кешегі жастардың алдында арым таза деп ойлаймын. Қолымнан келгенін жаздым. Бұл қойылымды бірнеше театр қойды. Бірақ батысқазақстандық режиссер солардың ешқайсысына ұқсамайтын өзіндік шешім тапқан. Декорацияның өзі жеп-жеңіл, керемет жасалған. Қойылымға ризамын. Біздің қасиетті көк аспанды, самсаған жұлдыздарды жаратқан Алла Тағаланың халқымызға сыйлаған екі үлкен бақыты бар. Оның бірі ол қаннан да қымбат, жаннан да тәтті – Тәуелсіздік болса, екіншісі – сол Тәуелсіздікті ұстап, көреген саясатымен көш бастап келе жатқан – біздің Елбасымыз. Бұрыннан қалыптасып қалған мемлекетті басқарудың өзі оңай емес. Ал қирап қалған қырындының ортасынан жаңадан мемлекет орнату – тақыр жерге тау тұрғызғандай еңбек. Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – Елбасымыздың қадап айтып жүрген сөзі «Бірлік түбі – тірлік». Мәңгілік арманымыз – Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Өмір-дегі ең қымбат нәрсе – көңіл. Маған көңіл бөлгендеріңіз үшін рахмет, – деп тебірене сөйлеп, көзіне жас алған драма авторы Сәбит Айтмұқанұлы театр ұжымына естелік сыйлық табыстады. Облыс әкімі Алтай Көлгінов үлкен делегацияны бастап, тарихи туындыны көруге арнайы келген жазушы Сәбит Досановқа алғыс айтты. – Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Біз бүгін Тәуелсіз Қазақстанның 26 жылдығы қарсаңында театр ұжымы тарихи туындыны сахналаған сәттің куәсі болдық. Бірақ біз тарих қойнауына кеткен сол жылдарды ұмытпауымыз керек. Қазір салыстырмалы түрде қарасақ, ширек ғасырдан бері еліміз қаншама жетістіктерге жетті. Көпұлтты мемлекетіміз бір шаңы-рақ астында бірлік пен тұрақтылықта өмір сүріп келеді. Мұның бәрі еңбек пен мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатының нә-тижесі. Сол кездегі қиын сәттерді жеткізіп жазған Сәбит ағаға ризамыз. Ал қойылымды көрерменге шынайы жеткізе білген театр тарландарына басымды иіп, көрермендер атынан алғыс айтамын, – деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы. Қойылымның қоюшы режиссері Самал Әбуов қойылымды сахналауды бір ай бұрын қолға алыпты. – Ұсыныс түскен сәттен бастап, іске кірістім. Өйткені бізде талантты жас актерлер көп. Пьеса негізі көлемді, сегіз бөлімнен тұрады. Оны аз уақытқа сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан ең маңызды деген бөліктерін алып, көрермен на-зарына ұсынуға талпыныс жасадым. Негізінен «Тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік? Қанша қан төгілді? Қанша адамның тағдыры тәлкекке ұшырады?» осы сәттерді бейнелегім келді. Бұның бәрі кейінгі жастар қазақ халқының басынан осындай қиын сәттер өткенін біліп жүрсін деген ниеттен туған ой, – дейді журналистермен ой бөліскен Самал Қадерұлы. Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ, «Орал өңірі»