ҰЛТ ҮШІН ТУҒАН ҰЛДАР ЕДІ
2026 ж. 19 маусым
55
0
Жазушы, публицист, этнограф-ғалым, музыкатанушы ретінде бір өзі тұтас институт еңбегін атқарып, халқымыздың руханиятына қисапсыз олжа салған Ақселеу Сейдімбек ағамызбен түрлі жағдайларда кездесіп, сұхбаттасып, азын-шоғын қалам тартқан екенмін.
Ақаң арқылы атақты Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров, Ебіней Бөкетов сынды бірқатар тұлғалардың сырына бойлаппын. Сөйтіп, кезінде осынау елдік, мемлекеттік мүдде бағытында жанқиярлыққа барған ағаларымыз жөнінде хикаят-эссе жазғаным да бар. Енді көпшілік назарына сол дүниеден шағын үзінді ұсынғым келді.
Сонау 1968 жыл. Жас актер Кеңес Жұмабек Қарағанды драма театрына жұмысқа орналасқан соң көп ұзамай облыстық телевизияда жұмыс істейтін Аманкелді Тәжібаев деген режиссермен және Ақселеу Сейдімбек есімді журналиспен танысты. Әсіресе, Ақселеумен жолығуын үлкен бір олжаға, мол қазынаға кезіккендей қабылдағаны рас. Оның өнерге, жалпы өмірге деген тосын көзқарасы, білімділігі, тереңдігі, тапқырлығы тәнті етіп, бір-екі жүздескеннен-ақ өрісі кеңейе түскендей баурап еді. «Лениншіл жас» газетінің осы облыстағы Шерхан Мұртазадан кейінгі өз тілшісі. Жиырма төрт-жиырма бес жастарда. Өзі бас режиссер Жақып Омаровпен дос екен де, театрға жиі келетіндіктен, өзара аралас-құраласуы нығая берді.
Бір күні «Бейбітшілік» бульварында келе жатып, сәкіде екі-үш ақсақалмен сұхбаттасып отырған Әлімхан Ермековті көріп қалғаны.
Бұ кісіні осыдан екі-үш күн ғана бұрын сыртынан Ақселеу ағасы көрсеткен-ді. Қайран қалған. Атын естігені болмаса, әлгі озбыр отыз жетіде Әлихан сынды алыптармен бірге атылып, тарих тезінде, ғасыр қойнауында қалғандай көруші еді. Сасқанынан:
– Ойбай, о кісі тірі ме еді?! – депті ғой.
Ақселеу күлді.
– Тірі болуы керек... Театр фойэсінде Жайық, Ебіней ағалармен қасқайып қатар тұрғанына қарағанда...
Сөйтсе, Әлекең халық жауы ретінде 1939 жылы қырық сегіз жасында сотталыпты. Сегіз жылдан кейін қысқа ғана уақытқа босайды. Бірақ әлдекімдердің жаласы арқылы тағы ұсталып, итжеккенге және айдалады. Қысқасы, түрмеде он алты жылдай отырған. 1958 жылы ақталған кезінде көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың арасынан шыққан тұңғыш математика ғылымының докторы алпыс жеті жаста екен...
Енді оны ешкім жұмысқа алмай, әбігерге салады. Пәлесі жұғады деп безе-қашатыны түсінікті. Сонда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жас ректоры, академик Әбілқас Сағынов Әлімхан Әбеуұлын өзі іздеп барып, қызметке шақырады. Мұны білген қызылкөздер дереу жетіп келіп, оқу орны жетекшісіне шүйлігіпті.
– Бәлен жыл сотталып келген халық жауын жұмысқа неге аласың?! – дейді ғой. Сонда ректор:
– Әлімхан Ермеков Ресей университетінің профессоры емес пе! Қалай алмаймын! – деп жауап қайтарады.
Әлгілер сөйтіп Россия атын естігенде барып жым болыпты...
Ал Кеңес қатарластарымен тал көлеңесінде отырғанын көрген сәтте осынау аңыз адам сексен жасқа таяған еді.
Жетіп барып қол берген:
– Ассалаумағалейкүм!
Ақсақал көз үстінен ақырын ғана қарап, сәлемін алды:
– Бұл қай бала?
– Театрданмын, аға.
– Ә-ә... Айналайын! Бәрі жақсы ма?!
– Жақсы-жақсы...
Әңгіме осымен бітті. Бұрылып бір қарағанында, Әлекең ұзап бара жатқан жігітті көз ұшымен ұзатып салып отыр екен.
Мұны таңырқатқан тағы бір жәйт – Әлекеңнің келбетіне қарап, оны ұзақ жылдар айдауда болған адам дегенге сене алмас едің. Тың. Сырт кескіні мұнтаздай...
Ақселеудің өзі Әлекеңді алғаш жақыннан былтыр ғана көрген секілді.
1964 жылы Сәкен Сейфуллиннің туғанына жетпіс жыл толуына орай Сәбит Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» атты пьеса жазады да, ол 1967 жылы тұңғыш рет Алматыда қойылады. Іле-шала Қарағандыда көрсетіледі. Бұл облыс көлемінде дүбірлі оқиға ретінде бағаланады. Іс-шараға пьеса авторы екі-үш серігімен арнайы шақырылады.
Ойынды көруге Ебіней Бөкетов, Жайық Бектұровтарға ілесіп Әлімхан Ермеков те келіпті.
Пьесада Колчактан көмек сұрап баратын Әлихан Бөкейханов, әлбетте, өте жағымсыз бейнеде көрсетілген. Оның серіктерінің де аса сүйкімді кескінде суреттелмегені түсінікті.
Қойылым аяқталған кезде пьесаны артқы жақта оңаша отырып көрген Әлекең фойеде таяғына сүйеніп, бірге келген жолдастарын күтіп, тұнжыраңқырап тұр екен. Осыны байқап қалған Сәбит Мұқанов өзін қаумалаған өңір басшыларының арасынан бұрылып келіп амандасыпты:
– Әлеке, көңілсізсіз-ау! Аман-жақсысыз ба?..
– Әй, Сәбит! Әлекеңді сонша сүмірейткенің қалай?!.
Алдында қасындағы нөкерлерінің: «Керемет! Ғажап! Теңдессіз дүние!» – деген мақтауына масаттанып шыққан жазушы қапелімде мұндай наланы күтпесе керек, абдырап:
– Заман ғой, Әлеке, заман ғой! – дейді.
– Заман қандай болса да, Әлихандар өз тұғырында қалуы керек емес пе еді! Жоқ, дәуір өзгерсе де, тарих ешқашан өзгермеуге тиісті!..
Осы көрініске тікелей куә болған жас Ақселеу мұны Кеңес інісіне күрсіне отырып әңгімелеп берген-ді:
– Әлекең жазушыға әлгі сөзді шегелегендей, саңқылдаған үнмен зілдене айтты да, театрдан шалқақ басып шығып кетті, – деді.
***
Қатты опық жеп, аласұрған шақтарында таңды таңға ұрып, кітап оқыды. Негізі, осы дағдыға баулыған Нұрмахан Жантөрин ағасы болар-ау. О кісі кейде Кеңесті әлдебір сирек кітаптарға жұмсайтын-ды. Соларды әкеле жатып «әй, бұлардың қатты қызықтыратындай не құдыреті бар екен?!» деп автобуста келе жатып парақтай отыра, біртіндеп кәнігі оқырманға айнала бастағанын аңдамапты. Ақселеу ағасы да ылғи небір қат кітаптарын ауысып тұрады. Міне, сахнада осы әдетінің де көп көмегі тиді.
Ертеректе Ебіней, Жайық ағалары бар, Ақселеу Сейдімбек пен әнші, актер Рамазан Баймағамбетов бесеуі Жақып Омаровтың кабинетінде бас қосқандары есіне түседі. Рамазан Павлодар облысындағы гастроль кезінде ескікөз адамдардан Иманжүсіп Құтпанұлы мен Естай Беркімбайұлының көпшілікке белгісіз кейбір әндерін жазып алып қайтыпты. Бәрі соны тыңдауға жиналған.
Әуелде ол іске жөн сілтеген Ебекең екен. Баяғыдан бір-екі студенті арқылы мән-жайды бақылап, іштей зерттеп жүріп, нақты бір ақсақалдардың мекен-жайын біліп алған соң әнді жазып алуды Ақселеу, Рамазан бауырларына ықтияттап тапсырады.
Кеңесті Қарағандыға алғаш келген күндерден таңырқатқан бір жәйт осы-тын – Ебіней Арыстанұлы химия саласы бойынша атағы әлемге жайылған ғалымдығымен бірге СССР Жазушылар одағының мүшесі екен. Сөйтсе, бұ кісі үлкен аудармашы болуымен қатар ірі жазушы да көрінеді. Енді мынандай зерттеушілігін аңдағанда таңдай қақпағанда қайтесің...
Ақселеу де Кеңеске гастрольге барғанда ел ішінде шежіре қарттар бар ма, жақсы әншілер, жыршылар кездесе ме, соларды байқай жүр деп ылғи өтінетін.
Ақселеу мен Рамазан ән мәтінін қағазға ықтияттап, қайта түсіру ісіне Кеңесті де қосты. Өйткені қаламы жүйрік және сауатты жазады. Рамазан шағын қара домбырасын күмбірлетіп, әуезді қоңыр даусын әуелете, тербей толғағанда бұл қолы жыпылдап, жазуға кіріседі. Мұның шатысып қалмай тез үлгерейін дегендей, бір сәт алақтап, әншінің аузына емінген түрін қызық көрген Ақаң бір езуден жымиып қойып, ортадағы коньякты оймақтай рөмкелерге құя бастайды.
Пиджагын орындық арқалығына іліп, жейдешең қалған Ебекең галстугін босатып, екі қолын қусырынып, Рамазан інісіне аңтарыла қарап отыр. Қызылшырайлы жүзі тершіген Жайық аға да бірінен кейін бірі тамылжи шырқалған әнді сонша беріле, тебірене тыңдайды.
Әлден мезгілде әуенге үнсіз құлақ түрген ол:
– Кезінде естіген екенмін. Бірақ әбден жоғалды-ау, енді қалпына келуі екіталай деп іштей уайым жеуші едім. Мынау бір сәті түскен шаруа болыпты ғой! Жарадыңдар, жігіттер! Тек кейбір сөздерін реттеу керек сияқты. Жаңсақтау айтылған жерлері бар, – деді.
Естайдың «Қоштасу» әніндегі:
– Апырай, қартайдым ба өтіп дәуір,
Менде жоқ жан ашитын туыс, бауыр,
Жұрдай боп замандастан қалдым жалғыз,
Осыны ойлағанда болады ауыр, –
деген тұсына келгенде Ебіней ағаның кірпігін жас шылады.
Неге тебіренді екен?
Сол сәтте Кеңес өзі де, қалай екенін, көз алдына алыста жүрген кішкене Қанаттың кескіні елестеп, жүрегі шым ете түсіп еді.
– Ғажап! – деді Ебіней аға кенет серпіліп. – Рамазан, енді сен Ақселеу екеуің текст әбден реттелген соң көп бөгелмей Алматыға аттанып, осының бәрін Қазақ радиосына жаздырыңдар. Міне, сонда ғана бірталай іс тындырдық деуге болатын шығар...
Ебекеңнің бұл тапсырмасы көп ұзамай-ақ орындалды. Оқиға республикалық деңгейде үлкен серпіліс туғызған.
Сол 1975 жылы ма екен, осы әндер туралы хабарды жазушы Ахат Жақсыбаев та естіп, Рамазанға: «Орындаған әндеріңіз керемет! Сондай інжу-маржан дүниені іздеп тауып, ел ризығына айналдырғаныңыз үшін көптен-көп рахмет айтқым келеді! Енді, мүмкіндік болса, Иманжүсіп әндерінің толық нұсқасын маған салып жіберуіңізді сұраймын» – деп хат жазыпты. Бірде досы қатты қуанып, осыны Кеңеске көрсетіп: «Байқайсың ба, біздің еңбегімізді жоғары бағалаған ағайынның саны көбейіп келеді. Бүгін-ертең мына жазбалардың бәрін жақсылап көшіртіп, жазушыға салып жібергелі отырмын» – деді.
Кеңес республикалық «Ленинская смена» басылымынан Ю.Рощин дегеннің Ебіней Бөкетов туралы «В соавторстве… с Хлестаковым» деген фельетонын қайта-қайта оқыған. Сол жағдай өте бір қисынсыз көрініп, мазасын алған-ды. «Ебекеңе сонша неге шүйлікті? Көздегендері не?!. Мұхиттағы кеме секілді осындай алып тұлғалардың да жаулары бола ма?» деп таңырқады.
Жұртшылық бұ кісінің өңірде алғаш ірге көтерген Қарағанды университетінің алғашқы ректоры ретінде оқу орны ғимараттары мен студенттер жатақханасы, оқытушы-профессорлар құрамына арналған тұрғын үй салу кезінде таңертеңнен кешке дейін құрылыс басында жүргенін аңыз қылады. Қай істі қолға алса да шыңына жеткізе атқаруға күш салатын жетекші мәскеулік ықпалды достарының көмегі арқылы аудиториялар мен зерттеу орталықтарын дүниедегі ең озық құрал-жабдықтармен жасақтапты. Одан іле-шала Бүкілодақтық химияшылар кеңесін өткізеді. Сол дүбірлі жиында өзінің жасанды мұнай алу әдісі туралы жаңалығын жариялап, жан-жақтан келген әріптестерін таң қалдырған. Білім шаңырағындағы ғұмыры бітпейтін әкімшілік шаруа түйткілдері ол бар. Бұған қоса түн қатып, әлем классиктерінің шығармаларын қазақшалайды, өз дүниелерін жазады. Қалт еткенде университет пен облыстық театр арасын жол қылып, халық композиторларының ән-жырын түгендеп, елдің рухани мұрасын жинақтауға жан салып жүргені мынау. Ал осындай жанкешті адамның біреулердің алдында қоқиланып, күпиюге, кеуде қағуға қолы тие ме?
Жоқ, Ебекеңді мақтаншақ, мансапқұмар адам деу тіпті санаға сыймайды екен. Өзінің жаны қандай таза, жүрегі неткен нәзік еді! Және батыр тұлғалы болғанымен баладай аңғал, өте қорғансыз адам сияқты. Өткенде ән тыңдап отырып көңілі неден босады? Бұ кісіде ұл жоқ деп естуші еді. Соған қамыға ма... Әлде тірліктің өзге бір түйткілдері қинай ма?..
Ебекең аударған «Макбет» пьесасындағыдай тақ таласы, бақ таласы осы кісінің өз басына да түскендей күрделі кезең еді. Сонау фельетон алғашқы соққының басы ғана екен, осыдан соң-ақ астанадан университетке комиссиядан-комиссия келіп, неше қилы пәленің бәрін жауып, оқу орны басшысының басына қара бұлт үйірген. Қыр соңынан қалмай, жалалы жазбаларды Одақ деңгейіндегі басқа да басылдымдарға жариялаған. Тіпті, оны диссидент деп мәлімдеген.
Ебіней Бөкетов ақыры солайша ректорлық қызметтен босатылды.
Әйтеуір, қаладағы көмір химиясы лабораториясының меңгерушілігі жұмысын беріпті.
– Қалым жаман емес, Кеңес, – деді таудай аға актер інісіне күле қарап. – «Алланың әрбір ісі берекетті» дегенді білесің ғой. Сол рас екен. Бос жатпай, көптен бері мазаны алған «Досыма алты хат» деген кітап бар еді, соны тиянақтап тастадым. Ғылымда да талайдан аяқсыз қалып жатқан тәжірибелерден нәтиже шығып, қуанып жүрген жайым бар...
Сөйтсе, Ебіней аға ертеден-ақ Сарыарқа даласындағы Майкөбен, Шұбаркөл көмір разрездеріндегі қуаты төмен көмірден жанармай мен дизель қоспасын алуды, кейін осыны біртіндеп авиациялық моторларға қолдануды армандаған көрінеді. Өзі: «Бұған көп нәрсенің қажеті жоқ. Жоғары қысымды бір насос болса жеткілікті» депті.
Бірақ амал не, дәрежесі төмендетіліп, биліктің қаһарына ұшыраған адамға қатардағы қойма бастығының өзі іске қажетті аспапты босатпапты. Кейін белгілі болғанындай, жоғарыдан «Бөкетовке бізсіз ештеңе бермеңдер» деген нұсқау түскен екен. Академик:
– Осындай ғана кейбір кедергілер болып тұр. Дегенмен, оқасы жоқ. Бір лажы табылар, – деп сөзін жалғап, ауыр күрсініп қойды.
Кеңестің қолынан не келсін, абзал жанға жәрдем жасай қоятындай дәрмені болмай, іштей налып, ағасымен қоса мұңайғандай күйге түсіп еді.
Кейінірек бір естігенінде, Ебекеңнің әлгіндей қысастыққа да қарамастан, жасанды мұнайды ақыры ойлап тапқанын білді. Содан обком ғимаратына алып-ұшып жетіп, әлгі өнімі құйылған титтей құтысын көрсетіп, сүйінші сұрапты. Ең өкініштісі, ондағы шенділер ғажайып жаңалыққа қызығуы былай тұрсын, «мына кісі жын қаққан ба?!» дегендей, тіксіне қарап, бастарын шайқапты...
Аты төрткүл дүниеге таныс ғалымның көңілі су сепкендей басылғаны түсінікті, әрине. Қайдағы бір кеңкелестердің алдында алтын басын қор қылған қайран ағатай-ай!..
– Негізі, лаборатория меңгерушілігі – студент аудиторияларынан кешелері ғана келген жас маманға берілетін қызмет дәрежесі еді, – деді Ебекеңмен жақын араласқан ағайындарының бірі Кеңеспен тілдесіп қалған сәтте. – Бірақ, құданың құдіреті, ғылымға шексіз берілген ағай осыған керемет қуанды ғой! 1983 жылдың қараша айының соңы ма екен, Ебекеңе бара қалдым. Жер үйде тұрады. Ағамыз сыртқа сыр білдірмегенімен, әбден титықтап, жүдеңкіреп жүрген кезі-тін. Алдында, тіпті, екі рет инфаркке түскен. Өте денелі адам, үстіне қара күпәйке, баста ескілеу малақай, аулада қорбаңдап, бірдеңе істеуге әрекеттеніп жүрді. «Не істегелі жүрсіз, Ебеке?» – деп сұрамаймын ба. – «Бүгін үйге алыстан бір меймандар келмекші еді. Сол үшін от жағып, қойдың басын үйтпекшімін...». – «Кәне, маған беріңіз бәрін. Мен-ақ үйтіп тастайын ол басты!..».
Сол жолы Ебекең жанған отқа тесіле қарап отырып, бұл інісіне осы күнге дейін өзінің оннан астам ғылым докторын, жиырма-отыз кандидат даярлағанын, оларды өзі тәрбиелеп-өсіріп, кафедра меңгерушісі, декан дәрежесіне көтергенін, бірақ солардың бәрі кейін алапес көргендей бұдан безе қашып, мүлде жоламай кеткенін айтып налыған екен.
Алматыдағы достары да кілт тыйылыпты. Жақын араласқан белгілі қаламгер ағайындар да тырс етіп хабарласпай қалыпты. Олжас Сүлейменов қана ешкімнен тайсалмай келіп, қал-жағдайын біліп, амандасып қайтыпты.
Мәселе мәнісіне бойлай келсе, әлгі сұрқай фельетон Ебіней Арыстанұлының Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының президенттігіне өз кандидатурасын дер кезінде алып, оны биіктегі тиісті орындарға тезірек мәлімдей қоймағанына «жауап» ретінде жазылған дүние көрінеді. Ал президенттік лауазымды өзге бір «дөкей» ертеден-ақ көздеп, іштей «иеленіп» қойыпты ғой. Міне, осыдан кейін-ақ ең басты қарсыласты «тепкілеу» басталады...
Ебекеңнің күн сайын таңертең үйінің жанындағы бақта Дос деген сырттан итін ертіп алып, бір сағаттай серуендейтін әдеті бар-ды.
Бір күні қыдырып жүрген академиктің жүрек талмасы ұстаған секілді, кенеттен екпеттеп құлағанын сонадайдан кездейсоқ көріп қалған көршілері жедел жәрдем дәрігерлерін шақыртады. Олар лезде-ақ жетіпті. Бірақ, сұмдық болғанда, әлгі ит абалап, алдыларынан қарсы жүгіріп, жолатпай қояды. Иесіне адал мақұлықтың: «Тірісінде жұлмалап маза көрсетпеп едіңдер. Енді, тым құрыса, тыныш өлуге мұрсат беріңдер!» дегені ме, кім білсін...
Сөйтіп Ебіней аға да кетті... Елу жеті жасында...
Алматыдан Ақселеу Сейдімбек ұшып жеткен.
– Құрттық қой! Асыл ағамызды құрттық қой! – деді ол еңкілдеп жылап тұрып.
Кеңестің де кірпігінен екі тарам жас сорғалады.
***
2009 жылы күзге қарай Ақселеу Сейдімбектің өзі де кетті...
Жаманат хабарды естігенде төбесінен жай түскендей мәңгірді. Екі айдай бұрын ғана кездескен-ді.
Алдында актер інісі Қайрат Кемалов арқылы: «Кеңес маған хабарлассыншы. Ақылдасатын жұмыс бар еді» деп сәлем айтқан екен.
Бұл қоңырау шалғанында:
– Кеңесжан, көзбе-көз отырып сөйлесетін шаруа болып тұр. Қолың тигенде Астанаға келші, – деді.
Ертеңіне-ақ автобусқа отырып жеткен. Шілде айы-тын. Ақаңның кел деген жеріне барса, еңселі ғимарат алдындағы көлеңкеде Әбіш Кекілбаев екеуі сөйлесіп тұр. Барып, қол беріп амандасты.
– Кеңес, келгенің жақсы болды. Қазір үйге барып әңгімелесейік. Сен машинаға отыра бер, – деді сонадайдағы автокөлік тұрағы жиегінде күтіп тұрған шопырын нұсқап. Мен қазір...
Көңіл күйі жоқ секілді. Қабаржыған бойы Әбекеңе айтқан сөзін жалғастыра берді.
Кеңес ұзап бара жатыр Ақселеу ағасының:
– Сонда менің қолыммен от көсемекші ме?! Жел қай жақтан соқса да, тарих тарих болып қалуы керек қой! – деген сөзін анық естіді.
– Әрине! Тарихты бұрмалауға қақымыз жоқ, – деді қатты қабаржыған Әбіш аға да.
Мұның: «Қайда жүрсе де, қашанда елдіктің жайын қузаған қайран ағаларым-ай!» деп сүйсінбесіне лажы қалмайды. Екеуінің әңгімесін толықтай тыңдамағанымен, халық тағдыры төңірегінде жан күйзелтіп тұрғанын аңғарған еді. Олар осынау қысқа ғана лебіздері арқылы да талай салмақты ой, керемет асқақ рух сыйлап үлгергендей-тін.
«Жел қай жақтан соқса да, тарих тарих болып қалуы керек қой!». – Бұл сөзді қайдан естіп еді? Е-е, мұны Әлімхан Ермеков Сәбит Мұқановқа айтқан: «Жоқ, дәуір өзгерсе де, тарих ешқашан өзгермеуге тиісті!»... Осыны баяғыда Ақселеудің өзі әңгімелеп берген еді-ау!..
Бір кезде көліктің есігін ашып, Кеңестің қасына келіп отырды.
– Қалай жеттің?
– Жақсы жеттім. Қарағандымен екі аралықтағы жол тақтайдай сайрап жатыр.
– Біраз күттіргеніме ренжіме...
– Е, оқасы жоқ, Ақа.
Лыпылдаған көлік жүйткітіп, үйге те жеткізді. Жеңгей мұның келетінін біліп, қазан көтеріп қойыпты.
Ақаң дәм үстінде шақыртуының мәнісін айтқан. Бір сыйлы досы бабаларының тойын өткізбекші көрінеді.
– Соған сценарий жазып берші. Сен дала сахнасын жасауға да шебер емес пе едің. Телефонмен ежіктеп түсіндіріп тұратын емес, өзіңе кел деуімнің себебі сол. Іс мейлінше ұғынықты болу үшін той алаңының да кейбір өлшемін сызып көрсетпесем болмас. Әнші, күйшілерді өзім алып барамын. Сен Қайрат бастаған екі-үш артисіңді қосарсың. Еңбегіңді жемейді. Бәрі келісілген...
Іле-шала той да өтті. Сонан көп ұзамай-ақ әлгі хабарды естіді.
Ақселеу ағаның да сонау сәтте әлденеге жүрегі ауырғанын пайымдайды.
Қайран не... Елдің бағына туып, ұлт руханиятына мол мұра қалдырған атпал арыс еді...
Құлтөлеу МҰҚАШ