Кейкі батыр өте қайратты адам болған — венгр ғалымдары

Венгр ғалымдары Кейкі батырдың келбетін толықтай қалпына келтірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл бюстті ғалымдар қоладан жасағанын айтады.

Андраш Жолт Бироның айтуынша, Кейкі батырдың келбетін қалпына келтіру жұмыстарымен осы салада тәжірибесі мол және осыдан төрт жыл бұрын Абылай ханның келбетін қалпына келтірген Агнеш Куштар есімді маман айналысқан. Сондай-ақ, бұл жобамен Шандор Эвингер мен Андраш Бироның өзі айналысады. Шандор Эвингер сүйектің арнайы сараптамаларын жасаған болатын. «Біз батырдың басын ренгтгенге түсірдік, ал кейін компьютерлік томографияға түсіріп, 3-Д моделін жасадық. Бұл жұмыс екі айға созылды. Батырдың сүйектері арқылы келбетін қалпына келтіру қиынға соқты. Ең қиыны — оның түпнұсқасын жасау», — деді антрополог.

Сонымен қатар, антрополог ғалым венгр мамандарының батырдың сүйегіне сараптама жасап, оның қайтыс болған кезде жасы шамамен қаншада болғанын, неден қайтыс болғанын анықтады. «Біз Кейкі батырдың қалай қайтыс болғанын тарихтан білеміз. Ал біздің жасаған сараптамадан оның қандай жарақаттар алғанын көруге болады. Оны желкесінен металдан жасалған затпен кем дегенде жеті рет ұрған. Содан сүйегі сынып кеткен. Қатты жарақат алған. Рентгеннен де жарақаттардың барлығы көрініп тұр», — деді шетел ғалымы.

«Кейкі батырдың бассүйегінен және жасалған сараптамалардан оның мықты ер адам болғанын көруге болады. Жасы шамамен 40-50-де. Желтоқсан айының басында Венгрияға Қазақстан делегациясының өкілдері келдері. Сол кезде біз жасалған жұмыстардың нәтижелерін беретін боламыз. Кейкі батырдың екі бассүйегін дайындап қойдық, Бассүйек пластиктен жасалған, ал үсті гипспен және лакпен жабылған. Біреуінің түсі — ақ, ал екінші бассүейектің түсі — қола түсті», — деді Биро.

«Қазақстанға осындай халық батырлары керек. Себебі ең ауыр кезеңде ол ешкімнен қорықпай, нағыз батыр екенін көрсетті. Кейкі батырдың келбеті дайын болғанда, оны оқулықтарда және тарихи кітаптарда бейнелеуге болады», — деді антрополог.