ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН ӘНМЕН ТЕРБЕГЕН КОМПОЗИТОР

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН ӘНМЕН ТЕРБЕГЕН КОМПОЗИТОР

Елдің бәрі шырқап жүрген «Аппақ гүлдер», “Алтынай”, «Ауылға барам», «Сені көргім келеді де тұрады» және тб әндердің авторы, қазақтың көрнекті композиторы, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Құралай Сәтмұхамбет апайымыздың жемісті 75 жасқа толуын еліміз Шымқала төрінде тойлап жатыр.

Құдайдың құдыреті ғой бәрін қиюластырып тұратын. Сонау Шыңғыстауда жыр патшасы Абайдың елінде туған Құралайды композитор боларын білгендей, мектепте оқып жүргенде тағдыр ән патшасы Шәмшінің елі Оңтүстікке айдап әкелген ғой…

Ордалы Оңтүстік, шырайлы Шымқала Құралайға құтты мекен болды, құдайға шүкір. Осында отау құрып, перзент сүйіп, әсем әндері дүниеге келді.

“АППАҚ ГҮЛДЕР” ҰСЫНЫП, АЛТЫНАЙҒА ҒАШЫҚ ҚЫЛДЫҢЫЗ…

1.Құрметті Құралай әпке, Сіз ең алдымен әдемі әнмен елдің түсінде де “Аппақ гүлдер” ұсынып жүрдіңіз. Даламыз аппақ гүлдерге толып кетті!

Одан кейін Хан қызындай Ханбибі апайымыз екеуіңіз елдің бәрін қырғыз қызы “Алтынайға” ғашық қылдыңыздар! (Композитор Тұрдықылыш көкеміздің әлі “Нұрикамалға” ғашық бола қоймаған кезі болса керек…)  

“Алтынайды” айтпаған әнші жоқ шығар. Кезінде естіп едік, бір жатақхананың жанында қазақтың дүлдүл әншісі Сембек Жұмағалиев Алматы түнін қақ жарып, “Алтынай” деп айқайлап ән салып тұр екен деп…

2.Халық жазушысы, қазақтың лирика тарланы Исраил Сапарбайдың сазды сөзіне жазылған “Сені көргім келеді де тұрады” атты әсем әуенді бәріміз айттық және айтып та жүрміз. 

Адам “Сені көргім келеді де тұрады” деп ең қимас жанға айтады. Яғни, әр адамның ең қимас жанына жүрегінің сырын жеткізер әуені - Құралай әпкеміздің әсем әні!

АУЫЛҒА БАРҒЫМ КЕЛЕДІ…

3.Қазір қазақ даласы “Ауылға барам” әнімен тербеліп тұр. Қандай той, қандай қуаныш, қандай отырыс болсын, осы ән айтылмай қайтпайды.

Мен қазақтың көрнекті ақыны Ибрагим Иса ағамызбен інісі ретінде қасында жүрдім. Осы өлеңнің қалай шыққанын, қашан, қайда оқығанын жақсы білемін.

Қазақтың тарлан ақындары Исраил Сапарбай, Ибрагим Иса, Серік Тұрғынбек, Ханбибі Есенқарақызы, әйгілі әнші Кенжеғали Мыржықбаев, белгілі кино актері Асылболат Смағұлдар “Ақ жол” партиясының мүшелері.

2014 жылы Ибрагим аға 65 жасын атап өтпекші болып, Астанаға “Ақ жол” партиясына келіп, біз қолдау жасадық. Сонда: “70 жасыңызды бірақ тойламадыңыз ба?” деп қалып едім, “Сол 70-ке жете аларыма сенбей тұрмын ғой” деді. Жүрегім дір ете қалды… 

Ибрагим ағаның Алматыдағы шығармашылық кеші өте әдемі өтті. Роза, Мақпал бастаған ән әлемінің жұлдыздары түгел тізіліп келіп, әндерін айтты. Иә, сол кеште ауылын аңсап, жете алмай жүрген Ақын осы “Ауылға барам” деген өлеңін алғаш рет ел алдында оқыды. Егіліп тұрып, толқып тұрып, шалқып тұрып, шабыттанып оқыды. Бұл Ақынның аңсаған ауылымен айшықты жыры арқылы қоштасқаны екен ғой, тура бір аптадан кейін ауылға емес-аспанға ұшып кетті…

Бір аптадан кейін біз Алматыға қайта ұшып келдік. Біз бұл жолы тойға емес, Ақынмен қоштасуға келдік. 

Мен сол өлеңді тыңдап отырғанда әсем әнге сұранып тұрған әдемі жыр екен деп ойлап қойып едім. Біздің, жалпы елдің бұл арманын Құралай әпкеміз қатырып тұрып орындады. Қазір “Ауылға барам” әні ауыл жайлы әндердің ең алдыңғы қатарында, Құралай әпкем секілді ақмаңдайы жарқырап тұрған ғажап ән.

Осы әнді тыңдаған әрбір қаны бар қазақтың ауылға барғысы келіп кететіні анық.

ӘН АВТОРЛАРЫ НЕГЕ АЙТЫЛМАЙДЫ?!.

4.Бұл ән туралы мен кезінде мақала жаздым “Қазақ үні” газетіне. Қандай мақала?!.

Осы әнді көп әншілер айтуға құмар болды. Бірақ біздің әншілердің көбісінің бір ауруы бар, әннің авторларын айтпайды.

Мақпал мен бір әнші жігіттің айтуы жақсы тарады елге. Бірақ автор айтылмаған да, жазылмаған да. Сол кезде осындай әдемі әннің авторлары Ибрагим Иса мен Құралай Сәтмұханбет деп авторларын атап тұрып, қорғап мақала жаздым.

Негізі “Ауылға барам” әні әнші Абылайхан Оспан ағамыздың айтуында халыққа кең тарады.

Қазір де кез келген жерде осы ән шырқалады, міндетті түрде авторын сұраймын, білмесе қадап айтамын.

АТАҒЫҢМЕН ШАТАҒЫ ЖОҚ САЗГЕР

5.Менің де, елдің де бір таңғалғанымыз, ұлттық музыканың алтын қазынасына қосылған әсем әндер жазған, бүгінде жетістігі мол 75 жасқа толып отырған қазақтың көрнекті композиторы Құралай Сәтмұханбет әпкемізге әлі “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағы берілмеген екен?!. Ойбай-ау, бұл атақты кезінде екі ән айтса, есіріп, төрт ән айтса, төбемізге шығып кететін жап-жас әншілер түгел алып алған жоқ па?

Ал Құралай әпкеміздің атағыңмен шатағы жоқ, әнін шырқап қойып, тербеліп жүр…

Енді осы қателікті жөндейтін кез келген секілді. Қазір Мәдениет пен ақпараттың басына руханиятқа қамқор, рухы биік қайраткер Арман Қырықбай ініміз келіп отыр, бұл сөзіміз құлаққағыс ретінде болсын дейік.

СІЗ БАҚЫТТЫСЫЗ!

6.Сөзімді қорыта келе Құралай әпкеме бір ғана сөз айтамын! 

Сіз бақытты композиторсыз! 

Осындай бүкіл қазақ шырқап жүрген әндер жазу композитор үшін ең басты мақсат - ең үлкен бақыт емес пе?!.

Алла жар болып, Жұлдызыңыз жарқырай берсін!

Әрдайым Ақ жол тілеймін!

Қазақ даласын мәңгі әніңізбен әлдилей беріңіз Бақытты композитор әпке!

Біз руханиятты қолдаушы “Ақ жол” партиясы атынан төрайымымыз, Құрылтай төрағасының орынбасары Дәния Еспаеваның Құттықтау хаты мен “Қазақ Республикасына 100 жыл” атты Алаштың алтын медалын алып келіп отырмыз құдай қаласа.

Республикалық “Қазақ үні” газетінің 3 бетіне шығарып, 300 дана газет жеткізілді.

Еліміз тойлап жатқан ән тойыңыз құтты болсын!

Қазыбек ИСА, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. ҚР Парламенті Мәжілісінің VII, VIII шақырылымдары депутаты. Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық - “Алтын Күз” орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері.