ТӨЛЕННІҢ ӨЛЕҢІ
2026 ж. 01 шілде
32
0
Қыз өте сұлу еді. Шашы иығына түскен, бұйралау кекілі бар. Қатты азап шеккеннен екі қабағының арасына жалғыз сызық – тік әжім түскен. Бірақ бой-басы таза, өзін-өзі күте алатын секілді...
Бұл – Төлен Әбдіктің «Оң қолы». 25 жасар Төленнің тосын туындысы... Мен осы шығарманы баяғыда сценарийге саятын әңгіме іздеп жүргенде оқығам... Жас режиссерге өте қызық болмаған соң тастай салдым... Сондықтан бұл новелла есімде жоқ... Кейде бір өткінші көмескі көріністер санаңда найзағайдай жарқ ете қалады... Сосын барып есіңе түседі... Бүге-шігесіне дейін зейініңде тұрар...
Бір класта оқыған... іштей ынтық болған... ақыры қолың жетпей армандап, аһ ұрып жүргенде айдындағы сыңарына ұшып кеткен аққу қызды... ару қызды... араға көөөөпппп жылдар салып жолыққанда танымағаныңа... ұмытқаныңа ұялғандай болмаса, киіп жүрген туфлиіңнің бір сәт аяғыңды қысқанындай алақұйын күйге түсесің... Төленнің туындысы осыған келеді...
Әбдіктің әдебиетке аттауы – бұл қазақ әдебиетінің ренессанс кезеңі болатын... Хрущевтің «жылымық» мезеті әдебиет пен мәдениетке көктемгі сеңгір-сеңгір сеңдей... ескен желдей серілер мен перілердің есіктен именбей кіруі болатын... Алдыңғы толқын ағалар, аузы күйген көкелер «гүмпілдетіп соғылсын бесжылдықтың балғасы» деп... енді біреулері завод-фабрика қаһармандарын іздеп... енді бірі ауылы жайлы ағынан жарылып жатқанда ойда жоқта туған дүние... Мұхтар Әуезовтің «Абайы» алшаң басып төрге озған, Ғабиттің ана жайлы жауһарлары жарқырап, «Көшпенділер» көшедегі әр қазақтың үйіне қонақ бола бергенде, Тахауи Ахтанов, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбек, Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Асқар Сүлейменов т.б. қомақты шығармаларын, тарихи туындыларын шыңдай бастағанда «Оң қол» көрінді... Оқырман қауым жүзбасы, мыңбасы сияқты термин-тіркестерге үйреніп, патриоттық пәлсапаның шайын шайқап ішіп отырғанда қайдағы бір қол сопаң етіп шыққанда көбі көңіл аударған жоқ... «Унесенные ветром», «Сто лет одиночества», «Американская трагедия», «Никто не пишет генералу» деп ауыз толтырып айтуға мақтанатын әдебиетті айтып қызыл кеңірдек болып жүргенде келе қапты... Что-то несерьезный... Гогольдің «Мұрны» жетпей ме? «Оң қолы» несі?..
...Мен палатаға кіргенде Алма кереуетте жатыр екен. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болды. Сестра екеуміз оң қолға қатар жармастық. Қолын қайырып, кереуеттің астына апарғанда түрі көкпеңбек болып кеткен Алма көзін ашты. Тұла бойы қалшылдап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады...
Новелла дәрігер жігіттің әңгімесімен басталады... Жындыхана сияқты психикасы бұзылған аурулар жататын мекемедегі дәрігердің басынан өткені баяндалады. Алма – қазақ қыздарына тән есім... Өте таныс... Алматыдағы арулардың көбі осы аттас болып келеді... Қыздың диагнозы – суицидке жақындығы... Ылғи өзін-өзі өлтіргісі келіп тұрады... Иә... біздің ел осы тажалдан әлемде алдыңғы үштікке кіретіні рас. Бірақ бұл басқа пәлсапа...
Бұл медициналық тақырыпқа арналған әңгіме емес... Бұл – адам бойындағы арылу мен жарылу... Әдебиет тек әлемдегі тап тартысы емес, тақ тартысы емес. Жан тартысын көрсететін көрме екенін дәлелдеді...
Көпшілік қауым бұл әңгімені психологиялық дерт жайлы шығарма деп қабылдауы мүмкін... Дәрігер Чеховтің шеберханасына еліктегені дер... Бірақ Төлен Әбдіктің сұрағы одан әлдеқайда терең:
Адам өз ішінде, өз бойында болып жатқан құбылыстың қожайыны ма, әлде оның құлы ма?
Бұл сұрақ адамзат мәдениетінде мыңдаған жылдар бойы қойылып келеді. Қазір де бар... Келешекте де осы сұрақ алдымыздан шығатыны тағы рас... Әбдіков осыны қарапайым, бірақ өте әсерлі көркем образға жинақтайды – өз иесіне бағынбайтын оң қол. Как это так? Сонда «Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін!» деген лениндік идеямыз қайда?!
Жақсы әдебиет қашанда символдардан тұрады... «Оң қол» сондай әдебиеттің бірі.
Тағы бір қызық ой... Әңгіменің атауы «Науқас болған сұлу қыз», «Шалқыған ару» емес – «Оң қол». Өйткені оң қол – адамның ең жақын серігі, арқа сүйер асқар тауы, ең сенімді мүшесі... Анаңнан кейінгі қарыздарың – осы оң қол... Қиындығыңның да, қуанышыңның да куәсі болған – осы... Қойныңдағы қатының алашұбар жылан болып шаққанда да серігің болған – осы бейбақ... Енді қараң осы қол... бөтен болса, өзгерсе, жат біреуге айналса... артыңнан емес, дәл тамағыңнан қылқындырса... қалжырап барып ұйқыға кеткенде кеңірдегіңе жармасса... не болмақ???!! Міне, әңгіме қайда?? Новелланың шарықтауы осында...
Әбдіктің «Оң қолы» – әлемдік экзистенциялық әдебиеттің көрінісі...
Және бұл шығарма аты шулы классикалармен үндес болғанымен, ол қазақ дүниетанымына жақын рухани-философиялық бояуға ие. Автор оқырманға тек психикалық құбылысты емес, адамның жан тазалығы, ар-ұжданы, ішкі қараңғылықпен күресі туралы ой тастайды. Сондықтан «Оң қолды» қазақ әдебиетіндегі психологиялық-философиялық прозаның биік үлгілерінің бірі деп бағаласақ, артық емес...
Мысалы, Ф. Достоевскиймен салыстырсақ, Төлен Әбдіктің «Оң қолына» жақыны – «Двойник» («Қос бейне»).
Ф. Достоевскийде Голядкин өзіне ұқсас екінші адамды көреді. Онымен бірге жүреді... сөйлеседі... Айнала – қоғам оның жанында екінші жан барын байқамайды, көрмейді... тіпті білгісі келмейді... Ал «Оң қолда» Алма өз денесінің бір бөлігі – оң қолынан қорқады... оны дұшпан көреді... біледі... сезеді... Екі шығармада да адам өз-өзіне қарсы келген... өз-өзімен күрескен... итжығысқа түскен...
Бірде таңертең төсегінен тұрған Грегор жігіт өзінің төсегінде белгісіз бір құбыжық жәндікке айналып кетеді... Әкесі қарызға батқан, шешесі науқас, музыкант қарындасының оқуына ақшасы жетпей жүрген пенде ойда жоқта осындай күйге түседі... Грегордың денесі құбыжық болғанмен, оның ойы, миы, арманы, жады өзгермейді...
Кафканың бұл шығармасы әлемдік әдебиетте талқыға көп түскен десе болады... Метаморфоза... құбылыс... Әдебиет зерттеушілері мен философтары қашанда бейжай қалдырмайтыны ақиқат... Адамның қақ бөлінуі... өзгеруі... Ішіндегі үндемей жүрген Я – Меннің, эгоның бір сәтте кілт етіп басқаша түрленіп... өзге тұрмақ, өзіне де бөтен болып шығуы... неге қызықтырмасқа?..
Франц Кафканың «Құбылуы» мен Төленнің «Оң қолы» бірін-бірі толықтырып тұрған шышадай... бірі – Еуропа, бірі – Азия, алайда айтатыны бір... айдыны ортақ... Адам жанын зерттейтін зертхана дерсің... Екі шығармада адамның ішкі болмысының екіге жарылуы, өз «менінен» өзінің бөлінуін байқауға болады... Бірақ айырмашылығы:
• Кафкада адам тәндік жағынан жәндікке айналса,
• Әбдіковте адам рухани-психологиялық жағынан өз қолынан, яғни өз болмысынан жатсынады... және содан өледі...
Оқиғаның негізгі драмасы сыртқы әрекетте емес, кейіпкердің ішкі дүниесінде өтеді.
Шындық пен елес... Жақсылық пен жамандық... Оқырманға қайсысы нақты, қайсысы психиканың жемісі екенін ажырату оңай емес.
Сонымен бірге Ф. Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасына» жақын тұр... Бірақ онда ұқсастықты басқа қырынан байқайсыз...
• Раскольниковтың ішкі арпалысы, ар-ұждан азабы мен өз-өзімен күресі «Оң қолдағы» адамның ішкі қарама-қайшылығын еске салады.
• Алайда мұнда тұлғаның екіге бөлінуі емес, моральдық тартыс басым...
• Иә... қоғам – сыртқы фактор... Идеология да сондай...
...Я другой такой страны не знаю,
Где так вольно дышит человек...
Бұл – репрессиядан шаршаған, шалдыққан елдегі ән... алаңдарда, радиода, теледидарда, концерттерде айтылатын ән-ертек...
«Бұл кітап өмірдің мағынасы не үшін, кім үшін өмір сүрем дейтін сұраққа жауап емес... Бұл философиялық сұрақтан қашпайтын, саспайтын, қорықпайтын адамдарға арналған шығарма».
Ай ақ бұлттардың ар жағымен зымырап барады. Аурухананың ауласындағы отырғыштардың тұсына келгенде Алма алға оза берген мені тоқтатып, өзіне бұрды да, мойнымнан құшақтай алды. Мен ерніме жұп-жұмсақ, дымқыл еріннің тигенін сездім. Құдай-ау, не деген жұп-жұмсақ, нәзік ерін. Мен Алманың талдырмаш денесін құшақтап, бауырыма бастым. Содан кейін сәбиді иіскегендей, жұп-жұмсақ бет-аузына бетімді үйкеп, демін жұттым. Әлде бір жан қиюға болғандай рухани тазалықты сезетін секілдімін. Бірақ ол Алманың бойынан тапқан тазалығым ба, өз бойымның тазаруын сезгенім бе – ол арасын толық айырмадым.
Бұл – махаббат...
Жәлеләддин Руми: «Махаббат – Құдайға апаратын ең қысқа жол», – деген екен... Сонау XIII ғасырда өмір сүрген ғұлама қалай дәл айтқан...
Төленнің бұл шығармасында осы қысқа жол қысқа ғана баяндалады... Осы кезде Алма мен дәрігердің махаббаты үзілмесе екен... олар таң атқанша қыдыра берсе екен... ғұмыр бойы бірін-бірі іздеген, білген... мүмкін, бұл кездесу тым-тым кешіккеннен... шалқыған қыз... жазылып кетер деп қоясың...
Ақиқатты көшеден, плакаттан емес, жүректен іздеу керек... Міне, мен түйген ой осылай болды...
Нағыз жазушы оқырманның білімін емес, оның жүрегін оятады... Төлен Әбдік осылай... Психологиялық прозаның шебері...
«Өмірдің ұзақтығы маңызды емес, адамның жүрегінде қалдырған жарығың маңызды.
Ал өнер мен әдебиет сол жарықты бір жүректен мың жүрекке жеткізетін алтын көпір...»
Финалда Алманы өзінің қолы буындырып өлтіреді... Дәрігер жігіт ештеңе демейді... Не деуге болады?.. Сондықтан да үнсіз... сөз де, монолог та жоқ...
Жәлеләддин Румидің: «Үнсіздік – Құдайдың тілі, өзгелері – нашар аударма», – дегені...
Үнсіздік...
Тсссс...
Үндемеңіз...
Талғат Теменов,
Қазақстанның халық әртісі
Кинорежиссер