Астанада дәл осы күндері «Шабыт» өтіп жатыр. Біраздың шабытын шақырса, біраздың шабытын қашырған бұл фестивальдың нәтижесі шыға жатар... Бірақ біздің айтпағымыз – «кімнің өліп, кімнің қалғаны» емес, қаймағы сылынып, көк сүті қалған кей «құбылыс» хақында.
«Сүт сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген, ендеше, мынаған назар аударыңызшы:
Биыл он алтыншы жылға қадам басқан халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалі ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша төмендегі номинация бойынша өтеді:
І. «Классикалық музыка» номинациясы (Ағаштан жасалған үрмелі аспаптар, мыстан жасалған үрмелі аспаптар, соқпалы аспаптар, баян-аккордеон)
ІІ. «Бейнелеу өнері» номинациясы (мүсін өнері, сәндік-қолданбалы өнер).
ІІІ. «Халық музыкасы» номинациясы (халықтық аспаптар ансамблі).
ІV. «Эстрадалық вокал» номинациясы.
V. «Үздік әдеби шығарма» номинациясы (проза).
VI. «Хореография» номинациясы (халық биі).
Кілтипан неде?
Осыған дейін 15 байқауда қатардан табылып келген ақындар енді неге биыл он алтыншы лектен аластатылып, журналистер неге есіктен сығалай да алмай қалды? Онсыз да ешкім басынан сипай қоймаған ақындардан енді «Шабыт» та қашты ма?
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
– Онсыз да ақындардың қаламақы алмастан өз күнін өзі көріп жүргелі 20 жылдан асты ғой. Оларды жылына бір рет те болса «шабыттандыратын» «Шабыт» бар еді, енді одан да қағылуы, меніңше, бұл – қып-қызыл қиянат! Осыған дейін қыс артынан көктем келер деп үміттеніп келген ақындардың ендігіде үміт оты жалп етіп сөнбесе болғаны. Ең болмаса ақындар бірін-бірі танып, бірінің аты озғанына екіншісі мәз болып, өздерін сәл де болса қоғамға керек деп санап жүрер еді ғой. Бүгінгі жастың өлеңін оқысаң, мұң мен қасіретке тұнып тұр. Жүрегіңді жылы сезімге баурап, көңіліңді шалқытатын жыр неге тумайды деуші едім? Сөйтсем, алдағы күннен үміт күте алмайды екен ғой. Енді – «Шабыттың» да ақындар мен журналистерді өгей ұлдай өзекке тепкені...
Себебі ақын – ұлттың сөзі, ұлттық ойдың қайнар бұлағы, жыраулардың үні мен кешегі Махамбеттің мінезі осы ақындарда еді...
Айдос СӘДУАҚАСОВ, журналист:
– Мен өзім 2006 жылғы «Шабыт» халықаралық фестивалінің журналистика саласы бойынша лауреатымын. Сондықтан бұл байқаудан поэзия мен журналистиканың шеттетіліп қалғанына үзілді-кесілді қарсымын. Қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» деген. Біз қазіргі кезде көркем сөз бен мәнерлі, жатық сөйлеуден айырылып бара жатқан халықпыз. Қазіргі біздің тілімізде жаргон, қала сөзі, кірме сөздер өте көп. Сондықтан да қазіргі буында сөйлеу мәдениеті мен әдеби ойлау жұтаң. Осы олқылықтың орнын толтыруда және қоғамды ұйыстыруда дәл осы поэзия мен журналистиканың рөлі өте зор. Оның үстіне, қазіргідей ақпараттық майданның қызып тұрған заманында әрбір ұлттың бес қаруы сай болуы керек. Ал біз дәл керек кезінде неге кереғар іске бет бұрамыз? Керісінше бүгінгі жас ақпараттық технологияны терең меңгеріп әрі өзінің ұлттық мазмұнын сақтап, оны жетілдіруге атсалысуы тиіс. Осы орайда озық оперативті, сенімді, шынайы журналистиканың өкілдерін тәрбиелеуіміз керек. Өйткені біз, шыны керек, дәл бүгін шетелдік БАҚ-тың көшірмесіне айналып бара жатырмыз. Біздің журналистердің бір кемшілігі – ақпаратты беруде заманауи форма бар да, ұлттық мазмұн әлсіз, керісінше журналистиканың кей саласында мазмұн бар, бірақ оны заманауи формада жеткізе алмаушылық байқалады. «Жоқ, жоқ» дей бермей, бізге ондай журналистерді тәрбиелеу керек, ал тәрбиелеуде осындай байқаулардың рөлі өте зор. «Шабыт» болсын, жалпы, конкурс атаулының бір артықшылығы – жастардың, әсіресе өз болашағын журналистикадан тапқысы келетін жастардың осы салаға деген құштарлығын арттырады. Және байқаулардың бір жақсы жері оның аясында әртүрлі тәлімгерлік сабақтар өтеді. Сол жерлерде отандық озық ойлы мамандар, қоғамда өзіндік орны бар журналистер өз шығармашылығын жаңа бастап жатқан журналистерге бағыт сілтейді. Олай болса, біз аталған байқауға әлі де болса журналистика мен поэзияны қалайда қосуымызға тырысуымыз керек.
Әрине, «Шабыт» – біздің еліміздегі өнер мен шығармашылықты жетілдіруге бағытталған жалғыз байқау емес. Жыл сайын БАҚ арасында түрлі бәйгелер мен конкурстар ұйымдастырылып тұрады. Жыр мүшәйралары да жеткілікті. Алайда «басқа ұлдарым – бір төбе, Ертөстігім – бір төбе» демекші, «Шабыттың» да көңілге ұялатар сенімі мен шабыт шақырар бір сиқыры бар. Яғни басқасын айтуға құлқы болмаса да, «Шабыттың» лауреатымын» деген сөзді қай қатысушы болсын мақтанышпен айтары анық. Онсыз да біз «Азия дауысы» секілді кезінде Қазақстанның атын әлемге танытқан әлемдік деңгейдегі ән байқауын уыстан шығарып алдық. Сондай-ақ тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының да тағдыры түсініксіз күйге енді. Енді көзіміздің қарашығындай «Шабыттың» аясын тарылтып, арнасын суалтсақ не болғанымыз? Шығармашыл жастарымыз баз кешіп, еш нәрсе жасауға зауқы соқпай қалса ше? Біз осы жағын, өнердің көңіл күйі мен мәдениеттің жан-жүрегін ойладық па?
Мариям Абсаттар