
Қазақстандағы ең әйгілі цирк өнерінің өкілі Мұрат Мұтырғанов өзі еңбек ететін Алматы қалалық мемлекеттік циркі директорының міндеттерін орындаушы орынбасары қызметінен өз еркімен кету туралы шешім қабылдапты. Бір жылға жуық уақыт Алматы циркінің әкімшілігінде қызмет атқарған Мұрат кету туралы өтінішті 2 қыркүйек күні жазған. Кадр бөлімі бұйрық шығарып та үлгерген. Осы жылдың көктемінде цирк әртісінің айналасында келеңсіздіктер орын алған болатын. Цирктің өзге әртістері әріптестерінің басшылық лауазымында жүріп атқарған қызметтеріне көңілі толмай, цирктен шығарып жіберуді талап еткен. Бірақ, Мұтырғановтың цирктен кетуіне осы жағдай себеп болды ма, әлде өзге де себептер бар ма, белгісіз.
Мұрат Мұтырғанов цирк аренасына үш жасында шыққан. Рекордтар кітабына әлемнің ең жас цирк әртісі болып енген. 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңген мәдениет қайраткері атағына ие болды. Мұтырғановтың орнына келген цирк директорының жаңа орынбасары Дәулет Досбатыров – 23 жылдық өтілі бар цирк әртісі. Бұған дейін Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында кафедра меңгерушісі қызметін атқарған.