Нағыз идеология - Құран мен Абайдың қарасөздері

dosanov1 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов, С.Есенин, В.Пикуль атындағы Халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей әдебиет академиясының академигі, профессор, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі – Сәбит Досановтың 75 жасқа толуына байланысты дүбірлі шаралар Ресей Федерациясының Бейбітшілік және келісім сарайында басталып, Қырғызстанда, одан Алматыда жалғасын тапқаны мәлім. Осынау сәттердің арасында көрнекті жазушымен тілдесудің сәті түскен еді. – Сәбит аға, жетпіс бес деген белесте адам қандай көңіл-күйді бастан кешеді екен? – Көңілің теңіздей толқып, тебіренеді екенсің. Әлбетте, жас ұлғайған сайын, жауапкершілік жүгі де ауырлай түседі. Берісі елдің, арысы әлемнің жағдайына көз жібересің. Туған халқыңның хал-ахуалын, мемлекеттің болашағын ойлайсың. Әрбір айтқан сөзіңе, жасаған ісіңе «халық қалай қарайды» деп ел-жұрттың көзқарасына көңіл аударасың. Шыны керек, егде тартқан сайын адамға деген махаббатың, мейірімің күшейе түседі. Сабырлылықты айнымас серігің еткің келеді. – Демек, қарттық есік қағып тұрғандай ғой... – Әрине. Әдемі қартая білу де бақыт емес пе?!. Жалпы қарттық деген әртүрлі. Қазымыр қарттар бар, қазына қарттар бар дегендей. Қазымыр емес, қазыналы қарт атанғың келеді. Осы уақытқа дейін жиған-терген ақыл ойыңды жастардың тәрбиесіне жұмсауға күш саласың. Мерейтой дегеннің ең бір дұрыс тұсы – өткенге бір сәт көз тастап, халқыңның алдында есеп бересің. – Осы сіздің «аңыз адам» атануыңыздың сыры неде? – Тағдыр менің маңдайыма қуанышты да қайғыны да қатар жазды. Бір емес, екі емес жеті рет тура келген ажалдан аман қалдым. Бірінде Мәскеуде, мен мінген көлік жол апатына ұшырап, күл-талқаны шықты. Өзге жолаушылардың барлығы жан тәсілім етіп, мен аман қалдым. Ал бірде Алматыда ұшақ құлап, ондағы адамдардың бәрі көз жұмды. Көрер жарығым бар екен, тірі қалдым. Шындығында да аңызға бергісіз дүние. Сондай-ақ, Жаратқан иеміз әр елдің мақтанышына айналған дара тұлғалармен етене араласуды нәсіп етті. Мәселен, қырғыздың Шыңғыс Айтматовы, башқұрттың Мұстай Кәрімі, орыстың Сергей Михальковы, Юрий Бондаревы, Юрий Поляковы, дағыстанның Расул Ғамзатовы сынды әлем әдебиетінің алыптарымен әріптес әрі дос болу бақытын жазыпты. Өмір дегеннің өзі адам баласына қуаныш пен қайғыны қатар сыйлайды ғой... Өмірімнің бөлшегі, ұлым – Данияр бар-жоғы жиырма бір жасында өзінің ең бір бақытты шағы саналатын үйлену тойы күні өмірден өтті. Жай отындай жарқылдап жанып тұрған шағында үзілді жасын ғұмыр... Мұндай ауыр қайғыдан өзге біреулер мүжіліп кетер ме еді, бәлкім?! Мен қаламыма сүйеніп қана аман қалдым. Сондағы қан жылаған жүрегім: Бүкіл әлем маған қарап тұрғандай, Өзің барда бақытты едім мен қандай. Қас-қағымда өте шықты-ау сол бір сәт, Әкең енді сенің нағыз сормаңдай, – деп жырлаған еді. Өмір – күрес. Тек қасқая қарсы тұрып күресе білу қажет. Өмірдің аңызы да, маңызы да сол. Әлгі өзің айтып отырған «аңыз - адам» деген теңеу Мұқағалидың Ғабеңе арнаған жыр жолдарының ізімен, маған арнап өлең өрген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген Оралбайұлының сөзі ғой... Досанов-2– Төл әдебиетімізде кімдерді ұстаз тұттыңыз? – Кез-келген қазақ баласы іспетті мен де қазақтың ауыз әдебиетінен нәр алдым. Өзім қазақтың бас арыстары, Алаштың маңдайына біткен марғасқа ұлдары, ұлт ұстаздары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов туған өлкеде дүниеге келгенімді айрықша мақтанышпен айтамын. Ауылда жүрген балаң шағымда-ақ, осы кісілердің туындыларын жата-жастанып оқыдым. Негізі, мен ұстазға бай адаммын. Төл әдебиетіміздің алыптары – Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсіреповтердің тәлімін алдым. Ол кісілер мені өз баласындай көріп, жанына ертіп жүрді. Жиырма бес жасымда «Ақ аруана» атты повесті жазғанымда Сәбит Мұқанов «Әдебиетке үлкен талант келді» деп мақала жазды. Мұның өзі ұстаздың шәкіртіне берген бағасы әрі ақ батасы. Сондай-ақ, қазақтың үлкен ақыны Олжас Сүлейменовпен де елу жылдан бері достығымыз үзілген емес. Оны да өзіме ұстаз тұтамын. «Ұстазсыз шәкірт тұл» деген, адам биіктесе өз ұстазының талантынан нәр алу арқылы биіктейді. – Жалпы аға, өзіңіз қазақ ұлтының қандай қасиетіне сүйсінесіз, қандай қасиетіне күйінесіз? – Шығармашылық іссапармен шетелдерде жүргенде өз ұлтымның тек қана жақсы жағын айтуға тырысамын. Ал өз елімізде түзелсе екен деген ниетпен кемшін тұстарын ашып көрсетуге тура келеді. Қазақ ұлтының сүйсінетін қасиеті – өзінің даласындай пейілінің кеңдігі. Біздің сөзге деген шешендігіміз де кез келген халықты таңдай қақтырады. Қазақтың үш биін былай қойғанда қатардағы қариялардың айтқан сөздерінің өзі адамға үлкен қозғау салады. Даланың сондай дана қариясының бірі: «Жақсы адамнан қол үзбе, шөлдегенде сусының» десе, Асанқайғының «Арғымаққа міндім деп, арғы топтан адаспа» деген сөзінде қандай мән-мағына жатыр десеңші?!. Әйтсе де, қазақ халқының бойында жершілдік, рушылдық, жүзшілдік сияқты арыла алмай келе жатқан нашар қасиеттеріміз де баршылық. Мұның бәрін ойласаң, әрине, күйінесің... Бізде бір сөз бар: «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген. Қазақ халқын кері кетіріп тұрған әдеттер – қызғаншақтық, күншілдік дер едім. Мәселен, бізде біреудің атағы шыға қалса, оған қол соғып қуанудың орнына, аяғынан шалуға тырысады. Ал, өзге халықтар керісінше, өзгенің жеткен жетістігіне мен де өз еңбегіммен, талантыммен жетуім керек деп өзін-өзі қамшылайды. «Қызғаныш деген қызыл ит қаптаған, қай жақсың бір қазағым, аз болды ма содан тартқан азабың» деп жазған жырларым да осы күйінген сәттерімде туған. – Өзіңіз шетелдерге іссапармен жиі барасыз, өзге елдермен салыстырғанда бүгінгі қазақ әдебиетінің даму деңгейі қандай? – Қазақ әдебиетінде үлкен өсу, ізденіс пен ілгерілеу бар. Мұны көзіқарақты оқырман жақсы білуге тиіс-ті. Төл әдебиетімізде көңіл қуантарлық жақсы дүниелер жарық көріп жатыр. Әйтсе де, кітаптардың тиражының аздығынан оқырман қауымға жетпей жатыр. Тағы бір біздің кемшілігіміз – аударма деген алтын көпір құлағалы бері, қолымызда бар дүниені жарқыратып шетелдере көрсете алмай келеміз. Мәселен, драматург, жазушы Дулат Исабековтің шығармалары шетелдерде қойылып, ел мерейін асқақтатып жатыр. Осындай қазақ атын әлемге танытатын игі істерді әдебиет саласында да атқара алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл тұрғыда Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесе отырып кәсіби аудармашылар дайындау ісіне ден қойса, қазақ әдебиетінің небір жауһар туындылары әлемге танылар еді. Досанов-3– Жазушының шабытына нендей нәрсе қанат бітіреді? – Қаламгерді түрлі нәрсе шабыттандырады. Сол себепті де, әртүрлі тақырыпты қаузаған шығармалар дүниеге келуде. Қаламақы мәселесі осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та жүр. Әйтсе де әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, мұны баса айтуға тиіспіз. Өйткені, жазушыларды жігерлендіру үшін, қаламына қанат бітіру үшін, қаламақы керек. Сонымен қатар, қаламгерлерге берілетін сыйлықтарды да көбейту керек. Қазір бізде бары Мемлекеттік сыйлық қана. Оның өзі екі жылда бір-ақ рет беріледі. Демек, бізде сыйлық деген жоқтың қасы. Мәселен, бір ғана Англияның өзінде 70-80-ге тарта сыйлық бар. Ал Ресейде жазушыларға оннан аса сыйлық беріледі. Бір кездері біздің елде Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы бар еді. Қазір оның өзі де жоғалып кетті. Меніңше, тым құрығанда екі сыйлық болуға тиіс-ті. Біреуі – поэзияға, екіншісі – прозаға арналуы керек. «Сыйлық керек емес» деген жай сөз ғана. Сыйлық, біріншіден, қаламгердің шабытына қанат бітірсе, екіншіден, моральдық әрі материалдық тұрғыдан қолдайды. – Кейде осы атақ-даңқ бұйырмады екен деп қалың мұңға батып кететін де қаламгерлер бар. Сонда бұл жазушының қадір-қасиеті, қарым-қабілеті атақ-даңқпен өлшенетіндігін көрсете ме? – Атақ-даңқ деген қаламгер қауымға қажет-ақ дүние. Бірақ сол атақ құрғыр бұйырмады екен деп жүнжіп кетуге болмайды. Егер сен жақсы шығарма жазсаң, сенің атақ-даңқың атақ алған жазушыдан да кем болмайды. Атақ-даңқ деген мәңгілік нәрсе емес. Мәңгілік дүние – ол сенің шығармаң. Қаламыңнан туған туындының көркемдік дәрежесі уақыттың сынына төтеп беруі тиіс. Басты көрсеткіш осы. Дегенмен, атақ-даңқтың айналасында әділетсіздіктер орын алатыны да жасырын емес. Осыған күйінетіндер де бар шығар, бәлкім... – Елдің азаматы ретінде сізді қандай мәселе алаңдатады? – Жаңа сөз басында айтып өткенімдей, жасың келген сайын елдің жайына көп көңіл аударады екенсің... Мәселен, мемлекетті алып бәйтерекке теңесек, ауыл оның тамыры. Тамыры көктеп, көгермесе, бәйтерек те жайқалып өсе алмайды. Менің ойымша, ауылға мемлекет тарапынан тиісті қаржы бөлінудей-ақ бөлінеді. Бірақ сол ауылға деген «сыбаға» діттеген жерге жетпей, жарты жолда қалып қалады. Өкініштісі де осы. Мемлекет осы тұрғыда қадағалау шараларын қатаң қолға алып, әлде де ауылды көркейтуге күш салса екен. Өйткені, бәріміздің шыққан жеріміз ауыл емес пе?! Ауылдың жай-күйі бәрімізді толғандыруы тиіс. Кешегі Бейімбет Майлинның айтқан: «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деген сөзі күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Екіншіден, бүгінде көп жұрттың кітап оқымайтынын ойласам, көңілім құлазиды. Иосиф Бродский: «Бір адам кітап оқымаса – ол өзінің трагедиясы, ал бүкіл ұлт кітап оқымаса – ол бүтіндей сол ұлттың трагедиясы» деген екен. Ұлылардың барлығы кітап оқу арқылы биік дәрежеге көтерілгенін ескерсек, онда бүгінгі өскелең ұрпақты кітап оқуға насихаттауымыз керек. Өйткені, бүгінгі қоғамның жасы да, жасамысы да оқырманнан көрерменге айналып кетті. Кітап деген адамзат баласы жаратылғаннан бергі бүкіл ақыл-ойдың, рухани қазынаның жиынтығы екенін ескеруге тиіспіз. Дана Абайдың бір сөзі бар: «Өзіңде бар мен көзге ұрып, артылам деме, өзгеден» деген. Адамның бір-бірінен бойындағы адамгершілік қасиеті мен білім-білігімен ғана ерекшеленеді. Байлық пен жылтыраған дүниелер адамды өзгеден артық ете алмайды. Сондықтан, бүгінгі жастар білім-ғылымға ұмтылуы керек-ақ. – Елбасымыздың «100 нақты қадам» атты Ұлт жоспарынан қандай ой түйдіңіз? – Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында біздің Қазақстан дамудың даңғыл жолына түсті. Аллаға, шүкір бүгінде әлем елдерімен тереземіз теңесті. «100 нақты қадам» атты ұлт жоспары – егемен еліміздің болашаққа бастайтын бағдаршамы. «100 қадамның» әрбір жолында үлкен-үлкен жүк жатқанын жұртшылық сезінуге тиісті. Осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақстан – 2030» стратегиясы жарияланғанда кейбіреулер бұл жоспардың орындалатынына күмәнмен қарады. Ал қазіргі таңда сол діттеген жобалар жүзеге асып, енді «Қазақстан –2050» стратегиясы арқылы мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құрудың жолында күш салып келеміз. Еселі еңбек қана әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге ықпал ететіндігін бүгінгі жұрт жақсы түсінеді. – Жақында ғана ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықовамен еліміздің белгілі қаламгерлері арасындағы кездесу барысында ұлттық идеология турасында сөз қозғадыңыз... – Қазаққа қажетті Ұлттық идеоло­гияның барлығын Мемлекет басшысының өзі айтып келе жатыр. Идеология – мем­лекеттің негізгі тіреуі. Менің ойымша идеологияның «көкесі» – Абайдың қара сөздері, Құран аяттары. Мұнан бөлек Президентіміздің «Мәңгілік ел» идеясы да – тұнып тұрған идеология. Осы «Мәңгілік ел» идеясы төңірегіне топ­тассақ, басшы – біреу, қалғанымыз – тіреу болсақ, біз алмайтын асу, алынбайтын қамал жоқ. Досанов4– Алда қандай жоспарларыңыз бар? – Бүгінгі күні өзекті мәселенің бірі – жер. Жер – қазақтың жаны. Бұл мәселенің төңірегінде туындаған түйт­кіл­дер жетерлік. Соған орай алдағы уақытта Кенесары ханды және басқа да танымал тұлғаларды қатыстыра отырып, пьеса жазу ойымда бар. – Егемен еліміздің болашағын қалай елестетесіз? – Әлбетте, еліміздің болашағы жарқын болатынына бек сенемін. Көз тимесін, біздің елімізде, ең бастысы, тыныштық бар. Қаншама ұлттың бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етіп жатқандығының өзі біздің мемлекетімізде бірліктің мықты екендігін көрсетсе керек. Демек, бірлік бар жерде жарқын болашақ та бар. Біздің болашағымыз жастар екені анық. Телеарнадан «ХХІ ғасырдың көшбасшысы» атты хабарын тамашалап, отаншыл, білімді жастардың өсіп келе жатқанын көріп шүкірлік етеміз. Елбасымыздың идеясымен «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің түкпір-түкпірінде қаншама жастар оқып, білім алуда. Өз кезегінде «Болашақ» түлектері де алған білімдерін туған елін түлетуге жұмсап келеді. Осындай игі істерді көргенде көп нәрсеге алаң болған күпті көңілім бір сәт жай тауып, ел болашағына сеніммен қарауға ықпал етеді. Ойлап қарасам, отыз жылдан кейін билікке менің Даниярымның құрдастары келеді екен. Олар ел дамуы жолында көп өзгерістер жасайды деген ойдамын... – Ұлыңызды ауызға алып қалдыңыз, оның қазасы сізге өте ауыр тигенін де білеміз. Бала Данияр қандай еді? Осы турасында аз-кем сыр ағытсаңыз... – Данияр өзі болмысы бөлек бала еді. Оның адамгершілік қасиеті өте жоғары-тын. Айналасындағылардың барлығына қамқорлық танытудан танбайтын. Берісі ағайын-туған, дос-жаранға, одан қалды көрші-қолаңға дейін қолғабыс етуден шаршамайтын. Тіпті, күн демей, түн демей түрлі көмек сұрап хабарласатын достарының да ешбірінің көңілін жықпайтын. Бәрінің қасынан табылуға тырысатын. Менің «Ақ аруана» атты кітабымның тұсау кесер рәсімі Парижде өтіп жатқанда сөз алған он алты жастағы Данияр: «Әлем әдебиетінің астанасы Парижде, Бальзак пен Флобердің отанында менің әкемнің кітабының жарыққа шығуы жеке адамның ғана емес, қазақ халқының, қазақ әдебиетінің қуанышы» деген еді. Мұны естіп жиынға жиналған жұрттың барлығы таңырқаған-ды. Бес жасында ешкім арнайы үйретпесе де, үй күтушісінен сұрап жүріп-ақ хат таныды. Сол кездің өзінде-ақ, таңдайы тақылдап, қазақ ақындарының жырларын жатқа айтты. Жаратқан иемнің өзі де оған талантты үйіп-төгіп бере салған. Данияр ән де шырқады, сурет те салды, өлең де шығарды, техникамен де айналысты. Ол өзінің жиырма бір жыл ғұмырында көп нәрсемен шұғылданып үлгерді. Кішкентай күнінде Тоқтар ағасы сынды ғарышкер болуды қатты армандады. Кейіннен өсе келе адамзат баласын жер сілкінісінің зардабынан құтқаратын құрылғы ойлап тапқысы келетінін айтты. «Ақыры осы құрылғыны ойлап табамын. Сонда жер сілкінісі халыққа залалын тигізе алмайды» дейтін. Арманына жете алмай кетті, құлыным. Данияр дүниеден қайтқалы бері жүрегім жаралы. Жанымның жарасын емдейтін тек қаламым ғана. Содан бері, міне, Данияр туралы «Өмір сүру оңай ма?», «Қасқыр ұлыған түн» атты екі бірдей кітабым жарық көрді. Ол туралы айтып тауысу әсте мүмкін емес, оның жаратылысының өзі бір ерекше құбылыс. Ол қайтыс болғанда да осындай ерекше құбылыстар байқалды. Құдашамыздың Данияр мен Анжеликаның үйлену тойына сыйға тартпақ болған жақұт сырға-сақинасы сол мезетте қап-қара боп кетті. Тіпті, ол өмірден өткен уақытта оның бөлмесінде ілулі тұрған сағаты да тоқтап қалды. – Даниярдың жан-жары Анжелика орыс қызы екенін білуші едік. Өзге ұлттың қызын келін қып түсіруге сіз қарсылық білдірген жоқсыз ба? – Ол орыс қызы Анжеликаны өмірлік жан-жарым деп таныды. Шын жүрегімен оны сүйе білді. Анасы екеуміз Анжеликаның ұлты орыс екен деп қарсылық танытқан жоқпыз. Бірақ, Анжелика анасынан ерте айырылған тағдыры ауыр қыз. Сондықтан да, мен Даниярға оны бақытсыз етуге болмайтындығын ескерттім. Сонда ол: «Анжеликаны өмір бойы бақытты етемін әке, сіз алаң болмаңыз. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз» деп өзінің сертін берген еді. Амал қанша, Алла ғұмырын тым қысқа қылды. Берген сертін де орындай алмады, балапаным. Оның сол бір үйлену тойы күнгі бақыттан жүзі бал-бұл жанған бейнесі бәріміздің жүрегімізде мәңгілік сақталып қалмақ... – Қазір Анжеликамен байланыс­тарыңыз қандай? – Анжелика ақылына көркі сай, жан дүниесі де сұлу жан. Біз әлі күнге дейін оны өз қызымыздай көреміз. Даниярымыздың көзі кетсе де, ол бізбен байланысын үзген емес. Екі-үш күн сайын үйге келіп тұрады. Үйге кірген бетте-ақ, менің жұмыс кабинетіме келіп: «Папа» деп бетімнен сүйіп, амандасады. Одан кейін Құралай екеуі ас үйге барып, дәмді тағамдар әзірлеп, екеуі сырласып, мұңдасып отырады.

Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ

"Қазақ үні" газеті

САБИТ ДОСАНОВ

Әнін жазған Шәміл Әбілтай Сөзін жазған Төреғали Тәшенов Антына адал, парызға, Өмірге нағыз жан ырза. Әр басқан ізі береке, Аңыз боп жүрер ауызда. Қайырмасы: Париж – үйінің төріндей, Мәскеу иілген келіндей! Аяғын сылтып басқанда, Әдебиеттегі Ақсақ Темірдей! Өзі іздеп атақ-шен келер, Сәбеңе кім бар тең келер? Тіріліп Шыңғыс келгендей, Қырғыздар оны шоң көрер. Қайырмасы: Бір сілкіп тастап кекілді, Сөйлесе, сөзі өтімді. Сондықтан Құралай жеңгеміз, Күн сайын ғашық секілді. Қайырмасы: Түссе де сиреп шаш дана, Тоқтамай биге, бас аға! Тоқсанда да топ жарып Көкпар тартып, шап, аға!