Ресей мектептерінде Қазақ тілі пәні оқытыла бастады

012Ресейдің Омбы облысының мектептерінде қазақ тілі пәні енгізілді. 1 қыркүйектен бастап кез келген оқушы қалауы бойынша қазақша оқи алады, деп жазады 24.kz.

Сонымен қатар балабақшаларда арнайы сыныптар ашылды. Омбы қаласының тұрғыны Ләззат Шахуова қолы қалт ете қалса, құрақ көрпе, қалта, жастық, ұлттық киімдер тігеді. Ою-өрнектерін де өзі ойлап табады. Шебердің үйінде қазақы құндылықтардың иісі аңқып тұр.

«Омбыда той көп. Достарым, туыстарым сұраса, тапсырыстарын тігіп беремін. Уақытым болғанда жай ермек етемін», - дейді Омбы қаласының тұрғыны  Ләззат Шахуова.

Ресейде тұратын қандастарымыз құндылықтарын ерекше қастерлейді. Омбыда бірінші ұлттық киімдер дүкені ашылды. Кәсіпкер тауарды Қазақстаннан тасиды. Енді осындай сауда нүктелерін басқа да қалаларда ашуды жоспарлап отыр.

«Өткенде бір келіншек келіп, тұсаукесір тойына ақ жол сатып алды. Соңғы жылдары қазақтар салт-дәстүрге көп көңіл бөліп келеді. Барлық іс-шараларды ұлттық нақышта өткізуге тырысады», - дейді сатушы Диана Ыбрайымова.

 Омбы облысында 100 мыңнан астам қандасымыз мекен етеді. Осында тұратын қазақтар туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр.

Дерек көзі: 24.kz