ҰЛТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

ҰЛТ МЕКТЕБІНІҢ ЖАНАШЫРЫ

Әділхан Төлегенұлы Дүйсебектің 70 жылдық мерейтойына орай

Әр дәуірдің өзіне тән тұлғалары болады. Олар уақыттың жай ғана куәгері емес, оның белсенді жасаушысы, қоғамның бағыт-бағдарын айқындауға ықпал ететін азаматтары болып қалыптасады. Әсіресе, білім мен тәрбие саласында мұндай тұлғалардың орны ерекше. Өйткені мемлекет тағдырын саясаткерлер ғана емес, ұлттың рухани келбетін қалыптастыратын ұстаздар мен ағартушылар да айқындайды.

Қазақ халқы «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл сәлем бер» дейді. Ал бүтін бір мектептің қабырғасын қалап, ұлттық білімнің іргесін бекітіп, ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін көтеруге үлес қосып, білім саясатының маңызды бағыттарын қалыптастыруға атсалысқан азаматтарға деген құрмет тіпті бөлек болуы тиіс.

Осындай ұлт мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қойған азаматтардың бірі – белгілі педагог, қоғам қайраткері, білім беру саласының сарапшысы 10 шілде күні жетпіс жастың белесін бағындырып отырған Әділхан Төлегенұлы Дүйсебек. Бұл – жай ғана бір адамның мерейтойы емес. Бұл – ұлттық мектептің қалыптасуы мен дамуына арналған жарты ғасырға жуық қажырлы еңбекке берілген қоғамдық баға, ұстаздық пен азаматтық қызметтің мерейлі белесі.

Әділхан Төлегенұлы Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылында дүниеге келді. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген ол жастайынан білімге құштар, өнерге жақын болып өсті. Мектепті алтын медальмен бітіріп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түсті.

Студенттік жылдары оқу мен өнерді қатар алып жүрді. Университеттің халық аспаптар оркестрінің құрамында республика өңірлерінде және Мәскеу мемлекеттік университетінде, Кремль съездер сарайында өткен мәдени шараларда өнер көрсетті. 

Университетті үздік аяқтағаннан кейін ол еңбек жолын орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастады. Екі жыл ұстаздық еңбектен кейін ғылым жолына түсуді көздеп, республикамыздағы беделді ғылыми зерттеу орталықтардың бірі В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа тұрып, аспирантурада оқыды, агрохимия саласында кандидаттық диссертация қорғады. 

Осы жылдары оның ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдық белсенділігі ғылыми ортада ғана емес, ел өміріндегі маңызды мәселелерді шешуде де айқын көріне бастады. Соны жіті байқаған институт басшылығы 1989 жылы Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының партия ұйымының хатшысы қызметіне бекітеді. Жас ғалым осындай жауапты жұмысты атқара жүріп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту ісінің бел ортасында болды. Сол кезеңде Алмалыбақ ауылында қазақ балабақшасын ашу, қазақ сыныптарын ұйымдастыру және ұлттық мектеп құру бастамаларына жетекшілік етті. Елімізде қайта жаңғыра бастаған Наурыз мейрамдарын өткізуге мұрындық болды. Кеңестік жүйенің соңғы жылдарында мұндай қадамдарға бару үлкен азаматтық батылдықты талап ететін. Оның бастамасымен ашылған «Алтын дән» балабақшасы кейін өңірдегі ұлттық тәрбиенің маңызды орталығына айналды. Ал тәуелсіздік қарсаңында қолға алынған қазақ мектебін ашу ісі оның өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі болды.

1991 жылғы 10 маусымда Әділхан Төлегенұлы жергілікті жұртшылықтың қалауына орай Әл-Фараби атындағы қазақ орта мектебінің директоры қызметіне ауысуға келісімін берді. Бұл Алматы облысында тәуелсіздік толқынымен ашылған алғашқы қазақ мектептерінің бірі болатын. Ірі ғылыми зерттеу институтында жауапты басшы қызметте жүрген, ғалымдық жолда болашағы айқындалып келе жатқан жас жігіттің бұл шешімі, алдағы уақытта кезігетін қиындықтар мен тәукелдерді көріп-біліп тұрып, өмір жолын ұлттық мектепке қызмет етуге түпкілікті бұрған батыл шешімі болды. Ол кезде мектептің ғимараты толық дайын емес, материалдық-техникалық базасы жоқ, педагогикалық ұжымы жасақталмаған еді. Орыстанып кеткен ортада қазақ мектебіне балаларды тартып, оқушылар контингентін толтыру да маңызды мәселелердің бірі болатын. Соған қарамастан екі жарым айдың ішінде мектеп жаңа оқу жылына толық дайындалып, 1 қыркүйекте алғаш рет шәкірттеріне есігін айқара ашты.

Әділхан Төлегенұлы тоқсаныншы тоқырау жылдарының қиындықтарына қарамастан, тамаша педагогикалық ұжым қалыптастырып, осы білім ордасын республикаға танымал мектепке айналдырды. Мектеп инновациялық білім беру ұйымы ретінде танылып, көптеген тың бастамалардың орталығына айналды. Оның басшылығымен көпсалалы гимназия моделі енгізіліп, авторлық курстар, оқушылардың дүниетанымын кеңейтетін жаңа пәндер оқытыла бастады, он балдық бағалау жүйесі сынақтан өткізілді. Кейін бұл бастамалардың бірқатары республикалық деңгейде қолдау тауып, білім беру жүйесіне енгізілді. «Мұрагер» балалар ұйымы құрылды, директор оның Әнұранын жазды, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай мектеп формасы әзірленді, балалар домбыра тартуға үйретіліп, сыныптарда оркестрлер құрылды, ана тіліне деген құрмет, ұлттық құндылықтардың қадір-қасиетін ұғыну сезімдері оқушылардың жас кезінен бойына сіңірілді.

Әділхан Төлегенұлы қоғамдық қызметте де белсенділік танытты. Екі мәрте ауылдық кеңестің, кейін Алматы облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Мәслихаттың Білім және мәдениет жөніндегі тұрақты комиссиясын басқара отырып, ауыл мектептерінің мәселелерін көтерді, мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында нақты бастамалар көтерді.

1996 жылы Алматы облыстық мәслихатының сессиясын алғаш рет қазақ тілінде жүргізуі мемлекеттік тілдің қоғамдық-саяси өмірдегі мәртебесін арттыруға қосылған маңызды үлес болды.

2000 жылы республикалық «Жылдың үздік мектеп директоры» байқауында Бас жүлдені жеңіп алуы оның білім беру саласындағы ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары бағаланғанын көрсетті.

2004 жылдан бастап оның қызметі республикалық деңгейге көтерілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясында вице-президент қызметін атқарып, білім беру саясатының маңызды бағыттарын қалыптастыруға қатысты. 2007 жылы «Білім туралы» заңды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының құрамында еңбек етті. Оның ұсыныстарымен бастауыш сынып мұғалімдерінің апталық жүктемесі 20 сағаттан 18 сағатқа қысқартылып, педагогтерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге жазылуға қаржылай қолдау көрсету нормалары енгізілді. Бүгінде бұл тетіктер мұғалімдерді әлеуметтік қорғаудың маңызды құралдарына айналды.

2013 жылы ол 12 жылдық білім берудің мемлекеттік стандарттарын әзірлеуге жетекшілік етті. Бұл стандартта қазіргі күнге дейін аса өзекті болып, бірақ өкінішке орай жүзеге аспай отырған балаларды бастауыш мектепте ана тілінде оқытып, ұлтжандылығы мен талабын ұштау, жоғары сыныптарда мамандықтарға тереңнен бағдарлап оқытып, заманауи қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыру жүйесі қарастырылған болатын.  

2015 жылдан бастап республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығында қызмет атқарып, оқулық сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды ұйымдастырды. Оның бастамасымен бұл орталықта білім сапасына тікелей әсер ететін нормативтік құжат – оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын сараптамадан өткізу жүйесі енгізіліп, осыған орай ұйымның атауы «Білім мазмұнын сараптау орталығы» болып өзгертілді. Оқулық авторлары мен мұғалімдер арасындағы тікелей байланыс жолға қойылып, оқулық сапасын жақсартуға мұғалімдердің ықпалы артты.  

Әділхан Төлегенұлының азаматтық ұстанымы балалардың мүддесін қорғауға қатысты мәселелерде айқын көрінді. Ол жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесін мемлекеттік деңгейде көтеріп, балалардың психологиялық саулығына назар аударудың, әлеуметтік зерттеулер жүргізудің қажеттігін дәлелдеді. Сондай-ақ бес жасар балаларды жалпы мектепте оқыту бастамасына ғылыми тұрғыдан қарсы пікір білдіріп, балалық шақтың табиғи заңдылықтарын сақтаудың маңызын қорғағандардың қатарында болды.

Соңғы жылдары ол ұлттық құндылықтарды білім мазмұнына енгізу мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Оның бастамасымен құрылған Ұлттық құндылықтар академиясы білім мен тәрбиенің біртұтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қоғамдық алаңға айналды. Әділхан Төлегенұлы Дүйсебектің көрнекті педагог ғалымдарды бір ұжымға біріктіре отырып ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыру жөніндегі бастамасы – тәуелсіз Қазақстанның білім беру тарихындағы маңызды интеллектуалдық жетістіктердің бірі. Оның басты маңыздылығы – ұлттық идеологияны білім беру мазмұнымен байланыстырып, оны ғылыми-педагогикалық модельге айналдыра алуында. Егер бұл концептілер оқу бағдарламалары мен оқулықтарда толыққанды жүзеге асса, онда Қазақстанда білім мен тәрбие бірлігіне негізделген, ұлттық рухы берік, заманауи талаптарға жауап беретін жаңа білім беру моделі қалыптасуына берік негіз қаланады.

Сондықтан бұл бастаманы жеке ғалымның жетістігі ретінде ғана емес, ұлттық білім саясатын жаңғыртуға қосылған маңызды үлес, ұлттық педагогикалық ойдың жаңа белесі ретінде бағалауға толық негіз бар.

Бүгінде Әділхан Төлегенұлы Дүйсебек – ұстаздық пен ғалымдықты, білім саясатын ұйымдастыру мен қоғамдық қызметті үйлестіре білген, ел құрметіне бөленген көрнекті тұлға. Оның өмір жолы мен еңбек жолы тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесінің қалыптасуы және даму тарихымен тығыз сабақтасып жатыр.

Саналы ғұмырын ұлт мектебінің өркендеуіне, білім мен тәрбие сапасын арттыруға арнаған Әділхан Төлегенұлының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» және «Ахмет Байтұрсынұлы» медальдарымен, сондай-ақ «Астананың 20 жылдығы», «Салалық кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.

Қазақ халқының ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мектептің жаны – мұғалім» деген болатын. Осы өлшеммен қарағанда, Әділхан Төлегенұлының бүкіл ғұмыры мен қызметі қазақ мектебінің дамуына, ұлттық білім мен тәрбиенің нығаюына арналған адал еңбектің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар.

Ол жұбайы Шәрипамен бірге құрған берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып келеді. Бүгінде ұлдарынан тараған немерелерінің қызығын көріп, өнегелі ата мен ардақты әже ретінде де үлкен әулеттің қадірлі тірегіне айналған.

Мерейлі 70 жасқа толған Әділхан Төлегенұлына зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілейміз.

Оның ұлт мектебінің өркендеуі жолындағы қажырлы еңбегі, мемлекетшіл ұстанымы мен азаматтық болмысы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретіні сөзсіз.