Әуезов театры жаңа премьераға дайындық үстінде
2017 ж. 25 қараша
2323
1
Қазақ өнерінің қарашаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры осы жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған жаңа спектакльге қызу дайындық үстінде.
Театр ұжымы 29-30 қараша күндері театрдың үлкен залында көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» драма-диалогын көрермен назарына ұсынады.
Көркем туындының сахналық нұсқасын жасаған театрымыздың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Әлия Бөпежанова.
XIX ғасырдағы қазақ ән мен сөз өнерінің ірі өкілдерінің бірі – Біржан сал Қожағұлұлы өмірінің соңғы күндерінен сыр шертетін қойылымның режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір Рахимов.
Оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтетін көркем шығарманың қоюшы-суретшісі Мұрат Сапаров болса, музыкамен көркемдеген – Бейбіт Дәлденбаев.
Бұл спектакльде Біржанның сахналық бейнесін театр репертуарындағы ұлттық және әлемдік классика, заманауи драматургиялық шығармаларда негізгі кейіпкерлерді сомдап жүрген Бекжан Тұрыс жасайды.
Сондай-ақ аталған спектакльге: Күнсұлу Шаяхметова, Айзада Сатыбалдиева, Жалғас Толғанбай, Жасұлан Байсалбеков, Болат Әбділманов, Жоламан Әміров, Асан Қырқабақов, Бауыржан Қаптағай, Жанат Тинбаев, Саят Мерекеұлы, Омар Қиқымов сынды театр артистері жұмылдырылған.
Ұлтым деген ұлы тұлғалардың жан шырылын естігіңіз келсе, «Адасқақ» спектакліне келіңіз, қадірлі көрермен!
qazaquni.kz
Гүлзия Сәдуақас