МЕЙРІМДІ МЕҢДІГҮЛ
2026 ж. 22 маусым
81
0
Жуырда маған Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Тұран» университетінен халықаралық конференцияға шақырған қағаз келді. Онда 2026 жылдың 24 сәуірінде «Тұран» университеті мен Медиа және мәдениетаралық коммуникация Жоғары мектебі бірлесіп, зерттеуші-профессор, филология ғылымдарының докторы Шындалиева Меңдігүл Бұрханқызының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын «Жаһандану және журналистиканың жаңа міндеттері: трендтер, ЖИ, медиа трансформациясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізетіні хабарланған екен.
Ғалым Меңдігүл Бұрханқызын бұрыннан танитын болғандықтан бұған мен кәдімгідей қуандым. Және желдей ескен уақыттың зымырай түсіп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде кандидаттық қорғамақ болып әуре-сарсаңда жүрген сонау 2006-2007 жылдарды еске алып, басымды шайқадым. Содан бері де жиырма жылдың көзді ашып жұмғандай өте шыққанына қалай таңданбассың.
Меңдігүлмен де сол бір қарбалас жылдары танысқан едім. Ол да өзінше бір қызық жағдай. Ол кезде Меңдігүлдің университеттегі филология мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің ғалым-хатшысы болып еңбек етіп жүрген кезі. Ал біздер – қорғаушылар зерттеп жүрген тақырыпты әуелден жақсы білетін болғандықтан жазу жағынан қиналмағанмен, таусылып бітпейтін қағаздар толтырудың, сосын оларға ондаған есікке кіріп қол қойдырып, мөр бастырудың әлегімен жүгіріп жүрген кезіміз. Міне осындайда мұндай машақатты бұрын басынан өткерген адамның көмегі, жол сілтеуі керек-ақ болып тұрады.
Бұл орайда ғалым-хатшы Меңдігүл мейірбан жан екен. Кандидаттық еңбегіме қатысты құжат жинау барысында тиісті қағаздарымды алдына әкелген алғашқы күннен бастап мені бірінші рет көріп тұрса да қамқорлық танытып, келесі қағаздарға байланысты қайда барып не істеу керек екенін түсіндіре бастады. Сонымен не керек ғылым докторы бола тұра мұрнын шүйірмей сөз жәрдемін тигізуінің арқасында бір баратын жерге әлденеше рет барудан арылып, тірлігім тез бітіп, кандидаттығымды ойдағыдай қорғадым.
Осылайша қорғауға байланысты атқарылатын қара жұмыстарымды әлдеқайда жеңілдеткен Меңдігүлге риза болып мейрімді жан екенсіз деп әзілдедім. Кейін білгенімдей Меңдігүл Бұрханқызы шынында да сондай адам екен. Бұған оның өміріндегі жиырма жыл бұрынғы және оның алдындағы, қазіргі кездегі уақыт кезеңдері айқын дәлел. Осы мерзім ішіндегі қырық жылдан астам уақытта Меңдігүл өмірдің талай бұралаң жолдарынан өтсе де мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын адамдарға деген мейірбан мінезінен еш ауытқыған емес. Бұл жөнінде әңгіме барысында айта жатармыз. Әзірше оның ғылым саласындағы адал еңбегіне қысқаша тоқталып өтейік.
Меңдігүлді өмір о бастан еркелеткен жоқ. Ата-анасынан ерте айырылып, ағасының қолында тәрбиеленді. Орта мектепті тәмәмдағаннан кейін арман қуып Алматыға келді. Етінің тірілігі ғой, ауылдас ағам деп сыртынан ес тұтып жүретін үлкен ғалым Бейсенбай Кенжебаевқа жолығып, оның үйінде қазіргі танымал ғалым Құлбек Ергөбекпен танысып, ақыры жолы болып қазіргі ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, журналист мамандығын иеленді.
Оқу бітірген соң бірер жыл мамандығы бойынша газетте еңбек еткенімен, негізгі көздегені ғылым жолы болғандықтан, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы кафедрасына аға оқытушы болып орналасып, осында «Ақындық пен шешендіктің дәстүрлі байланысы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Меңдігүлдің журналистика саласындағы ғылыми жолы осылай басталған еді. Оның содан бергі журналистика ғылымына сіңірген еңбегін инемен құдық қазғандай десек те, тау қопарып, тас үгіткен десек те жарасады. 2003 жылы оған «әдебиеттану» саласы бойынша доцент ғылыми атағы берілді.
М.Б.Шындалиева ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Нұрғалидың кеңесшілігімен 2006 жылы докторлық диссертация қорғады. Ал 2010 жылы «Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрының поэтикасы» атты тақырыпта «әдебиеттану» саласы бойынша профессор ғылыми атағын иеленді.
2008-2010 жылдар аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10.01.02 – қазақ әдебиеті және 10.01.07 – салыстырмалы әдебиеттану мамандығы бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д.14.31.03 диссертациялық кеңесінің ғалым-хатшысы болды.
М.Шындалиеваның ғылыми жарияланымдарының деңгейі жоғары, ғылыми-теориялық конференцияларда жасаған баяндамалары мазмұнды болып келеді. 1999-2009 оқу жылдарында 5 оқу-әдістемелік құрал шығарды. Оларды бүгінгі таңда журналистика мамандығына даярланып жатқан студенттер «Отандық журналистиканың тарихы», «Әлем журналистикасының тарихы», «Әдеби редакциялау» пәндерінен оқу құралы ретінде пайдаланып жүр.
Ол дайындаған «Сөз өнерінің бастауы» деген оқу құралы мен «Ал, тыңда, ағайын» хрестоматиясы жоғары талаптарға жауап беретін, филология, журналистика мамандарын даярлау барысында, орта мектептердің оқу процесінде пайдалануға болатын еңбектер.
Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын Меңдігүл Бұрханқызы журналистика мамандығына даярланып жатқан студенттерге «Шетел журналистикасының тарихы», «Журналистикадағы менеджмент және маркетинг», «БАҚ-тағы жарнама», «Редакциялау теориясы мен әдістемесі», «Саясат жарнамасы», «Журналистиканың жанрлары мен пішіндері» жалпы пәндері және арнайы курстар, семинар пәндерінен оқу бағдарламаларын талапқа сай жасап, терең білім бере біледі.
М.Б.Шындалиева оқытушылық қызметін ғылыми ізденістерімен де ұштастырып келеді. Қазақ әдебиетіндегі очерк жанрын түбегейлі зерттеп, ғылыми айналымға қосқанын ғылыми орта жоғары бағалайды. Ғалымның «Очерк табиғаты» зерттеу еңбегі «Елорда» баспасынан 2002 жылы жарық көрді. «Қазақ очеркінің дамуы, қалыптасуы» монографиясы 2005 жылы басылып шықты. «Қазақ очеркінің библиографиясы» атты көрсеткіші 2005 жылы ЕҰУ баспасынан жарық көрді. Ол сондай-ақ бірнеше монография, оқу құралдары мен жүздем астам ғылыми-көпшілік мақалалардың авторы.
М.Шындалиеваның Қазіргі қазақ журналдары (көмекші оқу құралы), Азия елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары (Оқу-әдістемелік құрал), Сөз өнерінің бастауы (Оқу құралы), Омбы өңірі қазақтарының ХҮШ-ХХ ғасырлардағы әдеби шығармашылығы (Оқу құралы), Ақселеу Сейдімбек (Библиографиялық көрсеткіш), Очерк табиғаты (Монография), Қазыналы биікте (Ғылыми кітап), Қазақ очеркінің қалыптасуы, дамуы (Монография), Қазақ очеркі (Библиографиялық көрсеткіш) тағы басқа оқу-әдістемелік құралдары, монографиялары журналистика бағытында білім алып жүрген студенттер арасында сұраныспен пайдаланылады.
Меңдігүл Бұрханқызы 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері атанды. Ал 2012 жылдың 1 наурызы мен 25 мамыры аралығында Мәскеу қаласындағы Ресей Халықтар Достастығы университетінде ғылыми тағылымдамадан өтуге жолдама алып, білімін тереңдете жетілдіріп қайтты. Сондай-ақ ол 2011 жылы өткізілген «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпазы.
Ал енді жоғарыда айтқанымдай, Меңдігүлдің мейірбандығына келсек, бұл оның бала күнінен бойына сіңген табиғи қасиеті екенін бұрын да басынан өткізген, қазір де бойынан табылып жатқан мінезден аңғаруға болады. Меңдігүл көп балалы отбасында өсті. Ата-аналары бұлардың жас кезінде қайтыс болып кеткендіктен, бауырлары мен сіңлілері бастапқыда үйдің үлкені – ағасы мен жеңгесіне бауыр басса, кейін оқып-тоқып, өз аузына өз қолы жеткен кезде ағасы мен жеңгесіне қолғабыс жасап, бұл да бауырларына қолдан келгенше қамқор бола бастады.
Павлодарда жүргенде әскери қызметтегі бір жігітпен тұрмыс құрған еді. Алғашқыда жақсы өмір сүріп жатты. Кейін ол қызмет бабымен басқа қалаға қоныс аударды, ал бұл университеттегі жұмысында қала берді. Көп ұзамай тұңғыштары дүниеге келді де екі жақтағы ерлі-зайыптылардың кездесуі сирей берді... Арада жылдар өтіп, Астанаға қоныс аударғаннан кейін кәмелет жасына толған баласына серік болсын деп, бір бала бауырына басып алуды ойластырды. Ол баласы да қазір ержетіп, 11 сыныпта оқып жүр.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Алматыға қоныс аударуына тура келді. Бұл да сол баяғы бауырларына деген жанашырлықтан, мейрімділіктен туындаған шаруа. Құдайға шүкір Астанада жағдайы жаман болған жоқ. Інілері ержетіп шаңырақ құрды. Үлкен баласы үйленгенде бауырлары жабылып той жасап, құдалық күтті. Бәрін жайғастырып, тәубе дей берген кезде кенеттен тете сіңлісі жол апатынан қайтыс болды. Сіңлісінің артында жалғыз қызы қалып, тұрмыс құрып, балалы-шағалы болды. Алматыға көшіп келіп, сол сіңлісінің артында қалған қыздың ұл-қызына қарайласып отырған жайы бар.
Меңдігүлдің басындағы осындай жәйттерден хабардар болғаннан кейін қазақ айтатын қыздың қырық жаны бар дегенге сенесің. Әрі өмір кедергілерін қайсар да мейрімді мінезімен бұзып өтіп, жан-жағына шырайын шашып, абыройға бөленіп жүргеніне сүйсінесің. Меңдігүлдің мерейтойына орайластырып, өзі профессор дәрежесінде қызмет жасайтын «Тұран» университетінің халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп жатқаны да мерейтой иесінің қайраткерлігін аңғартпай ма. Мерейің үстем бола берсін мейрімді Меңдігүл!
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстанның Құрметті журналисі