Ою-өрнектерге қашан көңіл бөлеміз?
2013 ж. 27 қазан
2192
0
Бүгінгі қоғамның бейнесі бөлек. Алыс-жақынмен қатысып тұрамыз. Біздің елімізге ат басын бұрып жүргендер де аз емес. Олардың кейбірі құр босқа қарап жүрмейтін секілді. Қазір ебі келсе, екі асауды қалайтын заман емес пе? Қазақ топырағына қадам басып, ұлттық сусынымыз – қымызды сіміріп, еліне барғаннан кейін соны патенттеп алған неміс азаматы жайында басқаша қалай айтуға тура келеді?! Сондай-ақ көкпар деген ойынды қырғыздар меншіктеп алып жатыр. Оған қарсы қалай әрекет ете аламыз? Ел ағалары ол жайында жұмған аузын ашқан жоқ. Енді өзге жұрт біздің ою-өрнекке ауыз сала бастады. Бұл жайында оларға сөз ете қалсаң, оны жай ұқсастыққа балайды.
Фахриддин САДЫҚОВ, қолөнер шебері:
– Біздің ата-бабаларымыз осындай байлықты аманат етіп кетті. Осы бағытта қандай істер қолға алып жүрміз? Өкінішке қарай, қарапайым жұрт оны біле бермейді. Біздің бойымызда бейжайлық бар. Ұлттық дүниелерді ешкім қолды етпейтін секілді. Оған бас-көз болып тұрмасаң, көрінген көлденең көк атты оны ыңғайына пайдаланып кетуі ғажап емес. Өйткені қазіргі таңда бұрынғыдай шекараны тас бүркеп тұра алмаймыз. Келетін адам келеді. Көптеген ұлттық байлықты көзі көреді. Сосын оған әзірге ешкімнің еге болмай отырғанын аңғарады. Жақсысын өзінің ыңғайына пайдаланудан шет қалмайды. Соңғы уақытта біздің кейбір құндылықтарды өзгелердің меншіктеп алып қойып жатқанының басты себебі осында болса керек-ті. Сондықтан бұл тұрғыда ғылыми сараптама жасалып, өз дүниемізге ие болудың қамын жасаған артық болмас еді.
Рас, бүгінгі таңда біз үшін көптеген жайларға қөңіл бөлуіміз қажет екені көрініп тұр. Әуелгі мақсатымыз – өзіміздің ұлттық болмысымызды жоғалтпау. Бұған қаншалықты назар аударып отырмыз? Жас ұрпақ қазіргі заманның ықпалымен кетіп бара жатқан секілді. Өйткені олар ұлттық дүниелерді архаизмге кеткендей көреді. Шындығында, олай емес қой. Дүниенің төрт бұрышын аралап көрсеңіз, өзінің тереңнен тартқан тарихын насихаттап, ұлттық болмысына көңіл бөліп жатқан жұрт аз емес. Бір қызығы, олардың көбісі өркениетті елдердің қатарында саналады. Алысқа ат шалдырмай-ақ, іргемізде тұрған Қытайды айтуға болады. Шетелден келген қонақтың алдында өздерін қаншама дәуірден бері келе жатқан ежелгі ұлт екенін дәлелдейтін дүниелерді ұсынады. Ұлттық киімдер, ою-өрнектер және басқа да нәрселерді ескермей қалмайды. Жер бетіндегі тағы бір алып ел – Үндістан да қашаннан да ұлттық бейнесін жоғалтқан емес. Қиыр Шығыста жатқан кәріс пен жапон да олардан қалыс қалмайды. Түбі бір туысымыз – өзбектің өзі ұлттық кескін-келбетін сақтап келеді. Ала шапан мен тақиясын тастамайды. Одан кейін олардың ұлттық дүниелеріне ауыз сала алмайсың. Өйткені олар өзгенің алдында өздерін әлдеқашан насихаттап, ұлттық дүниелерін дәлелдеп қойған. Біз соған әлі де шамамыз келмей, қолдағы бардан айырылып қалып жатқан жайымыз бар.
Гүлмира ӘШІРБЕКОВА, филология ғылымының кандидаты:
– Өткен ғасырдың бастапқы кезеңінде халқымыз ұлттық дүниелерді ұлықтап келді. Өкініштісі, біз тарих үшін қас-қағым сәтте солардан көз жазып қалғандай күй кешіп жатқанымыз белгілі. Базбір жылдарда қазақты сондай құндылықтан ажыратуға көп жұмыстар жасалды. Оны ескіліктің қалдығы деп үгіттеді. Осының зардабын тартып отырмыз. Айтыңызшы, бүгінгі ұрпаққа қандай ұлттық киімдеріміз болды деп сауал қойып көрсеңіз, тәптіштеп бере ала ма? Басқа да сауалдарға күмілжіп қалады. Бұл біздің ұлттық болмыстан ажырап бара жатқанымызды аңғартады. Сол айтқандай, қалың қазақ қазір ою-өрнектің түрлерін атағанда қошқармүйізден басқасын тілге тиек ете алмайды. Шындығында, олардың саны көп қой. Мәселен, қосмүйіз, тоғызтөбе, арқармүйіз, сыңармүйіз, қырықмүйіз, сынықмүйіз, үшқұлақ, үшжапырақ және өзге де ою-өрнектер жетерлік. Мойындайықшы, қазір олардың көбісін біле де бермейміз, ажырата да алмайтын жағдайға жеттік.
Әрбір ұлттың ерекшелігін осындай дүниелер айғақтап тұратыны белгілі. Алдағы уақытта дүниежүзінде айбынымызды асырып, беделімізді биіктетеміз десек, осындай дүниелерді ұмытпағанымыз абзал. Алайда бойымыздағы бойкүйездік қасиет салдарынан әлі күнге дейін барымыздан жоғалтқанымыз көбейіп барады.
Жалпы, ою-өрнек пен өзге де ұлттық дүниелерді күнделікті тыныс-тіршілікте пайдалануға әбден болады. Атап айтқанда, қала сәулетінде де оны кәдеге жаратқанымыз артық емес. Зәулім ғимараттарды салу барысында қазақтың ұлттық ерекшелігі ескеріліп жатса, одан еш ұтылмайтынымыз анық. Дегенмен бүгінгі таңда оларды іске асыра алмай келеміз? Оған кім кедергі болып отыр?
Алланың қалауымен қазаққа бостандық таңы атты. Енді өшкенімізді жандырып, жоғалтқанды түгендеу бүгінгі ұрпақтың басты парызы болса керек-ті. Замана ықпалымен кетіп қалмай, ұлттық болмысты ұлықтап, өзгенің алдында қазақтың қандай болғанын дәріптесек, дүниежүзіндегі ұлт пен ұлыстар арасында еңсеміз тік, беделіміз биіктей түседі. Оны өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өйткені ата-бабалар қалдырған қаншама құндылық талайдың қызығушылығын тудыра түсетіні айдан анық.
Әділжан Үмбет