ҚҰБЫЛЫС

amirhan


Әмірхан Балқыбекке


Дүбірімен шығаратын жыр атын,

«Мен өлгенде қуанса екен бір ақын…»- 

дейтін едің, ал жүз ақын жылады, 

Орындалса, мұратың…


Күтіп жүрген секілді бір ел үзбей, 

Кеткеннен-ақ бастады ғой сені іздей… 

Кеңістігің – көз жетпейтін көкжиек, 

Тереңдігің – түбі шексіз теңіздей!..


Шардарадай жарға соққан кемері, 

Шалқып жүрдің, шабытты ойдың кенені. 

Ақадал ең, көңілің де кең еді… 

Соңғы сәтте іздегенің шырқырап, 

Жүрегімде шырыл қағып келеді…


Туған жердің тартылысы бар білсең, 

Аңсағанда еріп кетер әрбір сең… 

Қызылқұмның қызғалдағын күтіп ең, Қызғалдақты қырда мәңгі қалдың сен!..


Күйбеңдікпен өтетұғын көп күнге, 

Бір түкіріп, қалам қудың тек мүлде. 

Маңдайына біткен елдің маңдайлы ұл, 

Маңдайына сыймай ақыр кеттің бе?!.


Тап басушы ең ғаламдық ой тамырын, Таланттының білді ме ел қадірін?!. 

Құбылмалы дүниені құр қалдырып, 

Құбылыс боп кете бардың дарыным!


Ей, ғұлама бауырым-ай, не білдің?!. 

Жаужүрек ең, жеңдің, әлде, жеңілдің… Өзгермейтін дерті қалды еліңнің, 

Өкпең болып өрті қалды өмірдің…


Мынау дүние шырқ айналып қас қағым, Арманшыл ұл іздеп кетті аспанын… 

Қатарыңның алды ең, қапы қалдырып, 

Ажалға да алдыменен бастадың…


Жарық әлем қызыл-жасыл шамдары, Сиқырымен сыйдыра да алмады… 

Ғарыш та бір шақырудан талмады... 

Бәрін тастап кетіп қалдың, 

Өйткені – Жер бетінде Сен істер түк қалмады!?.

Қазыбек ИСА 

Астана-Шардара

04.04.2015.