Бекжан ТҰРЫС, актер: СОМДАҒЫМ КЕЛЕТІН БЕЙНЕЛЕР КӨП
2017 ж. 23 ақпан
4989
0
Белгілі актер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыстың есімі елге етене таныс. Сонау Тәуелсіздік таңы атқан тұста Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың табалдырығын аттаған ол сол мезеттен бастап күні бүгінге дейін 50-ден аса рольдерді сомдапты.
Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір тойында» – Қырманбай, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуында» – Нұрым, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасында» – Шәмші, У.Шекспирдің «Асауға түсауында» – Педант, Слай сынды ол сомдаған басты рольдер көрерменның ыстық ықыласына бөленіп келеді. Сондай-ақ, Бекжан Тұрыс «Жетпіс жеті күн», «Ұят болмасын» (Ақылбай шал), «Еркектің аты еркек» теле-бағдарламалары арқылы көпшілікке кеңінен танымал. Осынау өнер иесімен кездесу көрермен үшін бір ғанибет екені айтпаса да түсінікті. Өзі еңбек ететін драма театрдың «Сырласу» клубында актердің туған күніне орай ұйымдастырылған кездесуде көрермен көкейдегі сауалдарына жауап алды.
Кешке Алматы облысы Қарасай ауданындағы Әл-Фараби атындағы дарынды балаларға арналған арнаулы гимназияның ұстаздары мен оқушылары арнайы келіпті. Шара барысында олар актерды қуанышты күнімен құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады.
Өзіндік жолы мен ұстанымы бар Бекжан ағамыз өмірде өте қарапайым, шыншыл жан. Қандай қиыншылық кезіксе де, шынайы қалпын жоғалтпайтын өнер иесінің осы мінезін кейбір жандардың ұната қоймайтынын да жасырмады.
Кеш кезінде тіпті кішкентай бүлдіршіндеріміз де микрофон алдында кезекке тұрып, көптеген қызықты сұрақтар қойды. «Бала тілі – бал» демекші, бүлдіршіндердің тәп-тәтті тілдері Бекжан ағамен қатар, залда отырған көрермендердің көңіл-күйін көтеріп тастады.
Тамаша талант иесі кезінде өнерге бет бұрғанда әжептеуір жүрексінгенін де бүгіп қалмады. Актердің өнерге келуіне «Ақтоқтының зары» әні себепкер болған екен. Бұл әнді оқуға түсер кезіндегі сынақ барысында қазақ өнерінің майталмандары Асқар Тоқпанов пен Шолпан Жандарбекова апамызға орындап беріп, ол кісілердің жүрегіне жол тауыпты. Осыдан кейін өнер әлемінің есігі де ашыла бастаған. Ұлағатты ұстаздардан алған тәлімін шыңдау арқылы бүгінде ол өнердің өз өкілі атанды.
Өнер иесімен болған кеш өте тартымды өтті. Әсіресе, осы кешке арнайы қатысқан ауылдастары мен жеңгелерінің актер туралы айтқан қызықты әңгімелері көрерменнің көңілінен шықты. Ең жақсы сұрақ қойған театрдың жанкүйері Ләззат есімді ару Бекжан Тұрыстың қолтаңбасы қойылған кітапты иеленді. Өз көрерменімен шынайы сырласқан актер алда сомдағысы келетін рөлдерінің көп екендігін де атап өтті.
Қатысушыларға тамаша әсер сыйлаған тағылымды кеш көптің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Әйгерім АЙТМҰХАМБЕТОВА
qazaquni.kz