БІР ӘН – МЫҢ ҮНДЕСТІК
2026 ж. 11 қараша
61
0
«Алатау» дәстүрлі өнер театрында ұлттық әуен мен заманауи шығармашылықты жаңаша үйлестірген «Ән әлемі» атты концерт – тыңдарман жүрегінен орын алған ерекше музыкалық туынды. Театр артистерінің шығармашылық мүмкіндігін жаңа қырынан танытатын бұл кештің ерекшелігіне тоқталуды жөн көрдік. Осы орайда концерттің ұйымдастырушысы, хор жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының хормейстері әрі дирижері Манарбек Мәмбетұлы Жәлімбетовпен тілдестік.
– «Ән әлемі» концерті қалай дүниеге келді? Идея қайдан туындады?
– Бұл – театр сахнасындағы актерлар мен дәстүрлі әншілерден құралған хор форматында ұйымдастырылған алғашқы концерт. Мен 2020-2021 жылдары «Алатау» дәстүрлі өнер театрына келдім. Сол кезеңде «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасы сахналанды. Авторы – белгілі ақын, драматург, «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбай. Режиссері – Ерлан Біләл. Аталмыш қойылымда хакім Абайдың бірнеше әніне хор орындалды. Олардың қатарында «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге, көңілім, тоярсың», «Сегіз аяқ» секілді әндері болды. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен қатар, халық композиторы, әнші-ақын Мұхит Мерәліұлының өмірі мен шығармашылығынан өрілген дәстүрлі музыкалық драмада көрерменіне жол тартқан еді. Ондағы сценарий авторы: Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) ағамыз. Ал режиссері – Жұлдызбек Жұманбай. Біздегі қойылымдардың басым бөлігінде хор тобы ән орындайды. Хормен орындалған әндер көпшіліктің көңілінен шығып, уақыт өте келе қордаланып, хордың өзіндік репертуары қалыптасты. Нәтижесінде «Ән әлемі» концерті дүниеге келді. Аталмыш кештің репертуары бір-екі айда жинақталған жоқ. Ол – бірнеше жылдар бойғы еңбек пен ізденістің қорытындысы.
– Осы жолғы «Ән әлемі» концертінің ерекшелігі неде ?
– Қазіргі таңда қоржынымызда отызға жуық ән бар. Оның бірқатарын хорға ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласының бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Бейімбет Демеуов лайықтады. Ал қалған шығармаларды Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы дирижерлеу кафедрасының меңгерушісі, профессор Ғалымжан Берекешов өңдеді. Өзге туындыларды шығармашылық ізденісімді ұштастыра отырып, хордың орындауына сәйкестендірдім. Осылайша, үш маманның шығармашылық қолтаңбасы тоғысқан «Ән әлемі» концерті дүниеге келді. Барлығын «Алатау» дәстүрлі өнер театрының артистері орындайды. Концерт алғаш рет 2024 жылы қойылды. Содан бері жалғасып келеді. Әр концерт сайын репертуарлар қосылып, түрленіп, толықтырылуда. Алдыңғы концерттермен салыстырғанда бағдарламаға едәуір өзгерістер енгізілді. Басты мақсат, көрерменнің сұранысын беру. Хор ұжымымыз концерттің бірінші бөлімінде а капелла жанрында орындаса, екінші бөлімі «Алатау» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен жалғасты. Өнерпаздарымыз шығармаларды аспаптық сүйемелдеумен де, сүйемелдеусіз де орындайды. Музыкалық туындыларды сүйемелдейтін «Алатау» фольклорлық ансамбліміз бар. Концерт барысында хормен қатар, жеке әндер шырқалып, нәзік те әсерлі қимылдарымен сахнаға сән берген әншілеріміз де болды. Кеш барысында ағылшын тілінде де әндер айтылды. Шығармалардың мазмұнын тереңірек ашып, көрерменге әсерін арттыру мақсатында LED экран қолданылды. Бейнебаяндар мен визуалды көріністер музыкалық туындылардың идеясы мен көркемдік мазмұнын толықтырып, концерттің мазмұнын байытты. Кештің жүргізушісі Марал Анарбекқызы сценарийге сүйенбей, импровизация арқылы сахна мен көрерменнің арасын шебер байланыстыру арқылы кәсібилігін көрсетті. Осы сұқбатты пайдаланып, театрымыздың барлық артистеріне рақмет айтамын. Негізгі еңбек солардыкі. Сонымен қатар кеш қонақтары ретінде «GASSI» а капелла тобы шақырылды. Олар заманауи өнер үлгілері мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Концерт залына жиналған көрермендердің арасында әртүрлі жастағы өнерсүйер қауым болды. Кеш бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты деп нық сеніммен айта аламын. Көрермен сұранысының жоғары болуына байланысты алдағы уақытта концертті тұрақты түрде өткізу жоспарымызда бар.
– Дирижерлік мамандыққа қалай келдіңіз?
– Оқушы кезімнен домбыра тартып, ән салуға қызықтым. Бойымда музыкаға деген бейімділік пен қызығушылық болғандықтан дирижерлік мамандықты таңдадым. Дирижер деген ән айта білетін, музыкалық термин, музыкалық теорияны, ноталық сауаттылықты меңгерген, фортепиано секілді аспаптарда еркін ойнайтын, музыканы есту қабілеті ерекше жоғары адам болуы тиіс. Осылайша дирижер-педагог бағыты бойынша білім алып, жоғарыда аталған қабілеттің бәрін бір арнаға үйлестіріп, орындаушыларды ортақ мақсатқа жұмылдыратын мамандық иесі болып шықтым. Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінен кейін 2005-2009 жылдары Қазақ ұлттық консерваториясында оқуымды жалғастырдым. Мұнда классикалық және заманауи шетелдік шығармалар мен қазақ композиторларының әндерінен хорға лайықталып өңделген туындыларды орындап жүріп, шетел байқауларына бардық. Мұның бәрі менің өнер жолымда тәжірибе жинақтауыма хор өнерінің мүмкіндігін кеңінен тануыма, сахналық мәдениет пен ұжымдық орындаудың қыр-сырын меңгеруіме жол ашты. Содан кейін Жамбыл атындағы филармонияның Бақытжан Байқадамов атындағы хор капелласында жұмыс істедім. Бұл кезең мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Кәсіби хор ұжымдарының концерттеріне қатысып, олардың жұмыс істеу жүйесін, орындаушылық шеберлігі мен шығармаларды сахнаға дайындау ерекшеліктерін меңгердім. Оқу орнын бітірген жылдан бері өзім білім алған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстазбын. Он төрт жылдан бері шәкірттер тәрбиелеп келемін. Бүгінде олардың бірқатары еліміздің түкпір-түкпірінде ұстаздық етіп, өнердің дамуына үлес қосып жүр.
– Хордағы дауыстардың үндестігі қалай қалыптастырылады? Әртістердің дауысы қалай бөлінеді?
– Хорда әр орындаушының дауыс ерекшелігі ескеріледі. Ерлер дауысы тенор, баритон және бас, ал әйелдер дауысы сопрано және альт партияларына бөлінеді. Қажет болған жағдайда бұл партиялар өз ішінде де жіктеледі. Орындаушылар дауыс мүмкіндіктеріне қарай топтастырылып, әр партиямен жеке жұмыс жүргізіледі
– «Алатау» дәстүрлі өнер театры хор ұжымының қандай жетістіктерін айта аласыз?
– 2023 жылы театрымыздың хор ұжымы профессор, СССР Халық әртісі Анатолий Васильевич Молодов атындағы «Алматы көктемі» халықаралық вокалдық-хор фестиваль-байқауына қатысып, бірінші орынды иелендік. Қазылар алқасының құрамында еліміздің музыка саласындағы профессорлары мен шетелдік өнер майталмандары болды. Олар хор ұжымының өнеріне жоғары баға берді. 2024 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен қалалық «Гүл Алматы» фестиваліне қатысып, көрерменнің ықыласына бөлендік. Сондай ақ 2025-2026 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұйымдастыруымен өткен «Ұлы дала» халықаралық вокалдық-хор фестивалінің екі маусымдық байқауына қатысып, әділқазылар алқасы мен өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендік. Осындай жетістіктер бізге тың серпін беріп, шығармашылық мүмкіндіктерімізді кеңейтуге, жаңа қырларымызды ашуға ынталандырды.
– «Алатау» дәстүрлі өнер театры хор ұжымының өзге хорлардан айырмашылығы неде?
– Біздің хор тобы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітірген актерлер мен дәстүрлі әншілерден құрылған. Фольклор мен ұлттық дәстүрге сүйене отырып, халық әндері мен қазақ композиторларының шығармаларын хорға бейімдеп орындаймыз. Елімізде кәсіби хор өнерінің өзіндік қалыптасқан мектептері бар. Мәселен, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы жанындағы Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының хор ұжымы, Астана филармониясының хоры мен «Астана Опера» театрының хоры сияқты кәсіби шығармашылық ұжымдар еліміздің бірнеше өңірлерінде бар. Кәсіби хорлармен қатар, драма театрларында да хор ұжымдары бар. Филармониялар мен опера театрларының хор құрамында кәсіби вокалдық білімі бар, консерватория тәмамдаған мамандар өнер көрсетсе, драма театрларының хор ұжымдары негізінен актерлерден құралады. Алғашқылары классикалық, опералық және симфониялық шығармаларды орындауға басымдық берсе, драма театрларының хорлары спектакльдің мазмұны мен көркемдік шешіміне сай фольклорлық және халық әндерін орындайды. Айырмашылығы – орындайтын шығармалары мен музыкалық бағытында. Дегенмен, екі ұжым да кәсіби хор болып саналады.
– Алдағы уақытта «Ән әлемі» концерті қандай бағытта дамиды?
– Маған керегі – жай ғана әндер топтастырылған концерт емес, театрландырылған музыкалық кеш. Барлық әнді сақтап қалуымыз мүмкін, бірақ олардың берілу тәсілі мен концерттің атауы өзгеруі ықтимал. Бағдарламаның өн бойын поэзиямен өріп, шығармалардың басын біріктіретін ортақ көркемдік өзек қалыптастыруды көздеп отырмын.
– Дәстүрлі әндерді бүгінгі көрерменнің көңілінен шығатындай етіп қалай ұсындыңыз?
– Дәстүрлі ән – терең тарихы мен өзіндік орындаушылық мектебі бар, шоқтығы биік, ерекше өнер. Алайда оны тыңдарманның бәрі бірдей қабылдай бермейді. Сондықтан ұлттық музыканы көпшілікке жақындатудың жаңа тәсілдерін іздеу қажет деп санап, халық әндері мен композиторларымыздың шығармалары жаңа, заманауи стильде өңделіп, ансамбль мен хордың орындауына бейімдедік.
– Хор өнерінің ерекшелігі неде?
– Бір адамның орындауында әсем естілетін әнді хор болып орындау арқылы шығарманың көркемдік қуаты артып, музыкалық бояуы қаныға түседі, әуенге ерекше ажар береді. Хор өнері бір қарағанда, көп дауыстың бірігуі ғана секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда оның астарында үлкен еңбек, музыкалық тәртіп пен ортақ жауапкершілік жатыр. Әр дауыстың өзіндік бояуы болғанымен, барлығы бір мақсатқа бағынғанда ғана шығарма тұтас көркемдік сипатқа енеді. Хор – күрделі музыкалық жанрлардың бірі. Оркестр мен ансамбль сияқты, ол да орындаушылардан жоғары деңгейдегі үйлесімділікті, тыңдай білуді және бір-бірін сезінуді талап етеді. Оркестр симфониялық және ұлттық бағыттары болса, хор өнерінің де өзіндік салалары мен орындаушылық ерекшеліктері бар.
– Қай шығарма сізді дирижер ретінде көпшілікке танылуыңызға ықпал етті?
– М.Мақатаев атындағы №140 шы гимназиясында қалалық семинар болды. Ұстаздардың шеберлік сабағынан кейін ой сергіту мақсатында мектеп ішілік көркемдік шығармашылық ұйымының жетекшілігімен концерт бердік. Осы шарада менің хор тобымның балалары әнші Садраддиннің орындауындағы «Ана» әнін айтты. Мұны ұстаздардың бірі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салыпты. Содан жаңағы бейнежазба бір-екі күнде миллион қаралым жинап, ақпарат құралдарынан хабарласып, сұхбатқа шақырып, еліміздің бірнеше өңірлерін араладық. Бұған дейін Садраддин әнді артындағы төрт-бес баладан құралған шағын хормен орындаған болса, біз осы идеяны кеңейтіп, толыққанды хор орындауының мол мүмкіндігін көрсеттік. Яғни «Ана» әніне екінші тыныс бердім деуіме болады. Меніңше, бұл жұмыс әннің тыңдарманға жаңа қырынан танылуына ықпал етті. Артынша өзге өнер ұжымдары да осы әнді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған концерттерде хормен орындады. Араға шамалы уақыт салып, Садраддиннің өзі Астанадағы өнер академиясы құрамындағы өнер мектебі балаларының хор тобымен Елбасының алдында «Ана» әнін орындап шықты.
***
Бірнеше жылдық ізденістің нәтижесінде қалыптасқан хор ұжымы ұлттық үннің өзіндік бояуын сахна төріне шығарып, дәстүрлі өнердің жаңа қырын танытты. Дәстүрлі өнер – өткеннің еншісінде қалған мұра емес, бүгінгі өнермен тыныстап, ертеңге аманатталатын рухани құндылық. Ал сол құндылықты келер ұрпаққа жеткізу – өнер адамының ең үлкен жауапкершілігі.
Ақбота БАХТИЯРОВА