СЫРҒАЛЫ ҰЛДЫҢ СЫРЫ

СЫРҒАЛЫ ҰЛДЫҢ СЫРЫ

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында атақты ғалым Дандай Ысқақұлының сексен жасқа толуына орай дүбірлі жиын болып өтті. Онда әріптестері мен шәкірттері бүгінгі ел әдебиеті мен ғылымының көрнекті тұлғасына жүрекжарды лебізін айтып, ұзақ та баянды шығармашылық ғұмыр тіледі. Сондай-ақ мерейтой иесіне Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның арнайы Құттықтау хаты табыс етілді.

Төменде ғалымның сиясы кеуіп үлгермеген автобиографиялық «Өмірім жайлы» хикаятынан шағын үзінді ұсынылып отыр. 

Мен Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы Отырар ауданының Қоғам аулында дүниеге келіппін. Отырар кезінде ислам мәдениетінің ірі орталығы болған, үлкендігі жағынан әлемдегі екінші орындағы (Александриядан кейінгі) кітапхана орналасқан, Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанған ұлы ғұлама Әл-Фараби туылған тарихи өңір ретінде белгілі. Қоғам – Арыс өзенінің Сырға құя берісіндегі ежелгі Отырар қаласындағы Арыстанбап кесенесіне жақын жерде отызыншы жылдары ұжымшар болып ұйысқан, 1957 жылы кеңшар болып қайта құрылған таза қазақы ауыл.

Анамның айтуынша, наурыз көже пісіріп жатқан кез болса керек. Атымды Дандай деп әкемнің өзі қойыпты. Оның мәні біз тұрған ауылда Қоңыраттың бір атасы Дандай маңғытайлардың ұрпақтары тұратын. Маған дейінгі балалары тұрмаған әкем менің атымды Дандай атаның ұрпақтары секілді өсіп-өнсін деп, ырымдап қойған екен.

Осы жерде тағы да мынадай бір қызық жағдайды айта кетпесем болмас: сол біздің ауылдағы Дандай маңғытайдың келіндерінен бастап, кемпірлеріне дейін бірде-біреуі менің атымды атамыздың аты деп, атамаушы еді. Ауылдың сол кемпірлері есіме түскенде, басынан бақайшығына дейін ұлттың болмысынан жаралып, дәстүрімен өмір сүріп, соны ұрпақтарына жалғастырған «қайран қазақтың аналары-ай» деген бір тіркес ойыма орала береді.

Тілеп жүріп көрген перзент болған соң болу керек, маған көз тимесін деп, төбеме тұлым өсіріп, құлағыма сырға тағыпты. Мектепке барғанымда, құлағымда сырға жоқ еді, бірақ басымда желбіреген шашым бар-тұғын. Осы шаш үшін менің көрмеген қорлығым жоқ; сынып оқытушысынан бастап, мектеп директорына дейін қаншама рет «алдырып таста» деп ұрсып, талай рет жиналыстарға салды; кейбір пысықай балалар сәл себеп болса болды «қызтеке» деп мазақтайтын. Талай рет үйге жылап келетінмін. Бірақ әкем «былқ етпей» айтқанынан қайтпады. Мектепке талай рет барып, басшылармен сөйлесіп, олармен не келісетінін білмеймін, әйтеуір, маған «бәрі дұрыс» дегендей ыңғайда тыныш жүре бер дейтін. Сонымен не керек, сол шашты бесінші сыныпта, яғни он үшке, қазақтың жыл санауы бойынша, бір мүшелге толғанымда барып, мал сойып, бір қазан палау бастырып, ауылды түгел шақырып, құран оқытып барып, алдырды ғой, әйтеуір.

Өте ырымшыл әкемнің балаларына ат қоюы да қызық еді. Менен кейін туылған қызға Серік деп ат қойды. Серік ұлдың аты ғой, қыздың атын қойсайшы дегендерге «маған баламның артынан серік болып еріп жүрсе болды» деп ешкімді тыңдамапты. Сол қарындасым балалық шағында Серік болып жүрді де есейген соң барып, оған «қызды» қосып, Серікқыз атанды. Одан кейінгі қызға Ділла, Ділда деген ат берді. Ол кейін Ділдагүл болды. Ініме бұрындары өткен бір жақсы Ақмолда деген кісінің есімін берді. Ал одан кейін өмірге келген ұлды Ақмолдаш дей салды. «Ақмолда» да «Ақмолдаш» та бір ат қой десек те тыңдамады. Кейін әйтеуір, жабылып жүріп, Ақмолдашты Молдашқа өзгерттік. Ең кішіміздің атын Кенжегүл қойды.

Әкемнің әкесі атам Төребек ауқатты адам болғандықтан да жиырмасыншы жылдардың соңындағы байларды тәркілеуге ұшырап, одан қалған малдарынан отызыншы жылдардың басындағы аштықта айрылып, күн көру қамымен атамекені Қаратаудың теріскейіндегі Жартытөбе жерінен Сыр бойына көшіп келген екен. Соңғы деректер бойынша, арғы аталарымыз кезінде Шыңғысханның қасында жүрген белгілі адамдар болыпты. Оның басты себебі Шыңғысханның нағашы, қайын жұрты қоңырат болғандығынан болса керек. 

Әкем Төребекұлы Ысқақ ағайынды үш ұл, үш қыздың ең үлкені болыпты. Әкемнің Өтеген, Рахметолла атты інілерін мен көрмедім. Анамның айтуынша, екеуі де қарулы, ескіше хат танитын, жарамды жігіттер болған. Отызыншы жылдардың басында ұжымшарға ұйысу кезінде ұжымшардың орталығын салу үшін оның әрбір мүшесіне күніне 1000 кесектен құюды міндеттеген. Сонда ағайынды үш жігіт күніне 3000-нан құйып тұрыпты. Кейде норманы күндіз үлгере алмай, қалғанын түнде айдың жарығымен орындапты. Жоспарды орындай алмаса, ұжымшардан шығарып тастайды екен. Бұл дегеніңіз – күн сайын ұжымшар мүшелеріне еңбекақы ретінде беріліп тұратын ас-ауқаттан айрылу. Сондықтан да аш қалмау үшін өледі-тіріледі, тиісті кесек санын орындамай жатпайды. Әкемнің екі інісі қазіргі Қоғам аулының іргетасын қалаған үйлерді салу барысында ауыр еңбектен зорығып, өкпе ауруына шалдығып, бұл өмірмен жастай қоштасыпты.

Ал қарындастары – Күлсін, Бейсенай, Үлтайлар өсіп-өніп, ұзақ жасап, бертінде қайтыс болды. Бейсенай апам 100-ден асып, өмір сүрді. Жиендер Отырарда, Түркістанда, Алматыда қызмет жасап, ұл-қыз өсіріп, тіршіліктерін жасап жатыр.

Әкем 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, елге мүгедек болып оралып, қара жұмысқа жарамай, ұзақ жылдар ұжымшардың егістігіне қарауыл болып жұмыс жасады. Әкеміз соғыстан қайтып келе жатып, Сарытау (Саратов) қаласынан кейінгі бір стансада пойыздан түсіп, нан-пан алып жатқан кезде бір жас балдар келіп, қолында ұстап тұрған ақшасын ішіндегі бар құжатымен түйіншегін қоса жұлып алып, қашып, жеткізбей кетеді. Содан бір жағынан, елге аман-есен оралғанына шүкіршілік етіп, екінші жағынан, күйбең тіршіліктен қолы босамай, оның үстіне жазу-сызу білмейтіндіктен де құжаттарына іздеу сала алмауы салдарынан өмір бойы мүгедектігі жайлы жәрдемақы алмай өтті.

Бес уақыт намазын қаза қылмайтын әкеміз мінезі шапшаң, намысқой, өжет кісі еді. Бір қызығы, сыртта ешкімге көкірегін бермейтін, басын имейтін, топ ішінде ешкімге сөз бермей, бір өзі сөйлеп отыратын көкем үйде көп сөйлемейтін, бір-ақ айтатын өте қатал болды. Анамыз да, біз де бір ауыз қарсы сөз айтпайтынбыз. Біз әкенің қасы-қабағына қарап, әкенің айтқаны, әке сөзі заң болып, өстік. 

Әкеміз бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. Қозы-лақ бағудан басталған «еңбек жолымыз» кейіннен ауылдың малын кезектесіп бағуға, ауыл сыртынадағы егіндіктің арасына егілетін қауын-қарбыз, жүгеріні егіп, шабығын шауып, суғарып дегендей, бірінің соңынан бірі келіп отыратын бітпейтіндей көрінетін баптау жұмыстарына ұласатын. Бұл жұмыстарды аз десеңіз, күннің ыстығы 40 дәрежеге дейін көтерілетін оңтүстіктің аптап ыстығында ауылдан 5-6 шақырым жердегі бидайын орып алған аңыздың масағын теруге барушы едік. Бидайын жинап алғанына қарамастан, әр жерде бір масағы қалған аңыз қорылатын. Біз ауылдың балалары қарауылдың қолына түсіп қалмау үшін адам түгіл қыбырлағанның бәрі көлеңкеге кіріп, паналайтын, демалатын, күн барынша қайнайтын шаңқай түсте кейбіріміздің аяғымызда сүйретпеміз де жоқ, әрқайсымыз бір-бір есекке мініп алып, ауылдан 5-6 шақырымдай жердегі Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы егіндік аңызына бет алатынбыз. Әр жерде қалған бір масақты жүгіре жүріп теруші едік. Түс қайта, аптаптың беті ептеп қайта бастаған кезде томпая бастаған дорба-қапшықтарымызды алдымызға өңгеріп алып, жаудың бетін қайтарып, үлкен бір істі бітіргендей мәз болып, ауылға қайтатынбыз...

Ауылдың балалары бірге ойнаған «дос» болғанымызбен де кейде келісе алмай, шекісіп қалатын кездеріміз де болмай қалмайтын. Сондай бір «есеп айырысудың» барысында жазықсыздан таяқ жеп қалғанымды айтып, жылап келгенімде, әкем маған жақтаспақ түгілі, менің жылап келгеніме намыстанып, «таяқ жегенше, қолында өліп қалмайсың ба, әлің жетпесе, тыныш жүр» деп өзіме ұрсып, қамшымен тартып-тартып жіберді. Содан кейін әкеме «арыз» сияқты сөздерді айтпайтын болдым.

«Қамшы» демекші, ылғи да атқа мініп жүретіндіктен де болса керек, әкемнің қолынан қамшысы түспейтін. Тіпті, тамақ ішіп отырғанда да қамшысы қасында жататын. Қамшы жатқан жерде қамшының тәртібі орнайтын. Біздің үйде көбіне әкем емес, қамшы «сөйлейтін». Алғаш рет балалық қызығушылықпен алма ұрлап көргенімізде, «мықты кісілерге» еліктеп, темекі тартқанымызда, қауын ұрлағанымызда, сол қамшы «сөйлеп» тәртіпке шақырған. Ұзын сөздің қысқасы, ауылдың балалары қызығушылықтың, еліктеушіліктің әсерімен көп ойлана бермей баратын осындай «дәстүр» боп кеткен жаман, теріс қылықтардан бізді сақтап, тура жолға салған әкемнің осы бір қазақы қамшысы болды десем артық айтқандық емес. Күні бүгін маған осы бір қазақтың қарапайым шалдарының қолында жүрген қамшы нағыз қазақы тәрбиенің, ұлттық дәстүрдің қорғаушысындай, жоқтаушысындай, символындай, ол ілулі тұрған жерде ұлттың рухы да аңқып тұратындай көрінеді де тұрады.

Әкем менің есім кіргелі ауылдың сыртындағы мақталықтың, кейін жүгеріліктің қарауылы болды. Мен де қашан атқа мініп, әкем сияқты жүрер екенбіз деп, қызығатынбыз. Көкем бір күні жұмысынан ертелеу келді. Әдеттегідей, қарсы алып, «атқа бір мініп көрер ме еді» деп іштей ынтығып тұрғанда, атынан түсіп жатып, мені қасына шақырды да бірден көтеріп, ерге мінгізе салды. Мұны күтпеген мен ердің басынан ұстап, қатып қалыппын. Анадай жерде күбі пісіп жатқан анам «құлап қаласың, мықтап ұста» деп шыр-пыр етеді. Мен де аттан құлап қалмайын деп, іштей қорқып тұрмын. Оған қарайтын көкем жоқ. Бәрі керісінше болды. Көкем мені аттан түсірмек түгілі, тізгінінен ұстап тұрған атын босатып жібере салды. Жуас ат орнынан қозғалмай тұра беріп еді; «чу-чулеген» әкем аттың сауырынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Мұндайды күтпеген ат тұрған орнынан бірден ытқып кетті. Мұны күтпеген мен құлап қала жаздап барып, ердің басына жабысып қалыппын. Бірден ытқып кеткен ат сәлден соң, жүрісін баяулата түсті. Ердің басынан ұстап, жабысып қалған маған «бір қолыңмен тізгінді ұста» деп айқайлады. Бір қолымды ердің басынан босатсам, құлап қалатындай көрінген мен айтқанды орындай қоймап едім, ашуланған әкем «жүгенді ұста» деп қатты ұрсып айқайлап жібергенде, сол қолыммен аттың тізгінін қалай ұстағанымды өзім де білмей қалдым. Жүгенге үйренген жуас ат менің тізгінді тартқаныма қарай жүре берді... Бұл менің алғаш рет атқа мініп, тізгінін өзім ұстауым еді.

Әкем атқа құмар кісі еді. Сексен жасына дейін өзінің қарагер атымен оңтүстікте көктем-күз маусымдарында жиі өтетін той-томалақтарда міндетті түрде берілетін көкпарлардан қалмайтын. Көкпар шабамын деп талай рет аттан құлап, өліп қала жаздаған кездері де болды. Ол 80 жасында да көкпарға барып, көкпар шауып жүрді. Осылайша, атқа мініп, көкпар шауып жүрген әкем бір жылдай науқастанып, 1981 жылы жаман аурудан 81 жасында қайтыс болды.

Анам Рсалды Шерімбетқызының өсіп-өнген әулеті де кеңес өкіметінің зобалаңына көп ұшырапты. Теріскейдің Үштөбесін малы ен жайлаған Шерімбет те бір жағынан, тар заманның қыспағы, екінші жағынан, табиғаттың күтпеген дүлей мінезінен мал-мүлкінен жұрдай болып, Сыр бойына қарай ойысыпты.

Анамның сол бір ауыр күндер туралы айтқан мына бір әңгімесі есімде қалыпты: «Қай жылы екені есімде жоқ, жұрт «ақ боран» атаған жылы қыс қатты болды да, көктем кешігіңкіреп шықты... Мамыр айындағы теріскей өңірінің көктемі керемет қой. Қаратаудың сілемденген құба жондары, таудан арқаға қарай созыла түскен сайын дала көк майсаға оранып, қызғалдақтармен көмкеріліп, қарасаң көзің тоймайтын бір тамаша кез еді. Қыстан қысылып шыққан мал көкке тойынып, ауылдың балдары жуа қазып, қызғалдақ терген, ертеден кешке дейін ойынға бір қанбай, қызығына тоймай, үй бетін көрмей жүрген бір қызық уақыт-тұғын. Жалаң аяқ, жалаң бас шапқылап жүрген осындай бір күні табан астынан ауа райы бұзылды; алдымен, аспанды қара бұлт тұмшалап алды да жауындатып, дауылдатып, құйып-құйып жіберді. Жауынның арты қарға ұласып, онан соң қатты боран соқты. Малды суықтан паналатуға жер жоқ болғандықтан, түйелерді айналдыра шөктіріп, қора жасап, бар малды соның ішіне қамадық; жаңа туған төлдерді енесімен бірге киіз үйдің ішіне кіргіздік. Сол қарлы боран үш күн, үш түн соқты. Біз сол үш күн, үш түнді киіз үйдің ішінде қозы-лақ, бұзаулармен бірге қой-ешкі, сиырлардың арасында өткіздік.

Үш күн бір тынбастан ұрып-соққан боран бірден басылып, жарқырап күннің көзі шықты. Көктемнің ыстық жылуы қойсын ба, жер-көкті басып қалған қар бірден еріп, сай-саланың бәрін топан су қаптап кетті. Қар басып қалған біздің «түйе қораның» ішіндегі малдың аман қалғаны жоқ болып шықты; бәрінің өкпесіне суық өтіп кетіпті; ал «қора» болған түйелер тірі болғанымен де орындарынан тұра алмай, жатқан жерлерінде өлді. Осы қырғыннан киіз үйдің ішіне кіргізген жаңа туған малдар мен олардың төлдері ғана аман қалды.

Күннің бірден жылып кетуінің әбігері аз болмады. Қырылып жатқан малға қарамақ түгілі, енді қаптаған топан судан адамдарды, үйлерді, аман қалған бірлі-жарым малдарды сақтап қалудың өзі оңайға түспеді.

Әлі есімде, бір кезде аттан салған, «құтқар» деген дауыс қаптап кетті. Өз қарақан басының қамымен әбігер болып жатқан жұрт жүгірген жаққа біз де жетіп барсақ, о тоба, өз көзімізге өзіміз сенбедік: сарқырап аққан топан сумен бірге бесік ағып барады; бесіктің ішінде бір бала жылап бара жатыр... Адамдар бесіктегіні құтқарып қаламыз деп, жапа-тармағай солай қарай ұмтылды; бірақ топан су ағынының күштілігі соншалық, бір де бір адам жете алмады; тіпті, атпен қуды, олар да жете алмады...

Су бетінде толқын ұрып, ағып бара жатқан бесік, оның ішінде шыңғырып жылап бара жатқан баланың даусы көпке дейін түсіме кіріп, шошып оянып жүрдім. Сол бір көрініс көкірегімде сурет болып, мәңгілікке қалып қойды». Анам айтқан осы бір әңгіме менің де есімде сақталып қалыпты.

Анамызды әкемізге он үш жасында ата-аналары құда түсіп, қосыпты. Ауқатты әке-шешесінің алдында ер бала сияқты ерке өскен жалғыз қызы бір үйдің тұңғышына тұрмысқа шыққан соң, бірден есейіп кеттік; өсіп-өнген шаңырақтың үй шаруашылығы, ас-ауқатының өзінен-ақ ертеден кешке дейін бір тынбайтынбыз дейтін. Ал қызын құтты ұясына қондырған әке-шешесі жоқшылықтың, тіршіліктің қамымен Тәшкен жаққа кетіп, он шақты жылдан соң, елге оралады.

Осы оқиғаға байланысты анам айтқан тағы бір оқиға ойға оралады. Теріскейдегі жұттан бар малынан айрылған Шерімбет аман қалған жеті түйесіне тек қана алтын-күмістен жасалынған бағалы заттарын артып, Сыр бойына келген ғой. Жаңа қонысқа келгенде де алтын-күмістің ешбір құны болмаған; қанша алтын берсең де тамаққа талғажау боларлық ештеңе сатып ала алмаған екен. «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екендігіне» сонда көзіміз жетті дейтін.

Тәшкен жаққа қоныс аударар алдында нағашы атамыз сол алтын-күмістерді «кейін келіп аламыз» деп, ауылдың сыртындағы тоғайдың шетіндегі қалың тоғай болып өскен топ талдың жанындағы сайды белгілеп, айдың жарығымен түн ішінде көмген. Он жылдан кейін келіп, тығып кеткен қазынасын іздесе, таба алмайды; сөйтсе, баяғы ауыл да, ел де жоқ; тоғай да, сай да жоқ; ел ауып кеткен; қалың тоғайдың ағаштары кесіліп, одан қалғандары құрғақшылықтан қурап, айнала тап-тақырға айналыпты.

Әкеміздің мінезі кейде шарт-пұрт болып қалатын болса, анамыз өте салмақты кісі еді. Көкем кейде болмашы нәрсеге күйіп-пісіп, ұрсып жатқанда, анам бір ауыз сөз қарсылық білдірмейтін; ашуы басылған соң барып, не болғанын түсіндіретін. Жалпы, біз әке-шешеміздің бір нәрсені түсінісе алмай, сөзге келіп жатқанын естіген де, көрген де емеспіз. Біздер үшін әкеміздің айтқаны заң болатын. Десек те, үй-ішінің бар мәселесін анамыздың өзі шешіп, өзі атқаратын. Әкеміз балаларына қатал қарап, қатал тәртіпке үйретсе, анамыз еш уақытта дауыс көтеріп ұрсып көрген емес; барлық уақытта да жүзі нұрланып, мейірімін шашып, қамқор болып жүретін. Көкем өзінің қаталдығымен өмірдің алда кездесетін не бір қиындықтарынан қайыспай өтуге тәрбиелесе, анамыз аналық мейірімін бойымызға сіңіріп, мейірімді болып өсуге баулыды.

Анамыз 12 құрсақ көтеріпті. Ол кезде жаңадан құрылған ұжымшарларда баланы бағатын балабақша, қарайтын дәрігер дегендер ойға түгілі, түске де кірмейді екен. Кейде бір үзім нанға зар болатын халықтың жоқшылықтағы тұрмысы, таңның атысы күннің батысына дейінгі бір тыным таптырмайтын мақтаның шабығы, терімі деген сияқты бітпейтін ауыр еңбек жас баланы дұрыстап бағуға мүмкіндік бере бермейді. Жас босанған әйелдер емшектегі балаларын 3-4, кейде 4-5 шақырым жердегі мақталыққа арқалап барып, баласын емізіп болған соң, не қасына қамзолына орап, ұйықтатып тастайтын, не еңбектегі баланың беліне жіп байлап, қағылған қазыққа байлап қоятын болған. Анасының бір көзі баласында, оған қарап қойып шабығын шаба беретін. Баласын қасына жатқызып, не ойнатып қойып, шабық шауып жүрген аналар қайтарында тамақ пісіруге деп, бір-бір арқа жалпылдақ отын дайындап, үстіне балаларын ыңғайлап отырғызған отын арқалап, балаларымен қосыла өлең айтып, у-шу болып, қас қарая ауылға келеді екен.

Болашақ ұрпақтары үшін адам сенбестей осындай еңбек еткен, ерліктер жасаған аналарымыздың алдында біз – мәңгілік қарыздармыз. Бұл жағдайларды мен менің анам осындай болған деп, мақтану үшін емес, ұрпақтары біз үшін, біздің болашағымыз үшін аналарымыздың сол бір қиын-қыстау қиын кездерде қайыспай, басына түскен ауыртпалықты көтере білгенін кейінгі ұрпақ біле жүрсе, олардың өмірдегі ерліктері кейінгілерге үлгі, сабақ, мақтаныш болса екен деген игі ниетпен айтып отырмын.

Балалық шағымыз соғыстан кейінгі қиын жылдарда өткен біздің өстіп аман-есен, деніміздің сау болып жүріп жатқанымыз сол бір кемпір мен шалдың бейбіт күндегі ерен еңбегінің арқасы ғой деп ойлаймын. Бойымызда қандай да бір қасиет болса, сол ақ жаулықты анамыздың ақ сүтімен келген, солардың сөзімен де, ісімен де көрсеткен өнегесінің арқасы деп білемін. Біз сол ата-анамыздың бізге деген аяулы алақанының арқасында ғана жетіліп, өмірдегі өзімізге лайықты орынды алдық. Осы күндері мен біздің амандығымыз үшін қолынан бар келгенін, тіпті, кей жағдайларда қолынан келмейтіндерін де келтірген ата-аналарымыздың үмітін ақтай алып жүрміз бе, солар істеген істерді істей аламыз ба деген сауалдар төңірегінде көбірек ойланатын болып жүрмін. Ойланған сайын олардың адами болмысы биіктей түсуде...

Мен үшін мына жалғанда өзімнің әкемнен, анамнан мықты Адам жоқ сияқты. Мен әкеме еліктеп, анамның ғибратты сөздерін құлағыма құйып өстім. Адамдықты да, адалдықты да, имандылықты да бойымызға сіңірген, жалпы, адам боп таза өмір сүрудің тура жолына түсірген де – мыжырайған сол бір қара шал мен қара кемпір, яғни менің Әкем мен Анам. Өмірдің түрлі қиындықтары кездескенде, осындай кездерде әкем не істер еді, анам не дер еді деп, ойша сырласамын; сол кезде бәрі де орын орнына келе беретіндей...

Біздің ауыл ежелгі Отырар қаласының аумағындағы қару-жарақ жасайтын ұстаханасы орналасқан, қазір орны төбе болып қалғандықтан Пышақшы аталған төбенің маңында еді. Есіміз кіре бастағанда, алғаш көргенімізден есте қалғандары осы Пышақшы төбе, құшханасы болған Құйрық төбе, зергерлік бұйым ұстаханалары орналасқан Алтын төбелер болды. Жаздың күні ауылдың жас балдары біздің ауылға жақын Пышақшы төбенің маңына қозы-лақтарымызды жаятын едік. Әр бала үйінен қарны ашқанда, ішіп-жейтін нан-пан дегендей, бірдеңе-шірдеңелерін түйіп ала шығатын. Күн түске таяу қозы-лақтарымыз тойынған соң, оларды көлеңкеге иіріп жатқызып, өзіміз биік өскен жантақтардың көлеңкесінде ойынға кірісетінбіз. Сол жердегі жантақтың биік өсетіні сондай, 4-6 жасар баланың бойындай биік өскендіктен көлеңкесінде еркін ойнайтынбыз. 

Әкем бірінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, 1945-жылдың мамырында елге оралыпты. 1941 жылы әскерге кеткенде, бір үйдегі бір қазаннан әке-шешесі бар, барлығы 12 жан ас ішіпті. Бес жылдан соң, соғыс бітіп, елге оралғанда, сол 12-ден екі- ақ адам – менің анам мен әкемнің ең кенже қарындасы Үлтай апа ғана қалыпты. Сонда соғыс кезіндегі ауыртпалықтардан 5 жылда бір шаңырақтан 10 адам түрлі жағдайлармен о дүниелік болып кеткен ғой. Марқұм анам «сол кезде бойжетіп отырған Үлтай апамыз сөз айтып келген, алып қашпақшы болған талай жігітті қайтарып, «кәрі қыз» атанып еді; сондағы бар ойы – қара шаңырақты құлатпау, әскерге кеткен ағасын күтіп, шаңырағын иесіне тапсыру болатын. Сөйтіп, Үлтай апаң екеуміз осы шаңырақты сақтап қалып едік» дейтін. Үлтай апамыз ағасы әскерден келген соң барып, тұрмысқа шығып, ұл өсіріп, қыз өсіріп, шөбере сүйіп дегендей, өсіп-өніп, ұзақ өмір сүріп, бертінде ғана қайтыс болды. Ұл-қыздары бұл күндері Алматыда, Отырарда тұрып жатыр.

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 

сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор

ТӨМЕНДЕГІ ӨМІРДЕРЕК пен құттықтауды ЕКІ ТҰСҚА КІШІРЕЙТІП ОРНАЛАСТЫРАЙЫҚ:

Өмірдерек

Дандай Ысқақұлы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Түркі әлемі педагогтар ассоциасиясының (TURKDEB) мүшесі, филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры. Дандай Ысқақұлының 33 үш кітабы, 791 мақаласы Қазақстанда және шет елдерде жарық көрген. Ол «Құрмет» орденінің иегері, еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, сондай-ақ оқу әдебиеттерін жазудағы көпжылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Байтұрсынов атындағы алтын медальмен, Түркі әлемін зерттеуге сіңірген еңбегі үшін ТҮРКСОЙ-дың Түрк әлемі мәдениеті мен өнеріне жасаған зор үлесі үшін Мақтымқұлы медальдарымен, әдебиеттану ғылымындағы жетістіктері үшін Мәшһүр Жүсіп атындағы және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы алтын медальдармен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне – 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталған; Халықаралық «Алаш» сыйлығын және түркология саласындағы ас зор жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлығын алған. Түркістан облысы Отырар ауданының құрметті азаматы.

Құттықтау

Құрметті Дандай Ысқақұлы!

Барша Қазақ руханияты мен зиялы қауым үшін айтулы белес – Сіздің асқаралы 80 жасқа толған мерейтойыңызбен Мәдениет және ақпарат министрлігінің және жеке өзімнің атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Сіз саналы ғұмырыңызды отандық әдебиеттану ғылымы мен әдеби сын саласын дамытуға арнап, қазақ сөз өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіз. Көпжылдық ұстаздық қызметіңізде жүздеген шәкірт тәрбиелеп, оларды ғылым мен шығармашылықтың даңғыл жолына салдыңыз. Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеу, Алаш арыстарының мұрасын ұлықтау, сондай-ақ мемлекеттік тіл саясаты мен ұлттық тәрбие бағытындағы кесімді пікірлеріңіз бен іргелі зерттеулеріңіз қоғам үшін әрқашан жоғары маңызға ие.

Осынау мерейлі сәтте Сізге сарқылмас шығармашылық шабыт, деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін. Қазақ әдебиетінің биігінде ақылман абыз ақсақал ретінде аман-есен жүре беріңіз!

Құрметпен – Аида БАЛАЕВА, 

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі