ЕСКЕНДІР ТЫНЫШПАЕВТЫҢ ЕРЛІГІ
2026 ж. 14 шілде
80
0
Ол еліміздегі ең алғашқы кәсіби оператор болды... Әлемге әйгілі Түркісібтің ашылуын – ондағы атты жаяулы, түйелі қазақтардың отарбаны қуалап шапқанын тарихқа шегелеген осы – Тұлға. Әкесіне тіл тигізген НКВД ның әпербақаны ... «Ұмыт халық жауын... Сенде әке болған емес! Баласы әкесі үшін жауап бермейді. Бас тарт «әкем емес» деп. Мына қағазға қол қойсаң болды» дегенде, ол арыстандай ақырып "Жо-жоқ, мен әкемнен бас тартпан... Мен әкемнің әр сөзіне, жасаған еңбегі мен әр ісіне жауап беремін.. Өйткені менің әкем таза, әділ болған, өз елін шексіз де шетсіз сүйген!» деп НКВД-ның офицерін үстелдегі күлсалғышпен маңдайынан бір-ақ ұрып құлатқан осы жігіт. . Сосын еш қиналмай еңсесін көтеріп 10 жыл Соловкиден Беломор канал ары ГУЛАГ-тың түрмесін «түгендеген» Ескендір Тынышпаев еді.
Ескендірдің әкесі Мұхамеджан Тынышпаев. Руы Найманның ішіндегі
Садыр одан
Тоң ...Тоңнан
Түгелбай-Жадық-Діңгелес-Тәуімбет- Жомарт Батыр-
Тасболат-Бектау- Тәуке-Түйте-Әлдеке-Тынышбай- Мұхамеджан тарайды.. Осы орайда қалмақтармен 1723 жылы болған шайқаста жаудың бетін қайтарып тоғыз ұлымен бірге мерт болған Жомарт батырды айта кеткен жөн. Жас келін жаңа туған нәрестені қазанның астында жасырып, содан тірі қалған Садырдың жалғасы деген аңыз бар. Мұхамеджан – осы Жомарт батырдың ұрпағы.
Петербургтегі император 1-ші Александр атындағы Жол қатынас институтын қызыл дипломмен бітірген. Өзінің курстық жұмысына арналған тақырыбы кейін Түркісібтің салынуына арқау болған азамат. Анасы Гүлбахрам Шалымбекова – Жетісу өңіріндегі ең танымал дәрігер Бәкінің қызы. Ол да Петербургте фельдшердің оқуын тамамдаған хас сулудың өзі еді. Шымкентті жайлаған тырысқақ эпидемиясы кезінде науқастарға көмектесемін деп өзі ауырған. Ескендір мен әкесі Ташкенттен келгенде өлгендерді өрттеп жатқан жерге тап болады. Гулбахрам осы өртенгендердің ішінде еді. Мұхамеджанның қолында Ескендірден басқа Фатима мен Дина есімді тағы екі қызы қалды.
Мұхамеджан Тынышпаев Ресей Думасының депутаты, Қоқандағы Уақытша үкіметтің Премьер-министрі , Алаш орда үкіметінде Әлихан Бөкейхановтың оң қолы болған. Орынбордан Қызылордаға қоныс аударған Үкіметтің көшуіне тікелей жауап берген тағы да осы Тынышпаев еді. Туркісібті өз қолымен салған Мұхамеджан Тынышпаев қызыл фашизмнің -репрессиясына ұшырады.
Бүгінгі ұрпақ біле жүретін детальдің бірі –і 1927 жылы Ескендір Тынышпаев Ленинградтағы (Санкт-Петербург) Политехникалық институтқа түседі. Ал 1929 жылы Түркісібтегі жұмыстардың қызу кезінде Ескендір елге оралады. Бұл кезде Мәскеуденб Украинадан кинооператорлар Түркісібті түсіре бастаған болатын. Ұзын бойлы алпамсадай Ескендір алдымен тілмаш кейін оператордың ассистенті боп жұмысқа кірді. Камераны қағылез жігіт тез арада үйреніп алған соң өзі түсіре бастаған. Жоғарыдағы айтылған атышулы кадрлерді таспаға таспалаған Ескендір Тынышпаев болатын...
Бала кезде біз тамашалаған кинолар аз емес. Алайда қазақ фильмдері жоқтың қасы-тын. Соның бірі – Мәжит Бегалин түсірген «Его время придет» туындысы (Қазақша тәржімесі жөнді болмаған соң орысшасын әдейі қолданып отырмын). 1957 жылы шыққан бұл фильм – Шоқанның өмір жолын көрсеткен тамаша туынды. Басты рольде Нұрмұхан Жантөрин. Осында ғажап кадрлар толып артылады.
Шоқан Айшаны күтіп далада жүр... Кешкі кез... Аспанда ақ бауыр бұлттар.. Алдыңғы планда – иен даланың болмысы, бары, байлығы, киесі, иесі... Кителін желей жамылған Шоқан бір орнында байыз таппай әрі-бері жүреді. Алабұртқан көңілі мына аспандағы жөңкілген шарбы бұлттай... Қандай сурет! Қарасаң көз тоятын Шоқан Бір кадрдың ішіне дала философиясы сиып кеткен... Миллиондаған аты-жөні белгісіз кадрлерді көрсетсе мына көріністен қазақ даласын, оған деген сүйіспеншілік пен сағынышты, құрмет пен махаббатты айнытпай табуға болады. Не болмаса, Шоқанның ат үстінде шабатын жері... Ескендір бұл кадрді машинаның үстінде тұрып түсірді. Қазір қарап отырсам, бір жерінде камераның дірілі болмаса фокустың суретінен сүрінуі жоқ. Бұл шын мәнінде нағыз қазақ киносы-тын. Алғашқы кино өнеріндегі қазақи суреттер...
1933 жылы Испаниядағы революцияны түсіруге Бас оператор етіп Ескендір Тынышпаевты бекітеді.. Ал оның ассистенті етіп Роман Карменді алады. «Испания күнделігін» М. Кольцовтың осы аттас кітабы бойынша түсіру керек еді. Олар отқа оранған Испанияны, Эрнест Хемингуэйді түсіруді жоспарлаған. Пленка, камера, оны-мұны – бәрі де сақадай сай. Тек әскери ұшақпен ұшу керек..
Ескендір Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында (ВГИК) көп дос тапты. Олар – Чапаевты сомдаған әйгілі актер Борис Бабочкин, операторлар Леонид Косматов, Евгений Головня, Ромен Кармен, Александр Галперин .
Бұл Кремльдегі күн көсемнің репрессия ошағына еш күнәсіз .. миллиондаған жандарды тастаған кезеңі болатын.. Әлемдегі өз елін, өз халқын қынадай қырған жауыз биліктің XX ғасырдағы " Жаңа беті" болатын. Тіпті саясаттан қашанда сырт жүретін кино маңындағыларды да жалмаған зұлмат кезең болатын. Атынан ат үркетін «Веселые ребята», «Вольга – Вольга» және "Циркті" түсірген Владимир Нильсон да осы қасіреттің құрбаны болып түрмеге түскен...
Ескендірдің Воронежге баруын дос-жарандары құптаған жоқ. Сотталғанның аты сотталған. «Аш пәледен қаш пәле. Әзірге бармай қоя тұр» деген. Алайда ол ешкімнің сөзіне құлақ асқан жоқ. Воронежге тартып отырды.
Бұль1933 жылдың наурыз айы еді. Ескендір Қазақстаннан келген әкесін сұрастыра бастады. Біреу «білмеймін» десе, біреулер жер аударылғандарды естігенде қашқақтай бастайды. Ақыры әкесін іздеген жолаушы жайлы сыбыс Мұхамеджанға да жетеді. Жексенбі күні түскі 12.00 де өзеннің жағасына кісі жоқ жерге келсін дейді. Қаланың қақ ортасынан өтетін өзен наурыз айында әлі сіресіп жатады. Ескендір әкесі айтқан жерге келгенде қыстай сіресіп жатқан мұз еріп сең жүре бастаған екен. Қарсы беттегі әкесін көргенде жас жігіттің жүрегі жарылардай қуанған. ОЛ тіпті қуаныштан айғайлап жіберді. Тыпыршып бір орында тұра алмай «қазір, папа!» деп өзенге ұмтылған. Үлкен-үлкен мұз сең-сең болып баяу жылжиды. Ескендір бір мұздан бір мұзға секіріп, біресе аяғы, біресе жеңі, енді бірде үстіндегі киімінің малмандай су болғанына қарамай арғы бетке өтті. Қар ерігенмен күн жыли қоймаған. Ағаш-тал, әрідегі орман әлі ұйқыда. Сидым-сидым, тура айдаудағы арып-ашыған әкесінің түріндей... Баяғыда Гулбахрамды отқа өртегенде әкелі-балалы екеуі осылай бірін бірі құшақтап жылаған. Мұхамеджан қазір дәл сондағыдай көз жасына ие бола алмай, баласын қайта-қайта сүйіп құшақтай берді... Бұл қорқыныш пен қуаныштың , үміт пен сағыныштың, өкініш пен қорлыққа шыдамаған жанның көз жасы еді ..
Алайда ойда-жоқта кездескен НКВД-ның адамы олардың жоспарын да жолын да тағдырын да быт-шыт етті. Әкенің көрген қорлығы, кедей тұрмысы, екінші жұбайы Әмина мен кішкентай інісі Дәулеттің аш-жалаңаш түрі жанын ауыртты. Метрополь мен Арбаттағы ең қымбат мейманхананың қадірлі қонағы Ескендір алдымен үй сатып алды. Сонан соң сиыр алған...
1932 ұсталған Мұхамеджан Тынышпаев адамның ақылына сыймайтын жаламен осында 5 жылға жер аударылған. Мәскеу - Донбасс темір жол құрылысының жобалау ( проектный ) бөлімінде инженер болып істеп жатқан...
Қашанда солай. Пысақайлар мен сатқындар күн шуақты іздейді..
Оннан қашқан, мұннан қашқан небір алаяқтар, мамандығы жоқ шолақ белсенділер сол кезде биліктің төңірегіне жинала бастаған. Былғары етік пен тері шекпен, қала берді беліндегі тапанша Манқұрт, дұрысы шаң- құрттарға мол мүмкіндік берді. Нағыз «шаш ал десе бас алатын» армия пайда болды.
Ескендір базардан әкелген етті қазанға салып, дастарханның басында әкелі-балалылар мәз болып отырған. Көріспегелі қаншама уақыт өткен. «Шүкір, – деген іштей Мұхамеджан. – Осыған да шүкір». Сөйтіп, ішін жалмаған өкініш пен өксікті ұлына көрсетпеуге тырысты. Олар дүрсілдетіп соққан есікті ашқан. Сіріңкедей милиция керіліп созылып үйге кірді. Мәскеуден келген еңгезердей жігітке бір, жер аударылған қазаққа бір қарап еріне сөйлеген. «Ертең таңғы жетіде Воронеждің НКВД-сына келіңіз» деді.
Неге екені белгісіз, Ескендір де, Мұхамеджан да түнімен ұйықтай алмады.. Таңертең есті жігіт шақырған жерге жылжыды..
- Неге келдіңіз бұл жерге?
- Әкеме келдім. Менің әкем...
- Керегі жоқ. Ертегі тыңдайтын кезеңнен өтіп кеттім.
- Менің әкемді қателесіп ұстаған.. Білесің бе, әйгілі Түркісібті салған осы кісі. Ол Петербургтің темір жол институтын қызыл дипломмен бітірген.
- Сенің әкең... аты-жөні кім еді... әлгі Тынышпаев Совет Одағының жауы.
- Жоқ! - деді Ескендір - Ол жау емес..
- Сенің әкең дұшпан. Сондықтан әкеңнен бас тарт. Менің әкем емес де. Міне қағаз, міне сия. Жаз, онда тұрған ештеңе жоқ. Ол дұш- пан.., естідің ғой... дұш... паанн...
Ескендірдің екі құлағы шуылдап, ашудан дірілдеп кетті. Мынау сіріңкедей сүмелек не деп тұр?! Әкесіне қол көтеріп сабаған, мазақтаған, азаптаған, тырнағының астына ине жүгірткен осы екен-ау, оңбаған, қанішер! Ескендір алдында жатқан ауыр күл салғышпен офицерді бір ұрғанда, ол ұшып түсті. Маңдайындағы қан бет-аузын түгел жапқан.
- Болды, болды... - деді анау аяқ-қолы дірілдеп, - болды...
Ескендір қан болған жұдырыған сүртті де еңсесін тіктеп есіктен шыға берді...
Ескендір мен Роман Кармен әуежайға ерте келген. Үлкен ғимаратқа камера, штатив, яуф, оны-мұныларын көтеріп ортаға жетіп тоқтаған. Бір сәт жан-жақтан НКВД көк көз жігіттер бұларға жақындай берді..
- Ескендір Тынышпаев сіз бе?
- Иә...
- Жүріңіз, сізбен оңаша әңгіме бар.
Ескендір Тынышпаев он жыл түрмеде отырып шықты.. Сынған жоқ, сүрінген жоқ.. шаршап шалдықпады. Ешкімге өкпе айтпады. Қаны қарайып қасындағы жандарға қастық істемеді. Қайда жүрсе де өз биігінде Адамдық қалпынан ажырамаған үлкен тұлға. Қайта келіп, камерасын қолына алды. Қазақ киносының аяқтан тұрып кетуіне тік тұрып қызмет етті.
Адам өмірге келеді, кетеді. Тағдырдың тауқыметін тартады. Қиындық, әділетсіздік, сатқындық, опасыздық, жауыздық сынды жаман қасиеттер адамның ар ұятын таптап, қинап, өмірге келгеніне өкіндіретін күйге душар қылады. Адам пенде. Қорлықпен азапқа шыдамай, Алладай ажал тілейтіндер қаншама... Амандығы үшін Арынан аттағандар жетіп артылады. Сынбайтындар сирек.
Тым сирек... Миллионнан біреу ғана бұл азапты шыбын құрлы көрмейді. Сондай Ұлы тұлға Ескендір Тынышпаев..
Қазақ киносының Тұңғыш операторы. Классигі.. Абызы... Киесі...
Талғат ТЕМЕНОВ, Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер