ТІЛІНДЕ МІНІ КӨП ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ КИНОСЫ

ТІЛІНДЕ МІНІ КӨП ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ КИНОСЫ

Осыны қайтсе болады? Бүкіл продюсер, режиссер, сценаристердің бетін бері қарата алмай қойдық қой. Кинода «сөз арасын» «бөтен сөзбен былғайтындарды» айтамын да. Әлде бұған да заң шығару керек пе? Бірақ еркін әрекет етуге тиіс шығармашылық адамдарын қатып қалған ережелермен тұсаулап тастаған жөн бола қоймайды-ау. Десе де, бұл үдерісті бірдеңе қылып тоқтату керек сияқты.  

Негізі, бұл мақала «Қазіргі қазақ киносын көріңіздер» деп аталуы керек еді. Қалай десек те, бүгінде кәсіби жағынан едәуір даму бар отандық фильмдерді көруге жұртты шын ниетіммен шақырғым келген. 

«Сен айтпасаң да көріп жатыр ғой» дерсіз. Оныңыз рас. Бірақ қазір соны керісінше насихаттайтындар азаймай тұр. Өз ұлтының жап-жақсы туындыларын менсінбейтіндер әлі де көп. Голливудқа, басқа да қайдағы бір ділімізге жат, болмысымызға қайшы, санамызға қиғаш жанрдағы, асқан азғындық пен қатыгездікті дәріптейтін фильмдерге қарап «ұлиды». Соны өзінше биік дәреже көреді. «Қазақ киносын көре алмайды екенмін. Бізде өзі кино бар ма?» деп ділмарсиды. Тіпті оны көруді ар санайды-ау дерсің!  

Ал негізі, бүгінде қазақ киносы дамып жатыр деп үлкен сеніммен айта аламыз. Кілең комедия болып кетті деп сынаушы едік. Енді драманың алға шығып жатқан жайы бар. Киносценарист Қанат Рамазан маған екі жыл бұрын берген сұхбатында «Қазір кино қатты өзгеріп келе жатыр. Соған сай көрерменнің талғамы да өзгеруде. Бүгінде олар тарихи кино мен терең драмаларға сусап отыр... Біз енді осы жағдайға келіп қалдық» деген еді. 

Енді соған шынымен келіп отырмыз. Сол кездің өзінде үлкен экранға шыққан, осы Қанат Рамазан сценариін жазған «Нұрикамал» фильмі көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, сөйтіп қана қоймай, мағынасы үшін сыналып та, қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. 

Жалпы, ол қазақ киносында бір әнге арналған алғашқы туынды болды. Оған сын ақын әйелдің сазгер күйеуінің ғашығына арналған әуеніне сөз жазып бергені, тіпті соған қосқысы келгені үшін айтылған еді. Ал кәсіби жағынан да, тіл тазалығы жағынан да оған ешкім мін таға алмады.        

Негізі, драмада да комедияның элементтері жүретінін жоққа шығармаймыз. Бұл бір жағынан бұрыннан бар жағдай, екінші жағынан қазақ киногерлерінің ә дегенде көрерменді күлкіге бөлейтін жанрды терең меңгеріп алғанының нәтижесі болса керек. Оның үстіне күлдіріп отырып жылату да – шеберліктің бір қыры. 

Жылату демекші, бүгінде «Жылатсам болды, күшті кино шығардым деп ойлайды-ау» дейтіндер шықты. Сөйте тұрып, «жылататын кино бар ма?» деп сұрайтындар бар. Кейде бір көңілдің сондай сәттері болады ғой. Және ол көп адамда болады. «Жылататын» фильм жасайтындар солардың көңілінен шығып тұрған жоқ па? Ендеше, несіне оны кемсітіп, кекетеміз? Бұрындары «біздің қазақ жұрт жаппай көретін киноны қашан шығарады?» деп мәселе көтеретінбіз. Сол көретін кино қазір шығып жатыр. Олар көретін болып қана емес, талғаммен де жасалып жатыр. 

Актер, режиссер әрі продюсер Нұрболхан Шарапов түсірген «Болған оқиға» (2025 жыл) драмасын алайық. Бұның «Болған оқиға 2» (2026 жыл) дегені де шықты. Мұнда да, сол жоғарыда айтқанымыздай, әзіл элементтері бар. Яғни комедиялық драма. Режиссерінің өзі әзіл-қалжың ортасынан шыққан ғой. Актерлері де негізінен комедияда ойнап жүргендер. 

Фильмнің оқиға желісі өте тартымды. Жүрекке дөп тиетін сәттері бар. Бірақ одан суыртпақтап мысал келтірмей-ақ қояйын. Көп адам көрді. Сондықтан оны көпшілік біледі. 

Тағы бір комедия жанрының өкілі, актриса Дариға Бадықова да жақсы бір драманы дүниеге әкелді. «Ыстық ұя» (2025 жыл) деп аталады. Бадықованың продюсерлігі және Дархан Кариповтың режиссерлігімен түсірілген бұл фильмде ойлантар, мұңайтар сәттермен қатар күлкі шақырар тұстар да бар. Ондай тұстар, әсіресе, күйеу бала болып ойнаған актер Олжас Абайдан көбірек көрінеді. Ол сол баяғы сужұқпас, жағымпаз, сүйкімсіз, қылжақбас кейпінде. Қайын жұртына қанша жағымпазданса да, ешқайсысына жақпайды. Сонысымен де сүйкімсіз әрі күлкілі. Оған жаның да ашиды ма дерсің.      

Осы тоқталып өткен екі фильм де ана туралы. Біріншісінде балалар үйінен алынған үш ұлға өз аналарынан кем болмаған өгей шеше. Екіншісінде балалары тірісінде қадіріне жете қоймаған туған ана. Екеуінің де оқиға желісі әсерлі, мағыналы, әке-шешенің қадірін білмейтіндерге сабақ боларлықтай.   

Ал бұларға тіл тазалығы тұрғысынан қарасақ, айтылар біраз әңгіме бар. Біздің негізгі айтпағымыз – сол орысша қосып сөйлеу мәселесі ғой. Осы екі фильмде бұл жағынан алып бара жатқан көп кемшілік жоқ. Бірақ үлкен кемшіліктің ұсақ қатеден басталатынын ескерген жөн. Оның үстіне сәл редакциялап жіберсе, таза қазақша шығар еді-ау деген ойымыз да бар. Кәне, «Болған оқиға» мен «Ыстық ұяның» сондай «әттеген-ай» дегізер жерлерін (бәрін емес, кей тұстарын ғана) редакциялап көрейікші. Сосын оны өзгелер ескерер ме екен? 

«Болған оқиға». Ұлдардың үлкені әйеліне: 

– Пока что ажыраспаймыз.  

Біздің нұсқа: 

– Дәл қазір ажыраспаймыз. 

Үлкен ұл бауырларына: 

– Сәл шыдаса, мен оған и так-то үй әперейін деп жүргенмін. 

Біздің нұсқа: 

– Сәл шыдаса, мен оған онсыз да үй әперейін деп жүргенмін.

Ортаншы ұл үлкен ұлға: 

– Сол кезде жмот едің ғой сен. 

Біздің нұсқа: 

– Сол кезде сараң едің ғой сен.  

Кіші ұл: 

– Прям ондай үй емес. 

Біздің нұсқа: 

– Дәл ондай үй емес енді. 

Кіші ұл ағаларына (дәмханадан шығайын деп жатып): 

– Мынаның счетін төледіңдер ме? 

Біздің нұсқа: 

– Мынаның ақысын төледіңдер ме?      

«Ыстық ұя». Басты кейіпкер – Ғалияның (Дариға Бадықова) күйеуі Ардақ:  

– Мен қазір серьезный жігітпін. 

Біздің нұсқа: 

– Мен қазір тәп-тәуір жігітпін.   

Анасы кенже ұлы Ермекке: 

– Жақында бір жақсы жаңалық айтам деп жүр. Келін түсіресің бе? 

Ермек: 

– Жоқ, тәте, одан да жақсы жаңалық. Бірден баласымен алам. Как раз немере күтіп әуре болмайсыз. Два в одном ғой. 

Біздің нұсқа: 

– Жақында бір жақсы жаңалық айтам деп жүр. Келін әкелесің бе? 

– Жоқ, тәте, одан да жақсы жаңалық. Бірден баласымен алам. Есесіне немере күтіп әуре болмайсыз. Бір оқпен екі қоян атып алам. 

Осы жерде айта кететін жайттар бар. «Жұмысты жасамайды, істейді» деген сияқты, жігіт келінді түсірмейді, әкеледі. Келін түсіретін оның әке-шешесі, үйіндегі үлкендер. Сосын, «как раз» деген сияқты сөздердің қазақша баламасы мүлдем табылмай бара жатса, соны тегі қолданбай-ақ қойса да болады. Оның қатарында мынадай да басы артық сөздер (сөз деуге де келмейді-ау) жеткілікті: «хотя бы», «как будто», «ты че», «е-мое», «просто», «вроде», «вообще» және тағы басқалар. 

Ал енді бұларды қолданбай сөйлеу мүмкін болмай бара жатса, оның орнына жап-жақсы, айтуға жеңіл қазақша сөздер баршылық. Мысалы, «тым құрыса», «құдды бір», «бұның не?», «сұмдық-ай» немесе «мәссаған», «жәй» немесе «тек», «жалпы» немесе «негізі» және тағы сол сияқтылар. Жалпы, сөздің мағынасына байланысты басқаша да келтіре беруге болады. 

«Айтуға жеңіл сөз» дегенді әдейі қолдандық. «Неге орысша сөздерді араластыра бересіздер?» деп режиссер немесе сценаристің қайсысынан сұрасаңыз да, беретін жауабы біреу ғана: «Кинода диалог күрделі болмауы керек. Тым әдеби сөздер ауызекі сөйлеуді қиындатып жібереді». Бірақ біз жоғарыда тым күрделі баламалар ұсынбаған сияқтымыз. 

Енді «Ыстық ұяның» сөздерін редакциялауды әрі қарай жалғастырсақ. 

Жаңа үйді салған күйеу бала Шалқар: 

– Анау жерден мынау жерге дейін теплый пол ұрдым.  

Біздің нұсқа: 

– Анау жерден мынау жерге дейін жылы еден қылдым. 

Үйдің үлкені Абай Шалқарға: 

– Қандай ушлыйсың сен, а? 

Біздің нұсқа: 

– Қандай қусың сен, а? 

Ардақ: 

– «Фатиха» сүресін наизусть знаю. 

Біздің нұсқа: 

– «Фатиха» сүресін жатқа білемін. 

Өстіп қазақшалай салу қиын ба? Әрі біздің нұсқалар бұнда да сонша күрделі, тым әдеби сөздер емес. Редакциялай берсең, әңгіме ұзаққа созылып кетейін деп тұр. Оның үстіне орысша бұдан да көп араластырған фильмдер «өкпелеп» қалып жүрмесін. Сондықтан сөз түзетуіміз осымен тәмам.  

Продюсер, режиссер және сценаристердің тағы бір уәжі бүгінгі заманда адамдар қалай сөйлесе, киноның кейіпкерлерін де солай сөйлетуіміз керек дегенге саяды. Бұл тұрғыда режиссер, сценарист Рүстем Әбдіраш бізге былай деген еді: 

«Кино өзінің заманын консервілеген сияқты уақытты консервілейді. Мысалы, мен қазір өзімнің фильмдеріме талдау жасайтын болсам, олар сол түсіріліп жатқан кездегі заманды консервіге ораған сияқты. Яғни еліміздегі қазақ тілін қолданудың сол кездегі пайыздық мөлшеріне сай келеді... Өзімнің соңғы туындыларымның бәрінің сценариі таза қазақ тілінде жазылып жатыр. Бірақ кейбір эпизодтарда, мысалы, қаланың қазақтары орысша араластырып немесе таза сол тілде сөйлейді. Әлі де болса, өмірде де сондайлар бар екені рас қой. Бұл – заманның көрінісі... Қай заманның да бейнесін дәл беретін болса, одан бас тартудың қажеті жоқ». 

 Режиссердің бұл уәжі дұрыс та шығар. Бірақ біздіңше, өнер қоғамның ыңғайына қарай кетуші емес, қоғамды өзіне ертуші болуы керек. Ол әрқашан көрерменнен алда жүруге тиіс. Оның адамды тіл тазалығына баулуға толық мүмкіндігі бар. 

 Тіл тазалығы демекші, бүгінгі киносценаристер сауатсыз блогерлердің деңгейінде қалып қойған. Өйткені сөз саптаулары сондай. Жоғарыда біз «жігіт келін түсірмейді, ол келінді әкеледі» дедік қой. Сол сияқты қазіргі кинода машина немесе телефонды «сынып қалды» деп айту жаппай қалыптасып келеді. Негізі, техниканы, технологияны «сынып қалды» демейді, «бұзылып қалды» дейді. Сынатын ол шыны, ағаш, тағы сол сияқтылар. Сосын, адам терезені шақпайды, жаңғақты және басқа сол сияқтыларды шағады. Ал терезе шыны ғой, сынады. 

 Қазір «Өкпе Бауыр» атты сериалды (режиссері Әділхан Ержанов, 2026 жыл) көріп жүрмін. Оған да кәсіби шеберлік жағынан тағар мінім жоқ. Алайда, өкінішке қарай, міні сол баяғы тілінде болып тұр. Бөтен сөзбен көп былғанғаны былай тұрсын, арасындағы кей қазақшасы да оңбай қалған. Мысалы, басты кейіпкердің бірі інісінің баласын «жиен» деп соға салды. Яғни сериалды шығарушылар қазақтың әуелден әпкенің не қарындастың, жалпы қыздың баласын ғана «жиен» дейтінін білмей, сауатсыздық танытып отыр. Осы күнгі әйелдердің келін болып түскен үйін «қайын жұртым» деп жүргеніндей бұл да ертең дәл солай қалыптасып кетсе, не болмақ?     

Әрине, мен кәсіпқой киносыншы емеспін. Бірақ қазіргі қазақ киносында міндетті түрде тіл тазалығы сақталуға тиіс деп санаймын. Өкінішке қарай, бұл тұрғыда оның міні көп болып тұр. Ендігі жерде киногерлер осыны мықтап ескерсе екен дейміз. Әрине, егер ол жақта бұны жөн-ау дейтін адам табылса.  

Оразәлі БАЙМҰРАТ,

Қазақ үні