АСЫЛДЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ…
2026 ж. 11 қараша
60
0
Бекжан Әшірбаевтың шығармашылық мұрасы мен рухына тағзым
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бекжан Әшірбаевтың есімі қазақ руханиятына жақсы таныс. Ол – ақын, сазгер, журналист, ұстаз-ғалым. Бір адамның бойына осынша қабілеттің тоғысуы сирек кездеседі. Оның әр саладағы шығармашылығы бірін бірі толықтырып, тұтас азаматтық болмысын қалыптастырып тұрған арналар еді.
Адамның ғұмыры жаспен өлшенбейді. Артында қалдырған рухани мұрасы, ел жадында сақталған ізі де оның өмірінің жалғасы болса керек. Бекжанның өмірі қысқа болғанымен, шығармашылық ғұмыры жалғасып жатыр. Өлеңі оқылып, әні айтылып, ғылыми ойлары мен журналистік еңбектері өз бағасын алып келеді. Өзі өмірден өтсе де, сөзі мен сазының, қаламынан туған ойларының ел ішінде жасай беруі – соның айғағы.
Ақындық – оның жан әлемінің айдыны
Бекжанның шығармашылық болмысындағы ең негізгі арнаның бірі – поэзия. Алғашқы қадамын айтыс өнерінен бастаған ол сөздің қадірін ерте таныды. Айтыстағы тапқырлығы мен ой ұшқырлығы кейінгі жазба поэзиясынан да аңғарылып тұратын. Ел ішінде қанатты сөзге, афоризмге айналып кеткен ой-орамдарының жұрт жадында қалуы да оның сөзге деген ерекше табиғи қабілетін көрсетеді.
Бүгінге дейін «Қоңыр әуен», «Айбергенов атындағы сағыныш» атты жыр жинақтары жарық көрді. Ақынның өзі күтіп жүріп, қолына ұстап үлгермеген «Жанартау» атты тағы бір жинағы таяуда мемлекеттік тапсырыспен басылып шықты. Кітап атауларының өзінен-ақ оның поэзия әлеміне тән көңіл-күйі мен көркемдік ізденісін аңғаруға болады.
Бекжан өлеңге өте жоғары талаппен қарайтын. Әр шығармасын қайта-қайта өңдеп, ой мен образды сүзгіден өткізбейінше жариялауға асықпайтын. Көңілі толмайынша тоқтамайтын. Әлеуметтік желіге салған өлеңдерінің өзі оның ішкі талғамынан, қатал шығармашылық талқысынан өткен дүниелер еді. Бұл – ақынның өз сөзіне деген жауапкершілігі ғана емес, оқырманға деген құрметі.
Қашаннан айтылып келе жатқан «Әдебиет – ардың ісі» деген қалыпты сөз бар. Бекжан осы ұстанымға адал болды. Өзі де «әдебиеттің серті – ешкімді қайталамау» дейтін. Бұл сөзді жай ғана әдемі тұжырым ретінде айтқан жоқ, шығармашылығында соған ұмтылды. Оның мына бір шумағы осы талаптың астарын ашатындай:
Ғарышкерден емес даңқы мысқал кем,
Бір керемет өлең жазу – ішкі әурем.
Телефоны тыңдалатын адамдай,
Әдебиетте сөйлеу керек тұспалмен.
Мұнда ақындықтың сыртқы даңқтан емес, ішкі ізденістен басталатыны аңғарылады. «Бір керемет өлең жазу – ішкі әурем» деген жолда шығармашылық адамның жан тыныштығын бұзатын, үнемі ізденіске жетелейтін жауапты еңбек ретінде көрінеді. Ал соңғы екі жолдағы астарлы ой – сөздің салмағын сезіну, ойды тіке айтумен ғана шектелмей, көркемдікпен жеткізу қажеттігіне меңзейді.
Бекжан көп ізденетін. Аға буын ақындардың шығармаларын зерделеп, олардың поэзиясындағы есте қалатын көркем тіркестерді, ойлы орамдарды жиі айтып отыратын. Бірақ біреудің қолтаңбасын қайталауға емес, өзіндік үн қалыптастыруға ұмтылды. Оның өлеңдерінен тосын теңеулер мен өткір образдарды, бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, астарында салмақты ой жатқан тіркестерді жиі кездестіруге болады.
Ақынның дүниетанымын танытатын бір ерекшелік – өмір құбылыстарына қалыптасқан дағдымен қарамай, олардың ішкі қайшылығын, адам көңіліндегі өзгерісін өзгеше қырынан бейнелеуі. Мәселен, «Адамдар тістеніп сөйлейді, күстеніп барады сезімдер», «Дос деген жалған куәлік жасатып алған жандар көп» деген жолдарында бүгінгі қоғамның адамдық қарым-қатынасындағы күрделі мәселелерге назар аударады.
Оның поэзиясында философиялық ой көбіне ұзақ толғаныс арқылы емес, қысқа да нұсқа, тосын бейнелі тіркес арқылы беріледі. Ақын кейде бір ғана образбен тұтас өмірлік құбылыстың сырын ашуға ұмтылады.
Аяқтың ғана ізі қап,
Аяқталмасын ғұмырың!
Бұл – соның бір мысалы. Ақын осы қалыптасқан ұғымды өзгеше өрнектейді. Аяқтың ізі қалса да, ғұмырдың жалғасы үзілмесін деген тілек пен философиялық астар қатар өрілген. Өмірдің жалғасы адамның артындағы рухани мұрасымен өлшенетінін аңғартады.
Бекжан поэзиясында адамгершілік, достық, сағыныш, туған жер, өмір мен өлім, уақыт пен тағдыр тақырыптары кеңінен көрініс табады. Оның өлеңдерінде сезім мен ой қатар жүреді. Жай ғана көңіл күйін білдіріп қоймай, сол сезімнің себебіне үңіледі, адамды ойлануға шақырады.
Мәселен, мына шумаққа назар аударайық:
Атамекен, айналайын киеңнен,
Шүкір айтам білгеніме дос таңдай.
Отанымды ойланбастан сүйем мен,
Оқулығы болмайды оның ешқандай.
Отанға деген сүйіспеншілікті ақын күрделі ұғымдармен түсіндірмейді. Оны адамның жүрегіндегі табиғи сезім ретінде қабылдайды. «Оқулығы болмайды оның ешқандай» деген соңғы жолы ерекше. Туған жерді сүюді үйрететін оқулық жоқ, өйткені ол – адамның бойына туған топырақпен бірге сіңетін қасиет. Ақынның азаматтық ұстанымы да осы жолдардан анық танылады.
Бекжанның туған жерге деген ықыласы оның әндерінен де, өлеңдерінен де байқалады. Сырт көзге сабырлы, болмысы байыпты болғанымен, жүрегі сезімге толы еді. Оның ақындық қуаты мен азаматтық ұстанымы бірін бірі толықтырып жататын. Сөзді орынсыз үйіп-төкпей, ойды салмақтап айтуы, адамға құрметпен қарауы – өз алдына бір өнеге.
Өмір мен өлім тақырыбы да ақынның шығармашылығында едәуір орын алады. Бұл тақырыпқа келгенде ол мұңға беріліп қана қоймай, өмірдің өткіншілігін, уақыттың тоқтаусыз қозғалысын, адамның тағдыр алдындағы дәрменсіздігі мен рухани беріктігін қатар толғайды.
Өмір жүйрік қара жирен,
Жылдар өтер сан түлеп.
Өлімге де қарап үйрен,
Ата-баба салты деп.
Мұнда өлімді үрейлі құбылыс ретінде ғана емес, адам баласы мойындауға тиіс өмір шындығы ретінде қабылдау бар. «Өлімге де қарап үйрен» деген ойдың астарында ата-баба танымына, өмірдің өткіншілігін түсінген халықтық философияға сүйену жатыр.
Тағы бір өлеңінде:
Ажалың жеткенше,
Өмір бұл қорғайтын.
Үзіліп кеткенше,
Үзіліс болмайтын, – деген жолдар арқылы өмірдің үздіксіз қозғалысын бейнелейді. Ал:
Өмірдің сыртында қап,
Сығалап тұрам бір күн... – деген тіркесінде өмір мен өлімнің шекарасын тосын образбен сезіндіреді. Бұл – ақынның өлім туралы ойды құрғақ философиялық пайыммен емес, көркемдік бейнемен жеткізуге бейімділігін танытады.
Жалпы, Бекжанның поэзиясын оқығанда оның сөзге ұқыптылығы, образ жасауға бейімділігі, ойды ықшам жеткізу шеберлігі бірден аңғарылады. Өлеңдеріндегі тосын тіркестер мен философиялық түйіндер ақынның өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Оның поэзиясын арнайы зерттеп, тақырыптық, көркемдік және дүниетанымдық тұрғыдан қарастыру – алдағы әдебиеттану ғылымының міндеттерінің бірі.
Ән – Бекжанның екінші тынысы
Бекжан Әшірбаевтың шығармашылық әлеміндегі тағы бір үлкен арна – сазгерлік. Авторлар қоғамында оның жетпістен астам шығармасы тіркелген. Оның әндерінің ішінде шоқтығы биік, халық арасына кең тараған туындысы – «Көршінің қызы». Бұл ән Бекжанның сазгерлік қабілетін көпшілікке кеңінен танытып, шығармашылық өміріндегі ерекше белеске айналды. Әннің орындаушысы Тоқтар Серік те бұл туындыны жоғары бағалап, өзінің елге танымалдығын арттырған ең сүбелі әндерінің бірі екенін айтады.
Бекжанның әндерін Саят Медеуов, Мұқасан Шағзадаев, Гауһар Әлімбекова, Жанболат пен Жазира, Роза Әлқожа секілді т.б. танымал өнерпаздар орындады.
Оның әндеріне тән бір ерекшелік – сөз бен саздың өзара үйлесімі. Ақын ретінде сөздің табиғатын терең сезінген Бекжан сазгер ретінде де ән мәтіні мен әуеннің бір-біріне қызмет етуіне мән бергені байқалады. Өлеңнің ішкі ырғағы мен әннің әуендік тынысы қабысып жатуы – оның шығармашылық болмысының біртұтастығын танытады. Сондықтан болар ол «әндерім – өлеңдерімнің жарнамасы» деп, үнемі жымия айтатын. Қалай дегенде де оның әндері де, өлеңдері де тұтас шығармашылық мұра ретінде бағалануы керек.
Журналистика – үлкен мектеп, ғылым – терең ізденіс
Бекжан Әшірбаевтың баспасөз саласындағы қызметі де өз алдына бір арна. Ол «Атамекен кз», «Ел мен жер», «Жас қазақ үні», «Қазақ әдебиеті», «Қазақ университеті», «Заң» газеттерінде бас редактор және бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.
Журналистика – жеделдік пен жауапкершілікті, білім мен білікті, сөзге деген талғамды қатар талап ететін сала. Ал бас редакторлық қызмет – басылымның мазмұны мен бағытына, жарияланатын материалдардың сапасына жауап беру деген сөз. Бекжан осы міндетті шығармашылық ізденіспен ұштастыра білді.
Осынау қарбалас қызметтің арасында білімін жетілдіріп, магистратура мен докторантурада оқыды. «Қазақстандағы сөз бостандығы» атты күрделі тақырыпта зерттеу жүргізді. Отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда мақалалары жарияланып, осы бағытта диссертациялық жұмыс жазды.
Бұл тақырыптың өзі Бекжанның журналистік тәжірибесі мен ғылыми қызығушылығының өзара сабақтастығын аңғартады. Сөз бостандығы – журналистикадағы кәсіби этикамен, азаматтық жауапкершілікпен, қоғамның демократиялық дамуымен тікелей байланысты күрделі мәселе. Сондықтан оның осы тақырыпты зерттеуін кездейсоқ таңдау деуге болмайды.
Осы тұрғыдан келгенде, болашақта Бекжанның журналистік және ғылыми мұрасын да жеке қарастыру қажет.
Туған жермен қауышқан рух
Биыл 21 қазанда ақынның туған жері – Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакентте Бекжан Әшірбаевтың рухына тағзым еткен «Мақтаралым – мақпал әнім» атты еске алу кеші өтті. Мақсат – ақынның шығармашылығын ұлықтап, өнердегі, өлеңдегі ізін жаңғырту.
Кешке Алматы, Астана, Түркістан, Шымкент қалаларынан және сол өңірден Бекжанды таныған, бірге жүрген, шығармашылығын бағалаған қаламдас достары мен бауырлары арнайы келді. Олардың қатарында Темірғали Көпбаев, Ермахан Шайхы, Сәкен Сыбанбай, Асқар Дүйсенбі, Күлайна Оразбекова, Бауыржан Әлқожа, Еркебұлан Қайназар, Бөрібай Оразымбетов, Бекмұрат Анарбаев, Бекарыс Шойбеков, Тұрар Тілеулиев, Айдар Сейдазым, Мұхтар Құралов сынды азаматтар болды.
Кеш қарсаңында ақынның кітаптары мен мерзімді басылымдарда жарияланған еңбектерінен көрме ұйымдастырылып, шара «Бекзат болмысты Бекжан» атты деректі фильммен ашылды. Аудан әкімі Бақыт Асанов ақынның туған жері мен шығармашылық мұрасының рухани байланысына тоқталса, замандастары оның азаматтық болмысы мен өнердегі ізденісі туралы естеліктерімен бөлісті. Арнау өлеңдерін оқыды.
Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының әртістері ақын шығармалары негізінде сахналық қойылым ұсынды. Өзі білім алған оқу орнының жас шәкірттері өлеңдерін жатқа оқыды. Осы көріністердің өзі Бекжанның мұраларының кейінгі ұрпақпен бірге жасай беретінін сездіргендей.
Қазақ ән өнерінің майталманы, ақынның замандасы Саят Медеуов оның сөзі мен әніне жазылған «Мұңайма, қалқа» шығармасын орындағанда, залда отырған талай жанның жанарына жас үйірілді. Өзге өнерпаздар орындаған «Мақтаралым – мақпал әнім» туындысы тыңдармандарға ерекше әсер сыйлады.
Айтыскер ақындар Бекарыс Шойбеков, Еркебұлан Қайназар, Тұрар Тілеулиевтің арнау жырлары да кештің мазмұнын байытты. Бекжанның бала күнгі айтыстағы алғашқы қарсыласы болған Бекарыс Шойбеков:
Бір жігіт осындай-ақ болған шығар,
Артына өлмейтұғын сөз қалдырған, – деп, бауырының өнердегі жолына жырмен баға берді. Ал Еркебұлан Қайназар:
Тұмақта туған ұлыңның,
Жұмақта нұры шалқысын, – деген жүрекжарды жолдарын арнады.
Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – анасы Ұлбике Әшірбаеваның сөзі болды. Ол алыстан келген ағайынға, достарына, ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып: «Бекжаным аз жасаса да, бекер ғұмыр кешпеген екен. Айналасына жақсы адамдар, қамқоршы достар жинаған екен. Осындай жандар барда менің балам да өлмейді», – деді.
Бұл кеш Бекжанның көзі тірісінде өткізуді армандаған шығармашылық есеп беру кездесуінің рухани жалғасы еді. Елімен сырласып, әні мен жырын туған жерімен қауыштырсам деген арманы болатын. Әттең, сол арманына әні мен сөзі жетіп, өзі қатыса алмай кетті…
Бекжанның биологиялық өмірі аяқталғанымен, әні тыңдалып, өлеңі оқылған сайын, еңбектері қайта зерделенген сайын оның рухани ғұмыры жалғаса береді. Мақтааралда өткен тағылымды кеш те осы ақиқаттың бір көрінісі еді.
Асқар Дүйсенбі,
ақын, композитор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі